Nur Otan-да құқық қорғау қызметі саласындағы заңнаманы жетілдіру талқыланды

0 3

«Nur Otan» партиясы жанындағы Құқықтық кеңестің кезекті отырысында құқық қорғау саласы қызметкерлерін әлеуметтік қамсыздандыру, олардың біліктілігін арттыру және құқық қорғау қызметінеде жұмыс істеу тәртібін жетілдіру мәселелері талқыланды.

Кеңес төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Қанат Мусиннің айтуынша, бүгінде «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңмен қатар 120-ға жуық ведомстволық бұйрық бар. Яғни, бір типтегі кадрлық процестердің көпшілігін әрбір орган өздерінің ведомстволық мүдделерін ескере отырып дербес реттейді.

Осы орайда бірізділіктің қажеттігіне Бас прокуратураның кадрлық даму департаментінің бастығы Ғабит Мұқанов та назар аударды. Оның айтуынша, құқық қорғау органдарында қызмет атқарудың ерекше сипаты мен қызметкерлерге қойылатын жоғары талаптар қосымша әлеуметтік құқықтармен және жеңілдіктермен өтеледі. Алайда, бұл мәселеде теңгерімсіздік бар. Мәселен, «Ішкі істер органдары туралы» Заңда тек солардың қызметкерлеріне ғана қолданылатын қосымша кепілдіктер көзделген.

Жеке құраммен жұмыс істеу әдістерін жақсарту, іріктеу мен біліктіліктің ашықтығын қамтамасыз ету, басқа да мәселелерге қатысты тәртіпті күшейту үшін қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар әзірленді. Сонымен қатар, осы уақытқа дейін өз шешімін таппай келе жатқан мәселелер де бар. Атап айтқанда, бұл – тұрғын үймен қамтамасыз ету және жалақыны арттыру. Барлық құқық қорғау органдарының қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз етудің бірыңғай тетігін орнату және жалақыны жыл сайынғы инфляцияға байланысты индекстеу мүмкіндігін қарастыру қажет деп санаймыз, – деді Ғабит Мұқанов.

Өз кезегінде Ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сүнтаев коронавирустық инфекциядан қайтыс болған ішкі істер бөлімдері қызметкерлерінің отбасыларына өтемақы төлеу мәселесін көтерді.

Пандемияға байланысты төтенше жағдай енгізілген алғашқы күннен бастап қызметкерлеріміз қызмет атқарудың ерекше режиміне көшірілді. Карантиндік шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз ете отырып, олар демалысқа шықпастан және қашықтан жұмыс істеу форматына ауыспай қызмет етті. Олар дәрігерлермен қатар қауіп-қатерге қарсы тұрды. Пандемия басталғаннан бері 8 617 полиция қызметкері мен ІІБ әскери қызметшілері ауру жұқтырып алды. Алайда аурудан қайтыс болғандардың отбасыларына өтемақы төленбеді. Осыған байланысты «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның 66-бабына қызметтік міндеттерін орындау кезінде аурудан қайтыс болған қызметкерлердің отбасыларына біржолғы өтемақы төлеуді көздейтін өзгерістер енгізу және осы норманы 2020 жылғы 16 наурыздан бастап қолданысқа енгізу ұсынылады,- деп атап өтті вице-министр.

Талқылау барысында Кеңес мүшесі, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ заң басқармасының бастығы Василий Олейник зейнетақымен қамсыздандыру мәселесін көтеріп, 1998-2012 жылдар аралығында жұмыстан босатылған прокуратура органдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ бұрын құқық қорғау органдарына жатқызылған кеден органдарының қызметкерлеріне еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы құқығын беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Кеңес төрағасы Қанат Мусин атап өткендей, құқық қорғау қызметі саласындағы заңнаманы жетілдіруге азаматтардың сенімін арттыру тұрғысынан ерекше мән беріледі. Өзгерістер, ең алдымен, кадр саясатының тұрақтылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігі мен тәртібіне қойылатын талаптарды арттыруға, ұйымдастыру-басқару механизмдерінің неғұрлым тиімді тетіктерін әзірлеуге, құқық қорғау органдарына тән емес функцияларды алып тастай отырып, өкілеттіктерді тиімді бөлуге бағытталатын болады.

Пікірсайыс қорытындысы бойынша кеңес мүшелері уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберілетін бірқатар ұсыныстар әзірледі.

zakon.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.