Наурызбектің құрылыс материалына сұраныс жоғары

1 553

Адамды есейтетін де, ер ететін де – еңбек. Адал табыс тауып, еңбектің көрігін қыздырып жүрген жастың бірі – Наурызбек Ахметов. Кәсіпкер Шу ауданында алғаш рет полистиролбетон шығаратын цех ашып, бүгінде сапалы өнімі аудан тұрғындарының қажетіне жарап отыр. Сондай-ақ өз үйінің ауласынан жылыжай салып, ауылдастарын қысы-жазы көкөніспен де қамтуда.

Мемлекет тарапынан іскер жастарға берілетін қайтарымсыз грант, жеңілдетілген несие сынды мүмкіндіктерді пайдаланып, кәсібін дөңгелетіп жүрген Наурызбек Таңжарбайұлы алғашында жеке кәсіпті ұсақ-түйек бұйымдарды сатудан бастағанын айтады.
– Семей қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде «Тау-кен өндірісінің экологиясы» мамандығын алып және әскер қатарында Отан алдындағы азаматтық парызымды өтеп келген соң мамандығым бойынша кен орнында эколог болып жұмыс істедім. Бірақ біреудің бұйрығымен жұмыс істей алмайтынымды түсінгеннен кейін жұмыстан шығып кеттім. Үйде де құр қарап жата алмадым. Сол кездерде кәсіп ашуға ниетті жастарға мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грант туралы естіп, толық ақпарат алдым. Сөйтіп, қайтарымсыз 505 мың теңге және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасымен
2 миллион 500 мың теңге грант алдым. Ол қаржыға өз үйімнің ауласынан 250 шаршы метр аумаққа жылыжай салдым. Ерте көктемде қияр, күзде салат жапырағы, аскөк, көк пияз ектім. Келесі жылы тағы да бизнес бастауға арналған өз жобамды қорғап, қайтарымсыз грант алып, құрылысқа аса қажетті әрі сапалы полистиролбетон шығаратын цехымды аштым, – дейді 26 жасар кәсіпкер Наурызбек Таңжарбайұлы.
Полистиролбетон ауыр соққыға сынбайтын сапалылығымен көптің сұранысына ие. Құрамында пенопласт, құм, цемент және түрлі қоспалар, желім болғандықтан үйдің ішін жазда салқын, қыста жылы ұстайды. Қабырғаға қалағанда сызат түспейді. Сыртынан бірнеше рет сылаудың қажеті де жоқ. Бұл құрылыс материалының сапалылығын сынаған бейнетүсірілімді Наурызбек ғаламтор желісінен көреді. Жақсы жаңалыққа құмартқан жас жігіт өнімді өз қолымен жасап көрмекке немере ағасымен ақылдасыпты.
– Расында, бұл тың дүние, тіпті инновациялық жоба десек те болады. Қызыққаныммен жалғыз өзім игере алмаспын деген оймен немере ағама бірлесіп жұмыс істеуді ұсындым. Ол кісі де құптап, қолдау көрсетті. Мұнда барлық жұмыс автоматты түрде жүргізіледі. Қазір қолмен атқаратын ауыр жұмыс жоқ. Керекті құрылғыларға және шикізатқа алғашқыда барлығы
6,5 миллион теңгені ағам екеуміз бірдей салдық. Цехта қазір ағам екеумізді қосқанда жеті адам жұмыс істейді. Бір кісі ғана 80 мың теңге айлықпен пенопласт үгітеді. Қалған төрт жігіт дайындалған материалды қалыпқа құйып, блокты әзірлейді. Олардың жалақысы күнделікті атқарған жұмысына қарай есептеледі. Жұмысшылар 250 мыңнан кем айлық алмайды.
Ал қажетті құрал-жабдықтарды Ресейден алдырып, цехты наурыз айында іске қостық. Бір айдай өнімдеріміз ойдағыдай шықпады. Ауа райы да қолайсыз болып, өніміміз уақытылы кеппеді. Кейін әдіс-тәсілдерін жетік меңгеріп алғанда бәрі де ойдағыдай шығатын болды. Әрі тез кебеді. Сұраныс өте жоғары. Тіпті бір ай алдын ала тапсырыс қабылдап та қоямыз. Бастапқыдағы табыс түсе қоймаған күндерде де жігеріміз жасыған жоқ.
Алғашқы жылдар кез келген жаңа іс үшін бейімделу шағы ретінде жүреді. Табысты кәсіпкер болуды мақсат еткен адамға табандылық, ешбір қиындыққа жасымас жігер керек. Және білім аса қажет. Маған мектептен, колледжден алған біліміммен қоса, «Бастау бизнес» жобасы бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан алған дәрісім көп көмектесті. Сол жерде бізге сабақ берген барлық ұстаздарыма шексіз алғысымды білдіремін. Және де жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп отырған мемлекетімізге үлкен рақмет!– деген Наурызбек Ахметов өз замандастарына жастығына лайық жігер, мақсатшылдық керегін де жеткізді.

Қ.РАХМЕТУЛЛИНА,
Шу ауданы

1 Comment
  1. Азамат says

    Ісеңе береке берсін бауырым

Leave A Reply

Your email address will not be published.