Мәдениет

Нөсерлеп жауған нәркес жыр

Written by Aray2005

Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев жамбылдық жас ақындармен жүздесті. Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткен басқосуға бұл күнде поэзияны жанына серік етіп, жастық жалынын жырға қосып, халықаралық һәм республикалық мүшәйраларда жеңімпаз атанып жүрген талантты жастар қатысты.

Қала әкімінің қолдауымен ұйымдастырылған еркін форматтағы әдеби кездесуді ашып беріп, жүргізіп отырған облыстық «ARAI» газетінің мәдениет бөлімінің редакторы, жас ақын Нұржан Қадірәлі алғашқы сөз тізгінін Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, ақын Хамит Есаманға берді. Өз кезегінде Хамит Ерболатұлы арнайы қолдау білдіріп, Жастар жылында өңірдің қалам ұстаған таланттарының шығармашылығына жанашырлық танытып, осындай игі шараны ұйымдастырып отырған Қайрат Әскербекұлына алғыс айтып, бірқатар ұсыныс, ой-пікірін жеткізді.
– Тараз топырағында қала басшысының ақындармен кездесуі көптен бері болмаған еді. Бүгін сол олқылықтың орнын толтырып, жастардың жанынан табылып отырғаныңыз үшін зор алғысымды білдіремін. Тараз – шайырлардың шаһары. Шығыстың жеті жұлдызы тамсана жырлаған қаламызбен қалай мақтансақ та болады. Мен сіздің назарыңызды бірнеше мәселеге аударғым келеді. Басқа облыстарда поэзия фестивальдары мен әдеби форумдар тұрақты өтіп тұрады. Таяуда ғана Нұрболат Жолдасбек пен Нұржан Қадірәлі Қарағандыдағы сондай әдеби жиынға қатысып қайтты. Бұл әдебиет үшін, шайырлар шаһарының имиджі үшін керек. Мүмкіндік болса, Таразда да республикалық деңгейде әдеби форум немесе фестиваль өтуіне мұрындық болсаңыз деген өтініш бар.
Қазақтың ғажап ақындарының бірі– Ерлан Жүніс. Талантымен талайларды таңдандырған ақынның Таразда лайықты деңгейде кеші өтпеді. Осы мәселеге де назар аударсаңыз. Тағы бір айтарым, жергілікті жас ақындардың бірнешеуінің жыр жинағын шығаруға ықпал етсеңіз деген тілегім бар, – деді филиал төрағасы.
Бұл ретте шаһар басшысы жастардың шығармашылығын қолдау мәселесі мүмкіндігінше назарда болатынын айтты. Бұдан кейін ақындар Табиғат Абаилдаев, Данияр Әлімқұл, Нұрболат Сатымқұл, Арайлы Жақсылық, Ғайникен Райымбекова, Шапағат Әбдір, Жұматай Көксубай, Назерке Исраилова, Елдар Боранбек, Аян Қуат, Марал Хантөреқызы, Назерке Оңғар, Бексұлтан Қоштаев, Аружан Қуат нәркес жырдан нөсер төксе, осы қатарда өз өлеңін оқыған жас ақын Нұрлан Әбдікәрім «құлақтан кіріп, бойды алар» әуезді әннен шашу шашты. Жыр керуенін жалғаған Нұржан Қадірәлі Таразға арнаған толғауын оқып, қаламдас, замандастарының қошеметіне бөленді. Жиынды қорытындылаған Қайрат Әскербекұлы қазіргідей уақытта өмірден өз орнын таба алмай жүрген жастардың бар екенін тілге тиек етіп, осы ретте қазақ әдебиетінің келешегіне қаламмен жол салып, тамшыдай болса да үлес қосып жүрген жас ақындарға алғысын жеткізді. Қала басшысы қазақтың бірнеше көрнекті ақындарының өлеңінен жатқа үзінді оқып, шығармашыл жастарды Тараздың өзіндік әнұранына айналарлық туынды жазуға шақырды. Кәдесый ретінде барлық қатысушыларға Абайдың құнды қара сөздерінің жинағын тарту етті.

Айсана НҰРБАП

ПІКІР