Наурыздан – наурызға дейін…

0 0

Әз Наурыз мерекесі жыл басы саналады. Сәйкесінше қазақы күнтізбе де күн мен түн теңелетін осы бір ғажап мейрамнан басталады. Осы орайда «Наурыздан – наурызға дейін…» айдары арқылы жыл ішінде облыстың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріндегі елеулі оқиғалар тізбегін жасаған едік.

Наурыз
2019 жылдың Наурыз мерекесінде Тараз қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы орталық саябақта «BALQARAGAI» фито-бары ашылды.
Осы айтулы мерекеде жамбылдықтарға «Jastar aleIasy» пайдалануға берілді.

Сәуір
Тараз қаласында «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Сөз сайысында жуалылық Қанат Мырзахан топ жарды.
«Әулие-Ата» халықаралық әуежайына тұңғыш рет «Fly Arystan» бюджеттік компаниясының техникалық рейсі келіп қонды. Бағасы халыққа қолжетімді әуе компаниясы бүгінде облыс орталығымен республиканың өзге өңірлері арасында жолаушылар тасымалын жүзеге асырып келеді.

Мамыр
Жеңіс күні қарсаңында Тараз қаласында «Даңқ» залы ашылды. Аумағы 1500 шаршы метр болатын залда сұрапыл соғыс жылдарынан, сол кездегі тыл еңбеккерлерінің өмірінен сыр шертетін 1 миллион 500 мың фотосурет пен жәдігер топтастырылған.
«Бизнестің жол картасы –2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерге 3 миллион теңгеге дейінгі қайтарымсыз грант беруге конкурс жарияланды. Конкурс нәтижесінде 158 жамбылдық жас жалпы сомасы 324 миллион теңгені құрайтын грантқа қол жеткізіп, өз кәсібін бастады.

Маусым
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа жұмыс сапарымен келіп, бірқатар өндіріс ошақтары мен әлеуметтік нысандарды аралады. Сапар соңында облыс активімен жүздескен Мемлекет басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жоғары бағалады.
Түркістан облысы, Арыс қаласында орын алған апаттың зардабын жоюға жамбылдықтар алғашқылардың бірі болып атсалысты. Тараз қаласында 5 гуманитарлық көмек көрсету бекеті ашылып, апат орын алған күннің ертесінде-ақ Арыс қаласына 40 тонна азық-түлік және 60 тонна құрылыс материалын жөнелтілді.

Шілде
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Ғалымжан Қырықбай Италияның Неаполь қаласында өткен ХХХ-бүкіләлемдік жазғы Универсиада ойындарында топ жарды.
Сарысу ауданда «Жаңатас жел электр стансасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен қуаттылығы 100 МВт болатын жаңа стансаның құрылысы басталды.

Тамыз
«Әулие-Ата» халықаралық әуежайына тұңғыш рет«Mongolian Airlines» әуе компаниясының жүк тасымалдайтын ұшағы қонды. Сыйымдылығы 20 тонна болатын ұшақ «SCAT» әуе компаниясымен жасалған келісімге сай жамбылдық кәсіпкерлердің шығарған өнімдерін Иран, Ирак, Кувейт елдеріне тасымалдай бастады.
Жамбылдық құрылысшылар Арыс қаласындағы апаттан зардап шеккен тұрғын үйлердегі құрылыс жұмыстарын бірінші болып аяқтады. Апат аумағындағы облыстық штабқа бекітілген сектордағы 2 үй қайтадан салынып, қалған 309 үйге әртүрлі деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Қыркүйек
Қазақстан Республикасы Конституция күні және Білім күні мерекелерінде облыста 20 нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде 5 мектепте алғашқы қоңырау бірінші рет соғылса, Тараз қаласындағы 15-ықшам ауданында 80 пәтерлі 9 көпқабатты тұрғын үйде қоныс тойы тойланды.
Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру бойынша пилоттық жоба Үкімет отырысында қолдауға ие болды. Бұл жобаны жүзеге асыруға қазынадан 7,2 миллиард теңге қаржы қаралды.

Қазан
Облыстық «Знамя труда» газеті өзінің 100 жылдық мерейтойын тойлады. Облыс тұрғындарына ресми тілде ақпарат таратын басылымның алғашқы саны 1919 жылдың тамызында «Аулие-Атинский вестник» атауымен жарық көрген еді.
Тараз қаласында белгілі фотограф, облыстық «arai» газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабайдың «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деп аталатын фотопоэзия көрмесі өтті.

Қараша
Облыстың ақпарат айдынында өзіндік орны бар «Jambyl» телеарнасы өзінің 30 жылдық мерейтойын тойлады.
Меркі ауданындағы «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 100 гектар қызылша алқабынан 9000 тонна өнім жинады. Бұл облыстағы іргелі агроқұрылым үшін рекордтық көрсеткіш саналады.

Желтоқсан
Жастар жылы аясында Байзақ аудандық жастар ресурстық орталығына жаңа ғимарат берілді.
Облыстың 80 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Мерейтойлық шара барысында «Көне Тараз», «Тектұрмас»тарихи-этномәдени кешендері іске қосылып, бірнеше сәулеттік ғимараттар ел игілігіне айналды.

Қаңтар
Жамбыл ауданындағы Мұқан Төлебаев атындағы балалар өнер мектебі «Ауыл – ел бесігі!» жобасы аясында күрделі жөндеуден өткен ғимаратқа қоныстанды.
Тараз қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасына сай «ANTICOR» сервистік орталығы ашылды. Орталықтың ашылуына Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Шабдар қатысты.

Ақпан
Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру жобасы аясында он бір пилоттық ауылда құрылған кооперативтерге 194 дана ауыл шаруашылығы техникасы табысталды.
Тараз қаласында Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония мен Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының шығармашылық ұжымдары бірлесіп «Желсіз түнде жарық ай» атты концерт-композициясын көпшіліктің назарына ұсынды.

Наурыз
Тараз қаласында әлеуметтік тұрғыдан осал отбасы мүшелеріне заңгерлік, психологиялық көмек көрсететін «Бақытты отбасы» орталығы ашылды.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен татулық пен келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы іске асырыла бастады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.