Қоғам

Нұр-Сұлтан – елдік пен мемлекеттіліктің жаңа бренді

Written by Aray2005

Бүгінде еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірінде «Nur Otan» партиясының алар орны ерек екені даусыз. Партияның жұмысын жүйелеп, бағытын айқындауда бастауыш партия ұйымдарының қосып жатқан үлесі өлшеусіз. Кеше Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде осы бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері мен өкілдері бас қосып, елордамыз Астананы Нұр-Сұлтан деп атау туралы шешімге қолдау білдірді.

Ең алдымен мінберге көтерілген «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елді көркейтуге сіңірген ерен еңбегін айта келе, Астанаға Нұр-Сұлтан есімін беру қай қырынан қарасаң да дұрыс шешім болғанына тоқталды.
– Елбасы мен елорда егіз ұғым. 30 жылдың бедерінде Ұлт көшбасшысы тәуелсіз, экономикасы тұрақты, әлемдік деңгейде абырой-беделге ие мемлекет тұрғызу үшін аянбай тер төкті. Оны біз айтпасақ та атқарылған ауқымды жұмыстар айқын дәлел бола алады, – деді Шәбден Тоқтасынұлы.
Бұдан кейін сөз алған «Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова, «Мейірім» бастауыш партия ұйымының төрайымы Горчак Алиева, «Шолақтау» бастауыш партия ұйымының төрағасы Бағлан Сұлтанбек, «Қазфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар» зауытының технолог шебері Болатхан Көптілеуов және «Алға» бастауыш партия ұйымының төрағасы Бағдат Есбергенов «Nur Otan» партиясының әрбір бастамасына үн қосуға дайын екендерін және Астана атауы Нұр-Сұлтан болып ауыстырылғанын қос қолдап қолдайтындықтарын жеткізді.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР