Елбасы Жолдауы

Назарбаев зияткерлік мектебінің оқу жүйесіне көшуге дайынбыз ба?

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесін еліміздегі барлық мектептерге енгізуді міндеттегені белгілі. Яғни, Мемлекет басшысы орта мектептердің өзінде оқушыларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізуді тапсырды. Жолдау жүктеген бұл міндеттің астарында білім сапасын бағалау жүйесін халықаралық стандартқа негіздеу, білім алудың қолжетімділігін арттыру және үш ауысымды, сондай-ақ апатты жағдайда тұрған мектептердің санын азайту саясаты жатыр. Әрине, бұл ұлт болашағы үшін жасалып отырған қадам екені анық. Алайда, мұндай өзгеріске өңіріміздегі мектептер дайын ба? Облыс орталығын айтпағанның өзінде шалғайдағы ауыл мектептерінің материалдық базасы мұны көтере ала ма? Халықаралық стандартта білім бермек түгілі, интернет желісіне қосылмаған білім ордаларының жайын қайтпекпіз? Міне, осы сауалдарға жауап іздеу мақсатында әр сала мамандарының пікірін тыңдаған едік.

Ғалымжан Әбдірайымов,
Тараз қаласының әкімі:
– Дәл бүгінде Тараз қаласында үш ауысымды мектеп жоқ. Алайда, оқушылардың саны жыл санап артып келеді. Мәселен, биылғы оқу маусымында облыс бойынша 26 мың бала мектеп табалдырығын аттаса, соның 10 мыңы Тараз қаласына тиесілі. Осыдан-ақ, облыс орталығындағы оқушылар санының көптігін аңғаруға болады. Жаңа оқу жылында біз «Бәйтерек» ықшамауданында 1200 орындық, Шөлдаладан 600 және жапсарлас 300 орынды мектепті пайдалануға бердік. Бұл үш ауысымды мектептерді болдырмауға септесуде. Алайда, Жолдау жүктеген міндет бойынша Тараз қаласындағы 61 мектеп дәл қазір Назарбаев зияткерлік мектебінің оқыту жүйесіне көшуге дайын емес. Оған себеп, мектептерде мұғалім тапшы. Кейбір білім беру мекемелерінде қарапайым орыс тілінен сабақ беретін ұстаздар жоқ. Осы секілді бір мектепте әдебиет пен қазақ тілінің мұғалімдері жеткілікті болса, химия, физика, математикадан сабақ беретін ұстаздар аз. Мұндай жағдайда барлық мектептер бірдей Назарбаев зияткерлік мектебінің білім беру жүйесіне көше алады дей алмаймын. Ал, «облыс орталығында Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті бола тұра, неге педагог мамандар жетіспейді?» деген орынды сұрақ туатыны анық. Оған басты себеп, педагог мамандығын алып шыққан жас мамандар басқа салаларға кетуде. Өйткені, мұғалімнің айлығы аз және жүктемесі көп. Мемлекет басшысы Жолдауда «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылдауды тапсырды. Бәлкім, осыдан кейін жастар мұғалімдік мамандыққа баратын шығар. Алайда, қазір қаладағы мектептер Назарбаев зияткерлік мектебінің оқыту жүйесіне көшуге дайын емес. Бұл кезең-кезеңімен жүретін шаруа деп білемін.
Айдын Досыбаева,
облыс әкімдігі білім басқармасы орта білім
бөлімінің басшысы:
– Қазіргі таңда, Назарбаев зияткерлік мектептерінің озық тәжірибесін өңірлерге тарату мақсатында облыста 40 білім мекемесі базалық алаң ретінде таңдалып алынды. Және өңірдегі барлық мектептердің 1,2,3,5,6,7,8-сыныптары жаңартылған білім беру мазмұнына көшті.
Одан бөлек, педагогтарға әдістемелік қолдау көрсету мақсатында облыстық білім басқармасы, педагогикалық шеберлік орталығы және Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебімен бірлескен жоспар жасалды. Соның нәтижесінде 7 іс-шара өткізіліп, оған 3850 ұстаз қатысты.
Тағы бір айта кетерлігі, жалпы білім беретін мекемелердің тәжірибесіне Назарбаев зияткерлік мектептерінің «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы жобасы бойынша «Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициялары, «Оқуға ұсынылатын 100 кітап», Интеллектуалды және онлайн интерактивті ойындар (олимпиадалар), «Флешмоб», «Мектеп түлектерінің күндері», «Денсаулық күні», «Өнер күні» және «Вookсrossing» жобалары енгізілуде. Бір сөзбен айтқанда, облыс әкімдігінің білім басқармасы Жолдау жүктеген міндетті орындау үшін жұмысқа жұмыла кірісіп кетті. Алайда, бұл енді ғана қолға алынып жатқан бастама болғаннан кейін оның нәтижесі алдағы уақытта көрінеді. Әзірге, біз зерделеу және пысықтау жұмыстарын жүргізудеміз.

Талғат Байназаров,
Назарбаев зияткерлік мектебінің
директоры:
– Негізі Назарбаев зияткерлік мектебі Кембридж университетінің ғалымдарымен бірлесе отырып, критериалды бағалау жүйесіне көшкен. Бұл әдіс бойынша әлемдік тәжірибеге сәйкес, оқушының қаншалықты білім алғандығы емес, оның жинаған білімін қаншалықты пайдалана алатындығы бағаланады.
Бағалау критерийлері оқушыларға да, ата-аналарға да түсінікті болуы керек. Кейде белгілі бір тапсырма бойынша оқушылар критерийді өздері де ұсынып жатады. Бұл олардың оқуға деген қызығушылығының артқанын аңғартады.
Ал, жалпы аталмыш бағалау жүйесінің басты тиімділігі – заман талабына сай бәсекеге қабілетті, білімді, іскер, ойлау жүйесі дамыған, логикалық тұжырым жасауға бейім, еркін пікірі бар жеке тұлғаны қалыптастырады. Және де, оқушы өзін-өзі бағалауды үйреніп, жиған білімінің артықшылықтары мен кемшіліктерін көріп, әрмен қарай қалай даму керектігін түсінеді. Оқушылардың білімі тоқсан соңындағы жиынтық және формативті бағамен өлшенеді. Яғни, оқушыға күніге баға қойылмайды. Оқушының барлық іс-әрекеті оның жеке ісіне жинала береді. Біз балаға білімді қабылдауды және оны пайдалана білуді үйретеміз.
Ұлыбритания, Сингапур, АҚШ, Жапония, Швейцария сынды мемлекеттердің білім беру жүйесіндегі жетістіктерін зерделей келе физика, химия, биология және математика салалары бойынша дарынды балалар негізінен он екі жастан анықталатынын білдік. Осыны қаперге алып, зияткерлік мектепке оқушыларды жетінші сыныптан бастап қабылдау туралы шешім шығарылды. Және мектепке оқушылар конкурс арқылы қабылданады. Белгіленген тәртіп бойынша құжат қабылдау жүргізіліп, әр оқушының мәліметі бірден электронды базаға енгізіледі. Сол себепті, бұл жерде ешқандай тамыр-таныстық жүрмейді.
Ұстаздарды да қызметке іріктеу арқылы қабылдаймыз. Ал, мектепте оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмысына баулуға, оларға ғылыми-танымдық дәрістер оқуға, жоғары деңгейлі күрделі тапсырмаларды шешуге дайындау, әрі ұстаздар қауымының бір-бірімен тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау мақсатында білім саласындағы жетістіктері бойынша әлемнің дамыған 4 мемлекетінен 11 білікті маман шақырылды. Оқушылар қазір осы халықаралық дәрежедегі ұстаздардың ықпалымен әлемнің озық елдерінде қолданылатын бағдарламалар бойынша дәріс алуда. Міне, біздің мектептің басты ерекшеліктері осында. Ал, мұндай жүйеге өзге мектептер көше ала ма, жоқ па ол жағы маған белгісіз. Алайда, біз қолдан келгенше көмек беруге дайынбыз.

Ақерке Қараева,
Мойынқұм ауданы әкімдігі білім бөлімінің әдіскері:
– Жасыратыны жоқ, қазіргі оқу жүйесі мен жаңа талаптар өте күрделеніп кетті. Бұрнағы кездері бәрі қарапайым болатын. Ал, бүгінде компьютер мен ғаламторсыз ештеңе бітпейді. Мойынқұм ауданы сынды шалғай елді мекендегі басты мәселе – осы интернет. Қазір мектептер электронды күнделікке көшіп жатқандықтан, кейбір білім беру мекемелері жылдамдығы баяу ғаламтормен бұл бастамаға үн қоса алмай отыр.
Мойынқұм ауданында дәл қазір 25 мектеп бар болса, Мыңарал, Қашқантеңіз, Ақбақай, Байтал, Құмөзек, Қарабөгет сынды ауылдардағы мектептерде интернет желісі тіпті нашар жұмыс жасауда. Мұндағы материалдық база заманауи талаптарға толықтай сай келеді дей алмаймыз. Сол себепті, қазір аудандық білім бөлімі мектептерді жаңа құрылғылармен жабдықтау жағын жан-жақты қарастыруда. Сондай-ақ, бірінші кезең бойынша үш тілділік курстарына 28 ұстазды жолдадық. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Десе де, ауылдардағы білім беру мекемелеріне Назарбаев зияткерлік мектебінің оқыту жүйесіне көшу үшін әлі біраз уақыт керек деп ойлаймын.

Иә, сала мамандары осылайша бар мәселені бүкпесіз айтып отыр. Әрине, «ауруын жасырғанды, өлім әшкерелейтінін» ескерсек, олардың айтып отырған пікірлері мен ойларын орынсыз дей алмаспыз. Оған қоса, Назарбаев зияткерлік мектебінің сыныптарының басым бөлігі соңғы үлгідегі компьютер және интерактивті тақталармен қамтылған. Сондай-ақ, мұнда лего элементтерінен тұратын робот техникасының зертханасы жұмыс жасайды. Бұдан бөлек, нанотехнологиялар бөлмесі оқушылардың космонавтика мен медицина саласын ғылыми тұрғыда зерттеуге мүмкіндік беруде.
Зияткерлік мектебінің базасында медпунк те ашылған. Онда 1 педиатр, 1 стоматолог және 4 медбике қызмет көрсетеді. Осылайша мұнда оқушылардың денсаулығына да баса көңіл бөлінген. Тіпті, сабақ уақытында бір бала сырқаттанып қалатын болса, оны ауруханаға жетектемей, заманауи қондырғылармен жабдықталған мектептің медпунктінде емдеуге болады.
Білім ошағының кітапханасы да бай. Кітапхана қорында 28 мыңнан астам түрлі кітаптар мен білім беру бағдарламасына негізделген шетелдік басылымдар да жинақталған. Және кітапхана қазақ, орыс, ағылшын, қытай, неміс, француз тілдеріндегі әдебиеттермен толықтырылып келеді.
Бір сөзбен айтқанда, мұнда қарапайым мектептерде жоқ дүниелер бар. Оқытушылар құрамының жоғары біліктілігін айтпағанның өзінде, материалдық базасының өзі кейбір университеттер мен колледждерді екі орап өтеді. Осындай жағдайда облыстағы барлық мектептер бірден Назарбаев зияткерлік мектебінің білім беру жүйесіне көше алады деп айту қиын шығар. Оны сала мамандары да түсініп отыр. Десе де, «көш жүре түзелетіні» белгілі. Сондықтан Елбасының баянды бастамасы алдағы жылдары өз жемісін береді деп сенеміз. Ең бастысы бұның барлығы ұрпақ келешегі үшін жасалып жатыр. Сол себепті, бұл бағыттағы жұмыстар жандана түсіп, шалғай ауылдағы мектептердің өзінде лего элементтерінен тұратын робот техника мен нанотехнологиялардан да дәріс берілетін күн алыс емес деп сенеміз.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР