Наурыз-тілек

0 0

Дүйсен ДІЛДӘБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің оқытушысы:

«Ұлыс оң болсын!»

– Түркі тілдес халықтардың ортақ тарихының бір дәлелі саналатын Наурыз мерекесін әр ел өзінше тойлағанмен, барлығы бір мақсатқа үндейді. Наурыз – халықты татулық пен бірлікке шақырады.
Ұлттық салт-дәстүрмен сабақтас Наурыз мейрамы қандай қиын-қыстау кезеңде болмасын қазақтың санасынан өше қойған жоқ. Тіпті бағзы замандардан тойланып келе жатқан Наурыз мейрамына кешегі Кеңес өкіметі «діни мереке» деп тыйым салғаны да есте. Халық дабырлатпай-ақ наурызда бір-бірімен көрісіп, «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», «Жыл құтты болсын!» деп мәз-мәйрам болысатын, әжелеріміз үлкен қазанға наурызкөже пісіріп, ауыл-аймаққа дәм татқыздыратын. Ауылдарда наурызкөже дайындамайтын үй болмайтын.
Тәуелсіздік бастауы болып табылатын 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін ұлттық сана оянып, халқымызбен бірге жасасып келген Наурызға қайтадан бет бұрдық. Осы орайда ұлық мерекенің жалпыхалықтық сипат алуына қазақтың жанашыр азаматтары Өзбекәлі Жәнібеков пен Мұхтар Шахановтың үлкен еңбек сіңіргенін бұл күнде біреу білсе, біреу білмес. Мұхтар Шаханов 1988 жылы ұлық мейрамды мемлекеттік дәрежеде тойлау мәселесімен сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбинге кіреді. Кейін Мұхтар Шаханов көтерген мәселе бюрода қаралады. Алайда, сол жиында Шахановты екі-ақ адам қолдайды. Оның бірі сол кездегі Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, екіншісі ОК-нің идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков екен. Ал, бюроның қалған мүшелері түгелдей қарсы дауыс берген. Екіжақты тартыс ұзаққа созылып, ақырында Орталық Комитеттің бас хатшысы М.Горбачевтің араласуымен Наурыз мерекесі тойланатын болып шешіледі. Осылайша Алматының М.Горький атындағы саябағына 100 мыңнан астам адам жиналып, жоғары деңгейде өтеді. Ал Мұхтар Шахановтың сол жылы жазған «Сәлем Наурыз!» өлеңі қастерлі мерекеге деген халықтың сағынышын көз алдымызға келтіреді.
Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз күні қазақ халқымен бірге жасай берсін! Берекеміз ортаймай, бірлігіміз бұзылмасын.

Динара Нұралиева,
«ВЫНХУА» дүнгендер этномәдени бірлестігінің мүшесі, облыстық ҚХА аналар кеңесінің өкілі:

«Бірегей Бірлік мерекесі»

– Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толуымен бірге, еліміздегі елеулі оқиға- Конституциямыздың 25 жылдығын атап өтеміз. Бұл барлығымыз үшін маңызды күндер. Тәуелсіздігімізді алғалы 29 жыл ішінде Қазақстан халқының бір-біріне деген сүйіспеншілігін, нағыз бірлік пен патриотизмнің белгісін, өз жеріне және халқына, оның мәдениетіне, жалпы құндылықтарына, мақсаттары мен міндеттеріне деген сыйластығының барына нақты көз жеткіздім.
Ал осы айда қарсы алатын Ұлыстың ұлы күні өз алдына бір төбе. Қазақы жыл бастауын жамбылдық жұртшылықпен бірге, өзге ұлт өкілдері де асыға күтуде. «Тілі басқа болса да, тілегіміз бір» деп білетін ұлт пен ұлыстар әз-Наурыз мерекесін жылда жоғары деңгейде қарсы алуда. Биылға да жоспарланған шараларымыз аз болмаған-ды. Алайда, бүгінгі жағдайды ескере отырып, мерекелік кештер тоқтатылды. Десе де біз қазақы жыл бастауын бір үйдің баласындай қарсы алып, бір-бірімізді құттықтайтын боламыз.
Ұлыс оң, ақ мол болсын, құрметті жерлестер!

Мадияр Қарабаев,
«Nur Otan» партиясы Қордай аудандық филиалы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы:

«Жақсылық жылы болғай!»

– Наурыз – іргесі сөгілмес бірліктің ырысы төгілмес тірліктің мерекесі деп білеміз. Халқымыз ықылым заманнан бері бұл күнді ерекше күтіп, қуанышпен қарсы алған. Өйткені, бұл- қыстан аман шығып, төрт түлік көкке, халықтың аузы аққа ілініп, қорада мал төлдеп, жер көгеріп, әлем жаңара бастайтын шақ.
Ұлыстың ұлы күнінде өкпе-реніші, араздығы болған ағайын татуласып, бір-біріне ізгі тілегін айтқан. Сондықтан да елді еңбек пен тазалыққа, ынтымақ пен достыққа, бауырмалдыққа тәрбиелеуде Наурыз мерекесі таптырмайтын тәрбие құралы.
Біздің аймақта да Наурыз мерекесін ерекше дайындықпен, сән-салтанатпен атап өту дәстүрге айналған-ды. Дегенмен, әлемдік індетке айналған коронавирустың таралуы Ұлыстың ұлы күніне өз салқынын тигізуде. Алайда, бұған өңір жұртшылығы түсіністікпен қарап, жұдырықша жұмылған ынтымағын көрсетуде. Бұл індеттің алдын алу мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ еліне өз Үндеуін жариялады. Онда адамдар көптеп шоғырлануына жол берілмеуі туралы баса айтылды. Бұл аталмыш аурудың алдын алудың бірден бір жолы болып тұр. Сондықтан да облыс тұрғындарына елімізде жарияланған бір айлық төтенше жағдайға байланысты тәртіп сақтауға шақырамын.
Бірлігі жарасқан еліміз әркезде қиындықты еңсерген. Олай болса, жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы болған Наурыз мейрамымен елімізге жағымды жаңалықтар келгей! Наурыз мерекесі әр шаңыраққа бақыт пен береке, қуаныш, молшылық пен татулық алып келсін. Ұлыс оң болсын, ырыс мол болсын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.