"Кәсіпкерлік"

Несие де несібе

Written by Aray2005

Алайда банктер ауыл кәсіпкерлерін қолдауға асығар емес

Биыл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту бойынша қолжетімді несие беру мәселесін шешу үшін мемлекеттен 600 миллиард теңге бөлінген болатын. Бүгінде «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту шеңберінде басым жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы өңірімізде де қолға алынғаны белгілі. Десе де бұл бағытта шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Бұл туралы кеше облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеровтің қатысуымен облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен жиында айтылды.
– Әрбір ауылдағы тұрғындардың кәсіппен айналысуы үшін қаржы керек. Олар өздері ұсынған жобаларының жүзеге асуынан үмітті. Әр ауыл бір жобадан ұсынды деген күннің өзінде, кем дегенде оның саны 400-ді құрауы тиіс. Ал бізде бар-жоғы ұсынылған 83 жоба ғана бар. Оның алтауы екінші деңгейлі банктермен мақұлданса, 7 жоба банктердің қарауында. Қалған жобаларға қатысты идеялар мен құжаттар әлі дайындалу үстінде. Бұлай болмайды. Екінші деңгейлі банктер арқылы бизнес субъектілерін несиелендіруде республикада көш соңында келеміз, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Екінші деңгейлі банк басшылары, кәсіпкерлік құрылымдарының өкілдері қатысқан басқосуда басым жобаларға жеңілдікпен несие беру, жобалық офис құрамымен бекітілген жарғыға өзгеріс енгізу, кәсіпкерлердің бизнес-жоспар жасауына көмектесу, Тараз, Қаратау, Жаңатас қалаларында «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында қаралған қаржының толық игерілмеуі секілді мәселелер қаралды.
Бұл бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айдар Абдықадыров, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы аймақтық филиалының директоры Бақытжан Исақов баяндама жасады.
Өз кезегінде екінші деңгейлі банк өкілдері ауылдық жердегі кәсіпкерлік субъктілерге несие беруде олардың кірісі көрсетілмейтінін, ауылдық жердегі жылжымайтын мүліктердің екінші деңгейлі банк шарты үшін кепілге жарамсыз болып табылатынын сөз етті.
Жиын соңында Н.Кәлендеров тиісті орындарға кәсіпкерлердің дені ауылда тұратынын айта келе, құжаттардың банктерде ұзақ мерзімде қарауда жатуы олардың несие алуына кедергі болатынын, сондықтан уақытты үнемдеу қажет екенін тілге тиек етіп, бірқатар міндеттер жүктеді.

Нұрым Сырғабаев

ПІКІР