Ниет түзу болса, іс оң болады

Тасаттықты аяқ-табақ босатумен шатастырмайық!

0 15

Бала күнімізде жасы үлкендердің аузынан «Мал бір жұттық…», «Жұт жеті ағайынды» деген сөзді талай естігенбіз. Өрт, сел, індет, қуаңшылық секілді мал-жанға төтеннен келетін қауіптің ішінде қуаңшылық салдарынан қазір еліміздің кейбір аймағында ауылдықтардың негізгі тіршілік көзі саналатын төрт түлікке нәубет төніп тұр. Құрғақшылықтан құтылудың жолын ғалымдар іздей жатар, ал қарапайым шаруа қайткені дұрыс?

Қуаңшылық

Бүгінде Маңғыстау, Қызылорда облыстарында аштан теңкиген түлік ағайынды абдыратып тастады. Осы күнге дейін «жаз қуаңшылықпен өтсе де, жемшөптің тапшы болуы салдарынан қолдағы мал қыста ғана қырылады» деп ойлағанбыз. Бұрын көктем шықса мал көкке ілініп, қарабас раңға, күресінге тойынады, одан кейін мезгіл-мезгілімен шығатын өсімдікпен қоректенеді деп алаңсыз күн кештік. Тым құрығанда шөлге төзімді шөл және шөлейтті жерде өсетін алабота, жусан, түйеқарын, еркек, ебелек, жантақ секілді тағы да басқа өсімдікті азық етеді деп жүрдік. Сөйтсек, жадыраған жазда да мал аштан қырыла береді екен ғой. Негізінде біздің өңір қуаңшылықтан аман деп қол қусырып отыруға болмайды. Төтеннен келетін табиғи апатқа дайын жүргеннен ұтпасақ, ұтылмаймыз.
Қуаңшылық аспаннан бір тамшы тамбай, ауа температурасының жоғарылап, ылғалдың азаюынан болатын құбылыс. Ал оны болдырмау, қуаңшылықтың алдын алу Алланың қалауымен жүзеге асатын шаруа. Бұрын күннің қас-қабағын бағып өскен бабаларымыз төрт түлікті сақтап қалу үшін қуаңшылыққа да дайын отырғаны белгілі. Бізге де бабалар жолын ұстану аса қажет іс.

Мал азығы

Қуаңшылықтан аман өтудің жолы – мал азығын екі-үш жылға жететіндей молынан дайындау. Бала күнімізде ауылда кеңшардың ұзақ жылдан бері жатқан мая-мая шөбін күн жеп, қарайып кетсе де «биылға мал азығы жетеді» деп шөп ормай қойған кезін көргеніміз жоқ. Қай жерде оруға келетін шөп бар, сол жерді механизаторлар тықырлап орып кететін. Бірде жоғары оқудан жазғы демалысқа келген әкеміздің інісін кеңшар басшылары «Мына үйде зіңгіттей бір жігіт неге бос жатыр? Шөпке шықсын…» деп, таң атпай өздерімен бірге шөпке алып кеткенін көргенмін. Мұндағы басты мақсат – мал азығын дайындауда бар мүмкіндікті пайдалану. Жекелеген адамдар да үйіндегі 5-10 тұяқ малы үшін өзен-көлдерді жағалап, тоған-арықтардың жағалауын шалғы мен қолорақпен орып, үйіне есек арба, ат арбамен шөп таситын. 6-7 есек арба бір тіркеме шөп болатынын да солар айтып жүретін. Ойын балаларын қолына қап беріп, ауыл сыртындағы жүгері егілген алқапқа кіргізіп жіберетін. Олар жүгері ішіндегі шырмауықты қолмен жұлып, ашық алаңқайға қапқа салып тасып, сосын арбаға тиеп жататын.
Шопандар да өзі отырған жайлаудан белгілі бір жерді қорыққа қалдырып, оған саяқ аттардан басқа уақ мал түсірмейтін. Жылқы уақ мал жүрген жерге тұрақтамайтынын білгендіктен, шопан мініс аттардың үйден ұзап жайылмауы үшін осындай амалға баратын. Ал қазір жекелеген шаруашылықтар мұндай амалдарды қажетсінбейтіндей. Көпшілігі бір жылға ғана жететін шөп қорын дайындаумен ғана шектеледі.
Тіпті қазір масақ теруге де ерінетіндер көбейіпті. Өйткені қазіргі нарық жаныңа қажетті дүниенің ақысын төлесең алдыңа әкеліп береді.
Талас ауданындағы Кеңес ауылдық округінің Бөлтірік шешен ауылында кезінде қабырғасы қатпай жатып «пресс» көтерген бір жігіт ағасымен тілдестік. Ол ауыл тұрғындары қазір бұрынғыдай беліне орақ қыстырып арық жағалап жүрмейтінін, есек арбамен күніне екі арба шөп түсіру үшін аптап ыстықта жанталасатындардың азайғанын айтады.
– Орта мектепті бітіргеннен кейін бұрынғы «Кеңес» кеңшарында екі-үш жыл шөп шабу науқанына қатысқаным бар. Жігіттерден бөлек, ол кезде әйелдер де шөп артатын. Қазір туған ауылымызға анда-санда ат басын бұрмағанымыз болмаса, біраз жылдан бері сырттамыз. Елден естиміз ғой. Қазір ауыл тұрғындары ұжымға біріккен. Аталған шабындықты ұжымшарлар бөліп алған. Ішіндегі техниканың тілін білетін ұжымдастарға шөпті орғызып, тайлатып, түсімді теңдей бөліп алады екен. Ол аз болса басқа шөпшілермен келісіп, ақыға сатып алады. Қазір бұрынғыдай ат арба, есек арбамен шөп таситындар келмеске кеткен секілді.
Ауылдық жерде бір орама шөп (рулон) алқап басында 3 мың 500, үйге жеткізілуі 7 мың теңгеге дейін барады деп естідік. Бір түк шөп шабындықта 300 теңгеге бағаланса, ауылдық жерде 700-800 теңге көрінеді. Удай ақшаға шығындалғанша, уақыт болса, яғни мал азығын әркім өзі дайындаса, береке сонда орнар еді, – дейді Асқар Әліпұлы.

Тасаттық

Байқауымызша, шаруашылықтардың кейбірі екі-үш жылдық қор жинамақ тұрмақ, мал азығын көктемге ұшпа-ұш жететіндей етіп жоспарлайтын секілді. Жалпы жемшөп қоры жеткілікті болуы үшін жайылым не шабындықтың жағдайы жақсы болу қажет. Оны қазақ «шөптің шығымы бітік» деп жататын. Соңғы уақытта шөл және шөлейтті жерлердегі табиғи жайылымдар мен шабындықтардың өнім беру әлеуеті төмендеп кеткені белгілі. Жауынның жаумауына, шөптің түрі азайып, шығымның төмен болуына экологиялық ахуалдың да әсері бар шығар. Бірақ халқымызда көпшілікпен бірге Алладан жалбарынып жауын тілейтін «Тасаттық» деген дәстүрлі үрдіс бар еді. Үлкендер «сәуірде жаумаған жауынның пайдасы шамалы» деп жататын. Әсіресе жаз айларында жауған жауын шөп ору науқанына кедергі келтіріп, дән жинайтын қамбаны «Сасық қырман» атандырады деп жатқанын да естігенбіз. Өйткені су тиген қырмандағы арпа-бидай қызып, көгеріп, аяғында саси бастайтын. Ал тасаттық берудің арқасында қажетті жауын дәл керек уақытында жауады деген наным бар жұрт арасында. Біз осы үрдістің қалай жүзеге асып жатқанын ауылдық жердегі бірді-екілі қариядан сұрап көрген едік.
– Жамбыл ауданының Өрнек ауылдық округі Өрнек, Жұма атты екі елді мекеннен тұрады. Бұрын тасаттық осы ауылдық округте халық санына қарай 4 жерде беріліп келген. Былтыр бір-ақ жерде берілді. Биыл тасаттық мүлде берілмеді. Тасаттықтың берілмеуіне әлемді дүрліктірген індеттің де кесірі тиіп отырғанын ескеруіміз керек. Себебі көпшіліктің бір жерге шоғырлануына болмайды.
Тасаттық қазақ ұлтында ежелден қалыптасқан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан діни жоралғы. Мақсат – көпшіліктің құрбандыққа мал шалып, бауыздалған малдың қанын ағын суға ағызып, дұға тілеу арқылы Алладан жаңбыр сұрау. Осыдан кейін Алланың құдіретімен көктегі әр тамшыны періштелер жерге тасиды деген наным бар. Ал тасаттықтың негізгі мағынасы Алла разылығы үшін қайыр садақа беру дегенді білдіреді.
Бір айта кетерлігі, қазір елдің ниеті өзгеріп кетті ме деген ойға да берілеміз кейде. Себебі біздің кезімізде кеңшар, ұжымшардың мыңғырған малы, алқап-алқап егіні болатын. Ол кезде жайылым да, ағын су да жеткілікті еді. Қазір барлығы тапшы бола бастады. Байқасақ, берекесіздікті біз қолдан жасап отырғандай боламыз. Жер иелері жайылымды малы бар болсын, жоқ болсын бөліп-бөліп алған. Ешкімді жуытпайды. Ағын су да сондай. Судың басындағылар қанып ішсе, ақабасындағы алқаптың аңқасы кеуіп жатады. Әркім өзіне тартпай, ортақ мүддені ойласа, «аста-төк» береке орнайтыны анық.
Тасаттыққа қатысты ниетті сөз етсек, белгілі бір көлемде әр түтіннен азық-түлік пен құрбандыққа шалынатын мал үшін ақша жиналатыны белгілі. Осы кезде ел іші болғаннан кейін біреу шын ниетімен беріп жатса, біреу «жауын жаумаса менің-ақ бақшама жаумай-ақ қойсын» деп көпке қосылудан бас тартып жатады. Тағы бірі адамнан ұялып, Алладан қорыққанынан тасаттыққа ақша берсе, енді біреуі пенделікпен көзге түсіп қалғысы келіп, белсенді болып жүреді. Сол секілді кейбір адамдар тассаттық беріліп, мал шалынатын жерге ниеттен бұрын тамақ ішу үшін баратынын жасырып қайтеміз? Ондай жерде кейде қысыр әңгіме айту, біреуді мұқату, сауаты жетсін-жетпесін саясаттан пәлсәфа соғу секілді қажетсіздіктер де көрініс беріп жатады. Қысқасы, тасаттық беру кезінде де, басқа уақытта да елдің ниеті түзу болса, Алла адамға сұрағанын береді. Сондықтан алдымен ниетімізді дұрыстауымыз керек.
Тегінде, бізге осы жөн-жоралғыны жасауды облыс көлемінде ауқымды түрде жүргізу қажет секілді. Әрбір елді мекен тасаттық беруден қалыс қалмай, көп болып, аталы істі шынайы ниетпен атқарса, оның пайдасы көп болары анық, – дейді Өрнек ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оңласын қажы Атықаев.
Шынында да көп болып көктен жауын тілеуде ниет шынайы болмаса, ылғалға жырымайтынымыз анық. Бастысы ауыл шаруашылығының дамуына, еңбеккерлердің тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына септігі тиетін амалдың барлығын қолдан келгенше жасай бергеннің артығы жоқ.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ 

Leave A Reply

Your email address will not be published.