Наурыз мерекесіне орай бірқатар нысан ашылды

0 1

22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні мерекесі қарсаңында Тараз қаласы мен Жамбыл ауданында бірқатар әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Жаңа нысандардың ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Сонымен қатар аймақ басшысы Тараз қаласында «Таза табиғат» жобасы аясында ұйымдастырылған тал егу акциясына үн қосты.

МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРҒА МОЛ МҮМКІНДІК

Бердібек Машбекұлы алдымен мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік-медициналық қолдау көрсету мақсатында «Мамыр» бауында бой көтерген «Асар» оңалту-сауықтыру кешенінің ашылуына қатысып, нысанды аралап көрді. Ауданы 200 шаршы метрді құрайтын орталық толықтай жаңа жабдықтармен қамтамасыз етіліпті. Бір күнде 60 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар нысанда 8 бағытта әлеуметтік қызмет ұсынылады. Кешенде сал ауруына ұшыраған балалар емделеді. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жұмыс орындары да ашылған.
– Құрметті жерлестер! Еліміз үшін ұлық мереке саналатын Наурыз мейрамы қарсаңында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығы ашылып отыр. Біз былтыр жұртшылыққа «Зербұлақтағы» нысанды «Мамыр» бауына көшіріп, үлкен орталық ашу жөнінде уәде берген болатынбыз. Бүгін сол уәде орындалып отыр.
Бұл негізінен бірінші кезең. Келесі кезең де өз жалғасын табатын болады. Атап айтсақ, мұнда монша, бассейн, иппотерапия секілді басқа да бірқатар нысан құрылысы жүргізіледі. Қазіргі уақытта сал ауруына ұшыраған балаларды аяққа тұрғызуда осы секілді орталықтар маңызды роль атқарып отыр. Жан-жақты, заманауи тұрғыда қызмет ұсынатын кешенде науқастар атқа міну арқылы да емделмек.
Осы орталықты ашуға, құрылысты жүргізуге, нысанды жабдықтауға қол ұшын берген кәсіпкерлер мен кәсіпорын басшыларына, құрылысшыларға үлкен алғыс айтамын. Өйткені нысанға бюджеттің бір тиыны жұмсалмай, демеушілердің қаржысына салынды. Кешен ресми түрде ел игілігіне берілгенше істің басы-қасында бір топ мүмкіндігі шектеулі азаматтар жүрді.

Олардың ерік-жігері, 12 мүшесі сау адамның кейбірінің қолынан келмейтін қабілеті мен атқарып отырған тірлігі кез келгенімізге үлгі. Сондай азаматтың бірі – осы оңалту-сауықтыру кешенінің директоры Руслан Төлегенов. Біздің ең негізгі мақсат-мүддеміз – осында келген науқас балаларды емдеп шығару және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қарым-қабілетіне қарай жұмыс орнын ашып беру. Мәселен қазірдің өзінде мұнда қосымша 51 жұмыс орны ашылып отыр, – деді Бердібек Машбекұлы.
Орталықта мүмкіндігі шектеулілердің оқуына, кәсіппен айналысуына барлық жағдай жасалыпты. Соған орай екі бөлек ғимарат ішінен 30 кабинет,
8 шеберхана ашылып, арнайы тігін машиналары, лазер, тоқу, фрезер, ұнтақтағыш, бұрғылау станоктары, оқу жиһаздары, соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдық қойылған. Алып кешеннің негізгі демеушісі «Айқын МСБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екен.
– Орталық ел азаматтарының ауызбіршілігі мен облыс әкімдігінің қолдауының арқасында салынды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар бір нысанда кәсіп үйреніп, іс бастаса, екінші ғимаратта балалар емделетін болады. Нысан көптің көмегімен бой көтергендіктен оған «Асар» деген атау берілді, – деді Р.Төлегенов.
Өз кезегінде Б.Сапарбаев орталық жұмысшылары және ем алып жатқан балалармен, ата-аналармен тілдесіп, нысанның ауласын аралап шықты. Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевқа алдағы уақытта орталық маңынан спорттық алаң ашу жөнінде тапсырма берді. Келешекте облыс аумағында осындай оңалту-сауықтыру кешендерінің санын көбейту қажеттігін де атап өтті. Сондай-ақ алдағы уақытта бой көтеретін иппотерапия әдісін қолдана отырып, мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтуға және емдеуге арналған жабық манеж құрылысымен танысып, нысанның іргетасын қалауға арналған капсуланы орнатты. Оңалту-сауықтыру кешенінің ауласына көпшілікпен бірге шырша көшетін отырғызды.
Бүгінде облыста мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бағытталған мақсатты саясат тиісінше жүзеге асып келеді. Аймақ басшысының бастамасымен бұл бағытта айтарлықтай жұмыстар қолға алынған.
Осы орайда айта кету керек, өткен жылы мүгедектігі бар балаларды оңалту және бейімдеу орталығы жаңа ғимаратқа көшірілген болатын. Ол үшін облыстық бюджеттен 170 миллион теңге қаралып, қосымша бөлінген 12 миллион теңгеге жиһаз және қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Нәтижесінде ондағы тәрбиеленушілер саны 40-тан 68-ге артты.
Сондай-ақ былтыр «Асар» оңалту-сауықтыру кешенінің құрылысы да басталған еді. Сол секілді 2020 жылдың тамыз айында «Атлетик» спорт кешенінің базасында оңалту орталығы іске қосылды. Қазір мұнда коронавируспен ауырған науқастар денсаулықтарын қалпына келтіруде. Дегенмен алдағы уақытта орталық кеңейтіліп, мүгедектігі бар адамдарды оңалтумен де айналысатын болады.

АҒАШ КӨШЕТІН ЕГУ – ДӘСТҮР ЖАЛҒАСТЫҒЫ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Үкіметке экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруға кірісуді тапсырамын. Биологиялық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалану жөніндегі ұзақ мерзімді жоспарларды бекіткен жөн.
Бес жыл ішінде орман алқабын­да 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады. Бұл еліміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді»,– деген болатын.
Облыс аумағында биыл 270 мыңнан аса тал-дарақ көшеттерін отырғызу жоспарының Наурыз мейрамында қызу қолға алынуы аталған мереке дәстүрін айшықтаумен қатар, Мемлекет басшысы тапсырмасының аймақта жүзеге асуының бір көрінісі. Мәселен 21 наурыз күні ұйымдастырылған республикалық «Бірге таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған сенбілік барысында Тараз қаласында 114 гектар аумақта 46 мың 584 ағаш көшеті отырғызылды. 434 гектар жер 306,8 тонна қалдықтан тазартылды. Акция аясында облыс әкімі Төле би көшесінің соңындағы Тараз қаласы әкімдігіне тиесілі 10 гектар аумаққа ағаш көшеттерін отырғызу рәсіміне арнайы қатысты. Бұл алқапқа негізінен 12 мыңнан аса көшет отырғызу жоспарланса, сол күні 6 мыңнан аса ағаш көшеті егілді. Бердібек Машбекұлы акцияға белсене қатыса жүріп, алқаптың суландыру жүйесін назардан тыс қалдырмады. Қала әкімдігінің қызметкерлеріне ағаш көшеттеріне суды көлікпен тасу қолайлы іс еместігін баса ескертті.
– Біз жыл сайын сансыз ағаш көшеттерін отырғызамыз. Өкінішке қарай, көбі суару жүйесі дұрыс болмағаннан және арнайы күтім жасалмағаннан кейін қурап қалады. Егер отырғызған көшеттер көгермейтін болса, онда жылда оны егіп несіне әуре боламыз? Сондықтан жоспар орындау үшін көзбояушылыққа салуды қойып, нақты іске көшуіміз керек. Бір тал ексек те өсіп-өнгенін қадағалау қажет. Мына алқаптың суландыру жүйесі дұрыс ойластырылмаған. Жақын маңда су ұңғымасы болса, сол жерден арық тартып, су жеткізу ісін қолға алыңыздар, – деді облыс әкімі.

ҚОНЫСТОЙ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

Бұдан кейін өңір басшысы №15 ықшамауданға барып, «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде құрылысы жаңадан аяқталған көпқабатты екі тұрғын үйді пайдалануға беру шарасына қатысты. Салтанатты іс-шарада аймақ басшысы қоныстой тойлау бақыты Наурыз мерекесіне тұспа-тұс келген тұрғындарды құттықтап, пәтер кілттерін тапсырды.
– Кез келген адамның жеке баспанасының болуы бәрінен де маңызды. Сол үшін еліміз халықты қолжетімді және сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету ісін мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырған. Осының арқасында бүгінгі күнге дейін Тараз қаласында көптеген тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, жұрт кезегімен баспанаға қол жеткізуде. Дәл қазір ел игілігіне берілгелі тұрған тұрғын үйлер де «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерді. Бұл тұрғындардың баспаналы болуына әртүрлі мемлекеттік бағдарламалардың қабылданып, ипотекалық несиелеу шарттарының жеңілдетілуінің жемісі екенін көрсетеді. Қазір аймақта пәтер кезегінде тұрған азаматтардың санын азайту үшін тұрғын үй құрылысын қарқынды жүргізуді қолға алып отырмыз. Бүгінде Тараз қаласында мемлекеттік тұрғын үй кезегінде 30 мыңнан астам азамат тұр. Кезекте тұрғандардың барлығын бір пәсте баспанамен қамтып тастау мүмкін емес. Десе де бұл мәселе ретімен шешімін табады, – деді Б.Сапарбаев.
Екі тұрғын үйдің де құрылысын «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіпті. Пәтер кілтіне ие болған тұрғындардың арасында 7 мемлекеттік қызметкер, 6 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен 15 толық емес және 2 мүгедек баласы бар отбасы бар.
Алдағы уақытта 28 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда.

ТУ ТҰҒЫРЫ – ЕГЕМЕНДІГІМІЗДІҢ АЙҒАҒЫ

Өңір басшысы келесі кезекте Жамбыл ауданына арнайы ат басын бұрды. Аталған аудандағы Бесжылдық ауылының тұсынан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік автодәлізінің бойынан ашылған Қазақстан Республикасы Туы саябағының ашылу салтанатына қатысты.
– Әрбір егеменді елдің өзінің мемлекеттік рәміздері болады. Әр мемлекет өз рәміздерін қастерлеуге, сақтауға, қадір тұтуға барын салады. Біздің де мемлекеттік рәмізіміздің бірі– көк байрағымыз, яғни Мемлекеттік ту. Еліміздің, елдігіміздің айшықты нышандарының бірі саналатын тұғырлы Ту ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына тарту болып отыр. Мемлекеттік туымыздың авторы Шәкен Ниязбеков Тастөбе ауылында дүниеге келіп, осы елді мекенде ер жеткен. Біз мемлекеттік туымыздың авторы жерлесіміз екенін әркез мақтан тұтамыз.
Салтанатты жиынға Түркістан облысынан ту авторының көзін көрген замандас інілері, достары арнайы келіп қатысып отыр. Ол кісілерге уақыт бөліп, салтанатты жиынға қатысқаны үшін алғыс айтамын, – деді Бердібек Машбекұлы.
Одан кейін Шымкент қаласының Құрметті азаматы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сайлаубек Шалқаровқа сөз берілді.
– Алматы қаласында жүргенімде Шәкен ағамен жақын араластым. Негізі әр рәміздің өз тарихы болады. Шәкен ағадан туды жасағанда қандай ойға, негізге сүйенгенін сұрадым. Ол кісі маған көк түс бейбітшілікті білдіретін болғандықтан аспан түстес ашық көк түсті таңдағанын айтты. Ал туда бейнеленген күн мен қыран құстың, тудың шетіндегі ою-өрнектің түсі сары болуын ол кісі әр мемлекеттің байлығы алтын, ал алтынның түсі сары болатынымен байланыстырды. Ту авторы қыран ең биікте самғайтын құс болғандықтан еліміздің мәртебесі әр кез биік болсын деген ниетпен таңдалыпты. Шәкен аға туды қазақ елінен бейбітшілік, молшылық, байлық кетпесін, қыран құс секілді көкте мәңгі самғасын деген мақсатта жасаған, – деді С.Шалқаров.
Аталған саябақ құрылысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүргізіліпті. Оған республикалық бюджеттен 39 миллион теңге қаржы бөлінген. «МадГ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі саябақтан биіктігі 23 метр Ту тұғыры мен алаңшасын салған. Оның аумағы саябақтың 15 шаршы метрін алып жатыр.
Мемлекетіміздің айбыны, киесі, рухы, тәуелсіздіктің ең қастерлі нышанының бірі саналатын Ту тұғыры жерлесіміз – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туының авторы Шәкен Ниязбековтің құрметіне арнап орнатылды. Тағы бір жаңалық, енді Бесжылдық ауылы Шәкен Ниязбековтің есімімен аталатын болыпты.

ЖАМБЫЛДА – ЖАҢА МЕКТЕП

Жамбыл ауылында екі қабатты 100 орындық мектеп есігін айқара ашты. Ашылу салтанатына облыс әкімі арнайы барып қатысты. Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай тарту етілген білім мекемесінде Қостөбе мен Жамбыл ауылының балалары білім алып жатыр.
– Әр мемлекеттің болашағы, дамуы оның білімді, денсаулығы мықты азаматтарына байланысты. Сол үшін әр мемлекет білім, денсаулық, мәдениет саласына баса көңіл бөледі. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында аталған салаларда қандай тірлік атқарылғаны көз алдарыңызда. Біз де Мемлекет басшысының берген тапсырмасына сәйкес өңірдегі білім саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға барынша күш салып келеміз. Былтыр өңірде 23 нысанның құрылысын бастасақ, бүгінде оның 13-і пайдалануға берілді. Соның бірі – осы білім ошағы. Өткен жылы осы ауылға келген кезімде ескі мектептің жағдайын өз көзіммен көріп, жаңа мектеп салу жөнінде ұйғарым жасаған едік. Жаңа нысан жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл мерейтойына орай беріліп отыр, – деді аймақ басшысы.
Нысанның ашылу салтанатынан кейін облыс әкімі екі қабатты ғимаратты аралап, пән кабинеттерімен танысты. Ондағы 18 оқу сыныбы, шеберхана, спортзал мен ашық спорт алаңшасы, асхана бейнебақылау камераларымен жабдықталыпты. Мектепті аралау барысында аталған білім ошағының төменгі сынып оқушылары арнайы пісірілген қазақтың ұлттық тағамдары, оның ішінде бауырсақ түрлерін, оның қалай дайындалатынын көпшілікке таныстырды. Бір топ өнерлі оқушылар Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін нақышына келтіре орындады.
Ауыл тұрғындары көптен күткен тілектерінің орындалғанына қуанышты. Бұл білім ордасының салынуы үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында қазына қаржысынан 479 миллион теңге жұмсалыпты. Мұндай ел игілігі жолындағы айтулы шаруалар қарқынды түрде жалғасын таба беретін болады. Өйткені тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, аймақ экономикасын көтеру – баршаға ортақ міндет.

Leave A Reply

Your email address will not be published.