Театр және кино

Нұрсифат САЛЫҚОВА

Нұрсифат Рақымбайқызы Салықова 1938 жылы 10 маусымда бұрынғы Семей облысы, Жарма ауданының Құдас ауылында дүниеге келген. 1954 жылы сол облыстың Шалабай кеңшарындағы Н.Крупская атындағы орта мектепті бітіре салысымен, 5-7-сыныптарға тарих пәнінен сабақ берген.

1956 жылы жұбайы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Мақсұт Салықовтың Жамбыл облыстық қазақ драма театрына қызметке тұруына байланысты қазіргі Тараз қаласына көшіп келген.
Нұрсифат Рақымбайқызы 1959 жылы Жамбыл мәдени-ағарту училищесінің театр бөлімін бітіріп, облыстық қазақ драма театрына актриса болып қабылданады. Сол жылдан бері театр сахнасында Ш.Мұртазаның «Ноқтаға басы сыймаған» спектаклінде, М.Байжиевтің «Тіл табысқандар», И.Содиковтың «Әпендінің бес қатыны» комедияларында, С.Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда» мелодрамасында, М.Томанов пен М.Ахмановтың «Екі дос» ертегісінде және басқа да қомақты қойылымдарда 100-ден аса рольдерді сомдады.

Актриса, сондай-ақ, бірқатар телевизиялық және көркем фильмдерде негізгі кейіпкерлерді, оның ішінде 2015 жылы түсірілген Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» кинофильмінде Құнанбайдың анасы Зеренің ролін ойнады. Осы фильмдегі ерекше шеберлігі үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты» атанды.
Н.Салықова бүгінде зейнет демалысында болғанымен, әлі де сахна төрінде түрлі образдарды сомдауға қатысып келеді. Елу жылдан астам уақыттан бері театрмен бірге жасасып келе жатқан өнер қайраткері кейінгі жас буын өкілдерімен өзінің өмірлік бай тәжірибесімен бөлісіп, тәлімгерлік үлгі-өнеге көрсетуде.

Ол «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» атағының, «Еңбек ардагері» медалінің иегері. Көптеген Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталған.

 

ПІКІР