Наурыз жыры

0 1

Әз Наурызым, жылдағыдай келдің бе,
Тік тұрғызып табиғаттың жарлығы.
Сені көріп дүр сілкінді ел мүлде,
Мейірленіп көк пен жердің барлығы.

Наурыз-мейрам мәре-сәре күй шығар,
Жылда жаппай тойлап жатса әз елім.
Тоба делік, тоғыз дәмнің иісі бар,
Құрамында тостақ толы көженің.

Жер анамыз көк өскінмен тойынды, ә,
Одан әрмен шыңға шықсын мейлі қар.
Бізге жеткен күн-сәуленің бойында,
Жаратқанның ақжарылқап пейілі бар.

Еміренсе емін-еркін ел күлмек,
Қариясы әр мекеннің көпке ата –
Шын көңілмен ақ сақалы желпілдеп,
Дастарқанға бейіл беріп ақ бата.

Үлкендерше көп нәрсеге мән бермей,
Айналаны төңіректер бала ойнап.
Киіз үйлер дулы тойын сәндердей,
Алтыбақан салса ауада дәл ойнақ.

Нау-наурызым, дер кезінде келдің бе,
Мың бүрлерін бұрқыратып ағаштың.
Даусы саздай жаңа туған төлдің де,
Иісі қандай түтіндеген тоқаштың.

Сыртқа лықсып топырақтың торқасы,
Көбейгендей табиғаттың қылығы.
Кеңге салар жер-дүниенің арқасын,
Әз Наурызым той біткеннің ұлығы!!!

Ілияс Ахметов, ақын,
Жуалы ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.