Қоғам

Ниет болса, «екі қолға бір күрек» табылады

Written by Aray2005

Қазіргі таңда кез келген қоғамның басты мәселесі – жұмыссыздық. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтері бойынша әлемдегі жұмыссыздардың саны бүгінде 1 миллиард адамға жеткен көрінеді. Бұл ғаламшардағы жұмыс күшінің үштен біріне тең. Ал біздің облыста үстіміздегі жылдың 1 тоқсанында 25 855 жұмыссыз азамат тіркелген екен.

Қоғамды кері тартар жұмыссыздықпен күрес өңірімізде қалай жүргізіліп жатыр? Біз бұл сауалымыздың жауабын облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан сұрадық.
Басқарма мәліметінше, халықты табыс көзімен қамтуға бағытталған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы» аясында 2019 жылға барлығы 11 миллиард теңге бөлініпті. Оның ішінде республикалық бюджеттен 6,8 миллиард, жергілікті бюджеттен 4,2 миллиард теңгені құрап отыр. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының халықты жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Запира Медетова бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарлып жатқанын тілге тиек етті.
– Ағымдағы жылдың 1 маусымына жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 13 625 адам тартылды. Бұл – жалпылама көрсеткіш. Ваканттық бос жұмыс орындарына – 4 582 адам, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға– 1 808, әлеуметтік жұмыс орындарына – 1 264, жастар практикасына 1 495 түлек жолданып, ақылы қоғамдық жұмыстарға 3 541 жұмыссыз тартылды. «Бастау Бизнес» жобасымен 861 тұрғын кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, олардың 74-і шағын несие алды. Оның ішінде 17 адам алған шағын несие өткен жылдың қаржысынан бұйырды. Міне, осы жобамен кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, несие алған азаматтар шағын кәсіпке бет бұрған болатын.
«Бағдарламаға қатысушыларды техникалық, кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» бағдарламасының 1-бағыты аясында осы жылы барлығы 3 883 адамды оқытуға 1655,5 миллион теңге бөлінді. Соның ішінде 770 адамды кәсіптік даярлауға 1108,7 миллион теңге қаралып, ағымдағы жылдың
1 қыркүйегінен 770 адам оқуға жолданбақ.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарында 3 113 адамды оқыту үшін 546,8 миллион теңге қаралған. Өңірлік комиссия шешімімен Тізілімге енген білім ұйымдары кесіндісінде қысқа мерзімді кәсіптік оқу өтетін мамандықтар бойынша орындар бөлініп, оқыту құны белгіленді. Оқыту 38 мамандық бойынша 37 білім ұйымдарында өтеді. 1 маусымнан бастап қысқа мерзімдік оқытуға 1 808 адам жолданды, – дейді З.Медетова.
Запира Жұрымбайқызының айтуынша, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының» 2-бағыты аясында барлығы 3 484 адамды қамтуға 6 968,7 миллион теңге қаржы бөлінген екен. Оның ішінде шағын несиеге 1 301, кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 1 200, грантқа 983 ниет білдіруші қамтылды. Ал қаржы мәселесі бойынша шағын несиеге 6 147,6 миллион, несиені кепілдендіруге 303,9 миллион, субсидиялауға – 31,7 миллион, грантқа 485,5 миллион теңге бөлінген.
Бұл бағыт аясында азаматтар алдымен кәсіпкерлер палатасы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне оқытылады. Биыл «Бастау Бизнес» жобасымен барлығы 1 200 адамды кәсіпкерлікке оқыту жоспарланып, жыл басынан 861 адам оқуға жолданып, 759 адам оқуын аяқтап, сертификатын алған.
Микрокредит бойынша ауыл мен қалада барлығы 6 147,6 миллион теңгенің шағын несиесі 1 301 адамға беріледі деп жоспарланған. Несие шарттарына қол қойылып, ауылда несие беру жұмыстары басталып та кеткен. Ағымдағы жылдың 1 маусымына 57 адам 211,4 миллион теңгенің шағын несиесін алыпты.
Ауылда шағын несиені кепілдендіруге – 215,6 миллион, микроқаржы ұйымдары шығыстарын субсидиялауға 31,7 миллион теңге бөлінген.
Сонымен қатар қалада 90 адамға несие беруге барлығы 1036,6 миллион теңге қаралыпты. Бүгінде несие шарттарына қол қойылып, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры мен екінші деңгейлі банктер арасында келісім­шарттар жасалуда. Несие қаражаттары екінші деңгейлі банктер арасында бөлініп, несиелендіру жұмыстары басталуда.
Ал қалада шағын несиені кепілдендіруге – 88,3 миллион теңге қаралған. Осы бағыт аясында 983 адам 485,5 миллион теңгенің грантына ие болыпты. Соның ішінде 200 АЕК мөлшерінде Жастар жылына орай 329 грантқа 166,1 миллион теңге және көпбалалы аз қамтылған отбасылары үшін 611 грантқа 308,5 миллион теңге, 100 АЕК мөлшерінде 43 грантқа 10,9 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі күні грант алушылар тізімдері дайындалып, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан жаңа ереженің бекітіліп келуі күтілуде.
«Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» атты бағдарламаның 3-бағыты бойынша 6 647 адамды қамтуға 2516,8 миллион теңге бөлініпті.
Осы бағыт бойынша бағдарлама аясында әлеуметтік жұмыс орындарына барлығы 998 орынға 233,8 миллион теңге қаралып, есепті кезеңде әлеуметтік жұмыс орындарына 1 264 адам жолданған екен. Сонымен қатар жастар практикасына барлығы 1 489 орынға 675,4 миллион теңге қаралып, есепті кезеңде жастар практикасына 1 495 түлек жіберіліпті.
Ақылы қоғамдық жұмысқа 4 160 адамды тартуға жергілікті бюджеттерден 1 607,6 миллион теңге бөлінген. Есепті кезеңде 3 541 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілген.
Көрсетілген деректерге қарағанда облыс тұрғындарын жұмыссыздықтан қорғау шаралары оңтайлы жүзеге асырылып жатқанға ұқсайды. Әрине, бұл бір ғана адамның немесе отбасының жағдайын жақсартумен шектелмейді, бүтін еліміздің әлеуметтік деңгейін жоғарылатып, экономикасын жақсартуға серпін берері анық.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың
«Журналистика» мамандығының 2-курс студенті

ПІКІР