Науқас көп, дәрігер жоқ

Шу қалалық емханасындағы маман тапшылығын қалай шешуге болады?

0 64

Өткен жылы басталып, әлемді бір тарының қауызына сыйдырған коронавирус індеті дәрігер қызметіне адамзаттың қаншалықты зәру екенін айқындап берді. Алдымен денсаулық болмаса, өзгенің бәрі бекер екеніне тағы да көз жеткіздік. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев өткен жылы халыққа арнаған Жолдауында медицина саласына айрықша басымдық беріп, алда тұрған міндеттерді айқындап берді. Жалпы тәуелсіздік алғалы адамдардың баға жетпес байлығы – денсаулығын, өмір сапасын жақсарту мақсатында мемлекет тарапынан атқарылған жұмыстар ұшан-теңіз. Салаға бөлінетін қаржы көлемі де жыл санап артып келеді. Алайда мемлекеттік қолдау артқанымен, білікті кадр жетіспеушілігі әлі де өзекті күйінде қалып отыр.

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтың айуынша, Тараз қаласында 176, аудандарда 72, облыс бойынша 248 медицина маманы тапшы.
Ал бір ғана Шу қалалық емханасында 13 маманның жетіспеушілігі талай іске қолбайлау болып отыр екен.
– Медицина саласындағы маман тапшылығы еліміз бойынша маңызды мәселе. Ал біздің қалалық емханада қазір 13 дәрігер жоқ. Атап айтқанда, методист дәрігер, аудит дәрігер, эксперт дәрігер, акушер-гинеколог, рентгенолог, УДЗ дәрігері, функционалдық диагностика маманы, терапевт, дерматовенеролог, салауатты өмір салтын сақтау маманы, жалпы тәжірибелік дәрігер, педиатр, онколог мамандар тапшы. Қызмет атқарып жүрген 5 терапевт, 2 жалпы тәжірибелік дәрігер мен 6 педиатр бар. Осы мамандардан кезекшілік тағайындап, жеткіліксіз дәрігерлердің қызметін қоса жүктеп отырмыз. Ал өзге мамандардың қарауына келетін науқастарды келісімшарт арқылы бірлесіп жұмыс істейтін басқа медициналық мекемелерге жіберіп отырамыз, – дейді Шу қалалық емханасының бас дәрігері Нұрбол Жолдасов.
Яғни шулық науқастар дертіне дауа іздеп, әлі де Тараз, Алматы қалаларына сабылып жүр. Мұндай келеңсіздікті қала тұрғындарынан да естідік. Ауданда әсіресе онколог маманға сұраныс өте жоғары екен. Кейінгі жылдары елімізде қатерлі ісікке жас, кәрі демей шалдығушылардың қатары көбейіп келеді. Және аталған ауру өмір бойы емделуді талап етеді. Емделгеннен кейін де онколог дәрігерге уақытылы қаралып тұруы керек. Сондайда білікті маманды іздеп, қайта-қайта облыс орталығына бара беру де науқас жанға оңайға соқпасы анық. Қала тұрғындарының мұңын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутатына жеткізген аудандық жастар ресурстық орталығының қызметкері Байжан Емберді:
– Біраз уақыттан бері дәрігер мамандардың жетіспеушілігі аудан халқына қиындық туғызып келе жатқандықтан жақында біз ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымовамен әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде сұхбат жүргізгенбіз. Сонда Гүлдара Алданышқызы: «Медицина кадрларының тапшылығы еліміздің біршама аймағында өзекті мәселе. Жамбыл облысында да күн тәртібінде тұр. Осы мәселені шешу мақсатында Үкімет басшысының орынбасары Ералы Лұқпанұлына жолдаған депутат­тық сауалымда «Дипломмен –
ауылға!» бағдарламасының кадр тапшылығы мәселесін шешуде осал екендігін атап өттім. Өкінішке қарай, бағдарламаға моноқалалар кірмейді. Шағын қалаларды да бағдарламаға кіргізу керек және жас мамандарға үстемеақылар, пайызы төмен несиелер секілді тағы басқа әлеуметтік пакеттер ұсынылуы керек. Аталған ұсыныстарымды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған сауалымда нақты көрсеттім. Алдағы уақытта оң нәтижелер болады деп сенемін», деді. Гүлдара Алданышқызының депуттатық сауалынан кейін түйінді мәселе шешіледі деген ойдамыз, – дейді Байжан Емберді.
Иә, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы елді мекендердегі тұрғындарды сапалы медициналық қызметпен қамтуға оң ықпалын тигізіп келеді. Алайда баянды бағдарлама аудандық емханадағы маман тапшылығын шешуге әзірге ықпалын тигізе алар емес.
– Қалалық ауруханалардың жас мамандары үшін тұрғын үй сатып алу және «Дипломмен–ауылға!» бағдарламасы бойынша әлеуметтік көмек көрсету үшін бюджеттік кредит беру мүмкіндігі жоқ. Себебі моноқалалар ауылдық округ статусына кірмейді.
«Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының салалық Заңы (18-баптың 8-тармағы) ауылдық елді мекендерге ғана жұмыс істеуге және тұруға келген әлеуметтік сала және агроөнеркәсіптік кешен мамандарын қолдауға бағытталған. Яғни «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы ауылдарға мамандарды тартуды, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздейді. Сондықтан тек ауылдағы мамандар ғана қолдауға ие бола алады. Қаладағы ауруханалар бұл статусқа кірмейді.
Қазіргі уақытта халқы 10 мың адамнан кем шағын қалалардың мәртебесін өзгерту тетігін заңнамалық айқындау мәселелері де пысықталуда. Қалалық елді мекеннің мәртебесі ауылдық елді мекенге өзгерген жағдайда, олардың мамандары бұдан әрі Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары мен тиісті үстемеақылар ала алады.
Сондай-ақ қалаға келетін мамандар үшін жоба шеңберінде әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну ауылдық жерлерден мамандардың кетуіне және кадрлар тапшылығының одан әрі ұлғаюына әкелуі мүмкін екенін ескеру қажет, – дейді облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова.
Яғни шулықтар бағдарламаның шарапатын көре алмайды. Енді қайтпек керек? Бұл сұрақтың жауабын облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысынан білдік.
– Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ медициналық университетінің ректоры арасында жасалған меморандум аясында аталмыш оқу орнының филиалы Тараз қаласында ашылды. Бұл кадр тапшылығын төмендету үшін бастапқы алаңға айналады. Бірақ бұл жеткіліксіз. Жас мамандарға тұрғын үй беру, облыс орталығы деңгейінде де, аудандық деңгейде де көтермеақы төлеу секілді әлеуметтік қолдау қажет. Сонымен қатар студенттерді, резиденттерді мақсатты оқыту үшін облыс әкімінің қосымша гранттары қажет. Мұның барлығы таяудағы 5 жылға есептелген, – дейді Әсет Әскерұлы.
Айта кетейік, бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған емханада бұдан өзге де мәселелер бар екен.
– Емхананың бас дәрігерлік қызметіне жақында ғана келдім. Емхана ғимаратына күрделі жөндеу қажет. Және ғимарат 5 қабаттан тұрғандықтан жеделсатының қажеттілігі туындауда. Осыған дейін үлкен мәселе болып келген рентген аппаратын орнаттық. Аппаратты электр қуатымен қамтуда кедергілер кездесті. Ол да шешілді. Жақында ғана іске қосылды. Енді тапшы мамандармен қамту жолдары ойластырылып жатыр, – дейді аталмыш емхананың бас дәрігері Нұрбол Ошанбайұлы.

Келер күннен күткен үміт ақталып, мәселе түйіні оңтайлы шешіліп, тұрғындар қажетті қызметін қиналмай алса екен дейміз. Ауру жанға батқанда, басқа аймаққа бару да оңай болмасын ескерейік. Рас, қазір медицина саласына билік те назар аударып, заманауи техникалар бағасының қымбаттығына қарамай материалдық-техникалық базаны жақсартып жатыр. Дегенмен аппарат тілін білетін маман болмаса, құр құралдан не пайда?..

Қамар Қарасаева,

Шу ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.