Наурызда ғана еске түсетін ескі салт болмаса екен…

0 2

Қазақ халқы байырғы заманнан табиғат тағылымдарын кие тұтып, ырым-тыйымдарға сенумен келген. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басып, тұрмыс-тіршілігін табиғатпен тығыз байланыстырған. Ал көктемнің алғашқа айы наурызды қараңғылықтың жарыққа, қараның аққа, сордың баққа, кесірдің киеге, жоқтың барға ауысатын кезі деп білген.

Наурыз айында жыл ішінде мал-жан ауру-сырқаудан аман шықсын деп ауыл-аймақты және бойларын тазартып, адамдар жаңа таза киім киіп, шашын қысқартып, мойнындағы қарызынан құтылған. Сондай-ақ қазақша жыл бастауының алғашқы таңында «құты» дарыған кісі мол ырысқа кенеледі деп «Қызыр түнін» күткен. Таң бозарып ата бастаған сәтте үлкен-кіші демей толықтай биік жерге шығып, күнге тәу етіп, тілеуін тілеген. Ал Наурызнамада сойылған көк өгіздің қанымен балалардың маңдайына күн бейнесін бейнелеп, қасиетті жылдың құты дарысын деп ырымдаған.
«Көк қаулап өсіп, ақ мол болсын» деген ниетте «құтаю» рәсімін жасап, жаңа бүрлеген шыбыққа ақ бүркеген. Ал егер Ұлыстың ұлы күні жаңбыр жауса, оны «Нұр жауды» деп, ырысты жыл болатындығының нышанына балаған.
Наурыз күні қарға түскен құмалақ батып кетсе, көктем ерте шығады, ал батпай бетінде қалса, көктем 40 күн кеш шығады деп те болжаған. Сондай-ақ наурыз айында ауыл үлкендері «ақ мол болып, көпшілікке бұйыр­сын» деген ниетпен бір-бірін «қымызмұрын­дыққа» шақырған.
Міне, бұл қазақ халқының байырдан келе жатқан наным мен сенімдері.
Сонымен қатар бұл айда жасалатын ырым мен әдет-ғұрыптар да аз емес.
Айталық, ертеде аруақтар әлемінің разылығы үшін «иіс» рәсімі өткізілген. Яғни мұнда «жеті шелпек», «майшелпек», «жеті нан» пісіріліп, дүниеден өткендерге дұға бағышталған. Қазір бұл рәсім исламдық дәстүрмен астасып, «Құдайы күлше», «Құдайы нан» тарату рәсіміне ұласты.
Наурыз айындағы ырымның тағы бірі – «көрісу». Бұл қазақ халқының қуаныш пен қайғыдағы көңіл, ниет біріктіру ғұрпы. Яғни төс қағыстырып сәлемдесуде. Төс қазақша ұғымда «көкірек» дегенді білдірсе, ежелгі түркілер «көк-ірек» «көкке тиесілі қақпақ» деп білген екен. Осылайша ертедегілер төс қағыстыру арқылы көкірекке ұялаған жағымды ниеттер мен бастамаларды біріктіру, молайту деп пиғылдаған.
Наурызға қатысты ұмыт болып бара жатқан ырым – ол «бастаңғы». Бұл ырым көктен жаңа ырыс, жаңа уақыттың жаңарған кеңіске келуін тілеу, Жаратқанға құрмет көрсету әрі назарына ілігу үшін жасалған.
Наурыз айының 21-інен 22-сіне қараған түні таңның алғашқы сәулесін қарсы алып, таңға сәлем ету, жас сәулеге шомылу, алғашқы қуатқа кенелу рәсімін бабаларымыз ұмыт қалдырмаған. Ұлыстың ұлы күні жыл бастауын мерекелеуді осы шарамен бастаған.
Алтыбақанға жиналып, көңіл көтеру де қазақ дәстүрінде ырымға баланған. Яғни алтыбақанды күн мен түн, Тәңір мен іңір, құт пен жұт үйлесімінің белгісі деп Наурыз мейрамының алғашқы сәулесі атқан таңда ойнаған. Кейін бұл ырым жастардың топтаса мерекелік думан құратын ұлттық ойынына айналды.
«Аластау» немесе «шырақ жағу» ырымының бірнеше мәні бар. Біреулер бұл ғұрыпты Қызыр атаның жолына жарық түсіру деп сенсе, енді екіншілер шаңырақты лас қуат пен кір ниеттен тазарту, үйдегі құт пен ырысты, жылу мен ошақты қадірлеу деп пайымдаған. Тіпті аластау ырымын «аруақтар әлемін сыйлау, оларға құрмет көрсету» деп жеті шырақ жағатындар да болған.
«Ұйқыашар» ырымының да ұғымы тереңде. Бұл дәстүр көбіне үлкендері жоқ үйге жиналған жастар арасында жасалған. Наурыз түні жас жігіттер ұнатқан қыздарына сөз салып, болашақ жарын табуға асыққан. Ал қыздар жағы көңіл-қошы ауған серісіне емеурін білдіру үшін ең тәтті-дәмді тағамын әзірлеген. Осылайша өзі ұнатқан жігітке бойжеткендер бұл түні «Ұйқыңды аш» деген сылтаумен «Ұйқыашар» ұсынған. Ару тарапынан көрсетілген осындай құрметтен кейін жігіттер де қарап қалмай, «Селт еткізер» деген ниетпен әлгі аруға айна-тарақ, алқа-сырға, шолпы-шашбау сыйлаған. Осылайша күн мен түннің теңелген шағында жігіт пен қыздың жүректері де табысып, болашақ үлкен отбасын құруға алғашқы қадам жасалған.
Бертін келе әбден көмескіленіп, ұмыт болған ырымның тағы бірі – «белкөтерер». Бұл қариялардың ырыс таңын қарсы алу кезінде тамақтануына арналған мерекеге лайық ас мәзірі. Белкөтерер – әдетте, ауқатты отбасының қадірлі қарттарды шақырып, Қызыр түнін өткізуге арнаған қонақасы. Сол түні көпті көрген үлкендер өткен-кеткен қызықтарды әңгімелеп, ескі жылдағы жақсылықтарды еске алып, жаңа жылға болжам жасайтын болған.
Міне, осындай Ұлыстың ұлы күнінің ажырамас бір бөлігіндей әдемі салттарымыз бен әсем дәстүрлеріміз бар. Бұл ырым-жоралғылардың барлығы қазақ халқының жыл басын шексіз ырзалықпен, өлшеусіз үмітпен, келешекке деген зор махаббатпен қарсы алғанын білдіріп тұрғаны анық.
Әз Наурыз осынысымен де ерек, осынысымен де өміршең. Ендігі жерде дәл осы салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғыртып, Наурызда ғана еске алатындай ескі салт емес, шынайы өміріміздің айнымас бөлшегіне айналдырсақ, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.