Наурыз бен маусым аралығында 95 мың жамбылдыққа вакцина салынады

0 3

1 ақпаннан бастап елімізде коронавирусқа қарсы жаппай вакцинация жүргізілуде. Облыста  18-64 жастағы 659  722 тұрғын бар, оның ішінде қарсы көрсеткіштері мен олардың ерікті бас тартатындарын ескере отырып, (шегерім 10%), вакцинациялауға 593 700 адам жатады деп жоспарлануда.

Ақпан айында бірінші партиямен Ресейлік «Спутник V» вакцинасымен 5000 адамды, наурыз-маусым айлары аралығында 95 000, қалған 493 700 облыс тұрғындарын отандық өніммен   егу жоспарлануда.

Осылайша, жыл соңына дейін халықтың шамамен 60 пайызының екпемен қамтылуы ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, келесі жылы локдаунсыз, карантинсіз өмірге оралуға мүмкіндік туындайды деген сенім бар.

Бүгінгі таңда Жамбыл облысында 850 медицина қызметкеріне  ерікті түрде вакцина салынды. Екпе  салдыратын адам  алдымен дәрігердің тексеруінен өтіп, ерікті түрде вакцина алатыны туралы ақпараттық келісімге қол қояды. Егер ол барлық процедураларды жасауға келіссе, 21 күннен кейін вакцинаның екінші кезеңін алуы тиіс. Алғашқы доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, адам организміндегі антиденелер саны артады.  Облыста 22 ақпаннан бастап коронавирус инфекциясына қарсы  «Спутник V» вакцинасының екінші компонентін салдыру басталған.

Жамбыл облыстық көпбейінді  балалар ауруханасының инфекциялық блок бөлімшесінің меңгерушісі, инфекционист дәрігер Лиза Тұрғанова алғашқылардың бірі болып қалалық емханалардың бірінде вакцинаның 1 компонентімен екпе алған болатын. 21 күннен кейін дәрігердің тексеруінен өтіп, екпеге қарсы көрсетілімі жоқ екеніне көз жеткізілген соң, 2-ші компоненттің дозасымен егілді. Содан соң 30 минут дәрігер қарауында отырып, өзін жақсы сезінетіндігін және ешқандай кері әсерді байқамағандығын айтты.

«Вакцинациядан кейін денсаулығым зардап шеккен жоқ, реакциялар байқалмады. Нұсқаулыққа сай вакцинадан кейінгі күтіну тәртібін ұстануға тырысудамын. Мен облыстың жұқпалы аурулар қызметінің ардагері ретінде иммунопрофилактиканың маңыздылығын білемін және түсінемін. Негізі вакцинация – жұқпалы індеттермен күресудің тиімді шараларының бірі. 80-90 жылдары инфекциялық стационарлар «А» және «В» вирустық гепатиттерімен, қызылша, қызамық, эпидемиялық паротит, көк жөтел, сіреспе және басқа да инфекциялармен ауыратын науқастармен толықты, олар көбінесе пациенттер үшін мүгедектікпен немесе өліммен аяқталған. Иммунизация арқылы аталған инфекцияны жоюға және азайтуға қол жеткізілді. Біз тек қана екпе жұмыстарын жүргізу арқылы COVID – 19 індетін оқшаулай аламыз. Облысымызда тұратын халықтың кем дегенде 60% – ын егу – ұжымдық, популяциялық иммунитетті құру арқылы біз коронавирустың одан әрі таралуын тоқтата аламыз. Инфекционист дәрігер ретінде өз әріптестерімді, медицина қызметкерлерін, облыс тұрғындарын екпе алуға шақырамын. Осылайша өзімізді және өз отбасымыздың мүшелерін коронавирус инфекциясы сияқты қатерлі дерттен қорғаймыз!» – деді ол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.