"Шабыт"

«О, Туған ел, мен сен үшін шаттанып, Һәм күйредім саған төнген ажалға әр»

Written by Aray2005

«Дүниеге шын ақын, ұлы ақын келген күні сонымен қабаттасып даңқ та туады», ал «Азаппен келген даңқ – мәңгілік» дейді қазақтың қабырғалы ақыны Қадір Мырза Әлі. Тоқсаныншы жылдары тұтас ел тоқырау кезеңін бастан кешіп жатқанда халықты өлең жауһарымен байытып, тәуелсіздіктің тәй-тәй басқан алғашқы қадамына қара өлеңнен қазына шашқан һәм қасиетті қазақ әдебиетіне жалпақ жұртты жалт қарата «мылтық атылғандай» келген марғасқа Маралтай Райымбекұлы ердің жасы – елуге дәл осындай шығармашылық азабы мен өзен, көлі, аң мен құсын қоса тау көтерген Толағайдай тағдыр тауқыметін арқалап, даңқтың дариясына өзі салған даңғылмен жетіп отыр. «Тарпаң тұлғалы, кісі бейнелі» ақынның кеші еліміздегі «поэзия Парижіне» айналған Алматы шаһарындағы бірнеше қасиетті сахнадан бастау алып, туған топырақта жалғасын тапты.

Әулиеатадағы әдеби тойға ұласқан шара Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханадан бастау алды. Онда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында қолға алынған «Ауылдық кітапхана – жергілікті қоғамдастық орталығы» атты ауылдық кітапханалар күндері аясында Сарысу ауданына қарасты Игілік ауылдық кітапханасының мамандары Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының, халықаралық «Алаш» әдеби һәм мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ақын Маралтай Райымбекұлының 50 жас мерейтойына орай «Ай астындағы Кентавр» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырды.
Бұдан әрі найзағай жырдың наркескен иесінің негізгі кеші қарашаңырақ – облыстық қазақ драма театрында өтті. Алыстан арнайы ат арытып келген Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, қаламгер-журналист Мереке Құлкенов, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі ақын Есенғали Раушанов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Светқали Нұржан, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Ақсұңқарұлы мен кешті жүргізген марғасқа жырау, дәстүрлі әнші, фольклортанушы Берік Жүсіп һәм әулиеаталық әдебиетсүйер жастардың жанашыры, қазіргі қазақ прозасының қаранары, жазушы, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Несіпбек Дәутайұлы, облыстың Құрметті азаматы Асаубай Майлыбаев төбе көрсеткен поэзия тойын облыс әкімі Асқар Мырзахметов құттықтау сөзімен ашып берді.
– Қазақстанның қай өңірін алып қарасақ та, әрбірі қазақ үшін, әрбір қазақстандық үшін киелі, қасиетті екені белгілі. Соның ішінде Әулиеатаның да орны ерекше екенін сіз бен біз жақсы білеміз. Өңірді қастерлейтін себебіміздің бірден-бірі – облыс тарихының тереңдігінде. Небір дүркін-дүркін тұлғалар шықты. Соның ішінде небір Таразилеріміз бар. Ғалымдардың айтуынша, олардың саны сексенге жуық. Тағы да өркениет пен өнерге қатысты осы қасиетті топырақта ата-бабаларымыздың болғандығы әлі де тарихтың еншісінде. Осынау арғы ата-бабаларымызда болған ізгі қасиет бүгін де заңды жалғасын тауып отыр. Соның бірден-бір дәлелі – осы мерейтой иесі Маралтай Райымбекұлы. Алматыдағы үлкен шығармашылық кешінде арнайы құттықтап барып, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстадық. Бүгін міне, өз азаматтығын көрсетіп, Алматыдағы кешпен шектелмей, туған топыраққа тағзым етіп, «өзім білетін, жақсы көретін халқыммен қауышайын, қуанышпен бөлісейін» деп әдебиет саласындағы ірі ағаларымыздың бәрін ертіп келіп отыр. Оған үлкен қуаныштымыз.
Маралтай Райымбекұлы шын мәнінде де жастығына қарамастан қазақ әдебиетіне үлкен үлес қосты, әлі де қосып келе жатыр. Ол жазған өлеңдердің өзектілігі, өз бойындағы өжеттілігі, қайсар мінезі, осының арқасында бойындағы талантын көрсетіп, ақындық қуатын мойындатып келе жатыр. Сондықтан ел үшін, елдің рухани байлығы үшін атқарған қызметіне, жасаған жұмысына шын жүректен алғыс айтамыз. Біз Маралтай Райымбекұлымен мақтанамыз. Алдағы уақытта да үлкен табыстар тілейміз, –
деп Асқар Исабекұлы ақынға сый-құрмет көрсетіп, ат мінгізді.
Бұдан кейін Маралтай Райымбекұлының алдыңғы буын ағалары, қазақтың маңдайына біткен қаламгерлер текті сөзді тізгіндеп, кеш кейіпкерінің тағдыр жолын, талант тұңғиығын, талпыныс тұғырын, жанартау жігерін жан-жақты әңгімеледі. Кешті бастан-аяқ ата-бабаның асыл мұрасын арқалап жүрген белгілі жыршы, фольклортанушы-ғалым Берік Жүсіптің сауыт бұзар сөздерімен жүргізуі салтанатты шараның сәнін ажарландырып, салмағын арттыра түскендей. Түркі тұрпатты түсініктен қазіргі қазақ поэзиясына, руханияты мен әдебиетіне «Кентавр» атты киелі ұғымды жетектеп алып кірген ақынға Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің сәлемін оның орынбасары, белгілі қаламгер Мереке Құлкенов жеткізді.
– Қазір Одақта 800 мүше бар. Ал шын мықтылары саусақпен санарлық. Соның бірі – Маралтай. Биыл Маралтай 3 жерде өзінің творчестволық кешін аншлагпен өткізді. Үшеуінде де халық залға сыймай кетті. Енді өз топырағына тағзым етіп отыр. Бұл Маралтайдың алты Алашқа даусы жеткен, алты Алаш мойындаған ақын деген сөз. Қазақ деген халық өз поэзиясын атам заманнан алақанда ұстап келе жатыр. Сол алақандағы ешкімге қимайтын, ешкімге бұйыртпайтын бір ақын болса, ол біздің Маралтай, – деп ақ тілегін асқақтата ағытты М.Құлкенов.
Шара барысында «күміс көмей, жезтаңдай» әншілер ақынның һәм кешке арнайы келген қаламгерлердің сөзіне жазылған, көптің көңілін баурап алған әндерді шырқап, көрермен көңілін тербеп отырды.
– Жарық дүниеге Маралтайдай ақынды әкелген, інжу-маржан сынды, өзі айтпақшы жер бетіндегі жұлдыз шаһардың еліне зор алғыс. Дүниеге ақынның келуі – трагедия әрі ғажайып құбылыс. Ақыны жоқ, батыры жоқ елдер бар жер бетінде. Құдайға шүкір, қазақ халқы екеуінен де кенде емес. Қазір отыз озық елдің қатарына кірейін деп жатырмыз. Бірақ әлемде қазақ поэзиясымен иық тіресіп, үзеңгі қағыстыратын бірде-бір ел жоқ деп айта аламын. Ғалымдар мен кандидаттар қазақ поэзиясын жан-жақты зерттеуде. Бірақ менің ұғымымда қазақ поэзиясында бір ғана кеңістік бар. Ол Асанқайғыдан Маралтайға дейінгі аралықта жатыр, – деп сең қопарған сарқырамадай жыр оқыды ақын Серік Ақсұңқарұлы.
«Өлең – сөздің патшасы» деп сөз сұлтанына мәңгілік ескерткіш орнатып кетті Абай хәкім. Сол әулие Абайдың туған жерінен келген Тыныштықбек ақын шығыстың сәлемін жеткізді.
– Ақынның ғұмыры ешуақытта уақытпен өлшенбейді. Ақынның ғұмыры тек өлеңмен өлшенеді. Егер поэзиясы ғажап болса, ол ақын мәңгілік жасайды. Маралтай өлеңдерінің тағдыры өте күрделі. Тәңір сыйлаған талант. Тіпті Маралтайды бесікте жатқанда ұйқаспен іңгәлаған деп те ойлаймын. Мен отызға келіп барып әдебиетке әрең жеткен адаммын. Оған дейін талай өткелектер өтті. Бірақ сол өткелектердің қақпасын осы Әулиеата ашып бергенін ешуақытта ұмытпаймын.
Жер бетіндегі тіршіліктің барлығын Тәңір жаратты дейміз. Демек, Тәңірдің өзі ең үлкен ақын деген ой келеді. Яғни өмір – Тәңірдің өлеңі. Сол сияқты әрбір мықты ақынның өлеңдерінде өмір бар. Ардақты Маралтайдың өлеңдерінде де сондай тағдыр сайрап жатыр. Осы кештің барысында халықтың һәм өңір басшыларының өлеңді сүйетініне куә болдық. Бұл – үлкен қуаныш. Маралтай поэзияға бұрқырап, өзгеше жол салып келді. Өлеңі де ешкімге бағынбайды. Сондықтан Маралтаймен бәріміз де мақтана аламыз, – деп өзі де қазақ поэзиясына сілкініс жасаған ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы арнау өлеңін оқыды.
Ал арнайы маң-маң басып Маңғыстаудан келген белгілі ақын Светқали Нұржанов:
– Алпысыншы жылдары Алматының қай көшесіне түссең де отқа оранып, ізінен нұр бұрқырап Төлеген Айбергенов кетіп бара жатыр дейтін ұғым болатын. Ал тоқсаныншы жылдары Алматының қай көшесіне түссең де отқа оранып, аузынан жыр бұрқырап Маралтай келе жататын. Сондықтан Төлегеннің, осы топырақтан шыққан, қыршын кеткен талантты ақындар Артығали Ыбыраевтың, Серік Томановтың, Бауыржан Үсеновтың жетпегеніне жетіп, солардың ағып кеткен арманын арқалап жүрген Маралтайға мың алғыс, – деп ақынның жуырда жазған Сарайшық жайлы дастанының негізінде өмірге келген жыр тартуын көпшілікпен бөлісті.
Таяуда ғана төрткүл дүниенің таланттары тоғысқан шарада ТМД елдерінің «Достастық жұлдыздары» сыйлығына ие болған Есенғали Раушанов Маралтай ақынның табиғаты мен болмысы, өзіндік қолтаңбасы мен шығармашылығы турасында сөз сөйлесе, оның азаматтығы жайлы ойын ортаға салған белгілі жазушы Несіпбек Дәутайұлы:
– Ақындардың арасында арпа ішінде бір бидай сияқты жүру өте қиындау. Кез келген адамның мына дүниеге келгенде, образдап айтқанда тағдыры бар. Арқанның бір ұшы, яғни тағдырының бір ұшы өз қолында, екіншісі жаратушының қолында тұрады. Сол қыл арқанды айырылмай ұстап алып, адал жүрген жан Құдайға жақындай түседі. Құдайға жақындау дегеніміз – рухани, имандылық, азаматтық тұрғыдан адамның мәртебесі биіктеп, абыройының артатын кезі.
Міне, сондай азаматтың бірі, қанатының астына маржан тағып ұшатын ақсұңқар құстың баласындай самғап шыға келетін ақын, ол Маралтай. Әдебиет деген бүкіл өнердің ең ұшар басы. Себебі өз халқының жанындағы барлық асылдарын, құндылықтарын алып шығып, айтып бере алатын, соған елдің алпыс екі тамырын оятатын әдебиет. Бірақ ол үшін адам тек қана талантты болу керек. Оның азаматтығы алда тұру қажет.
Маралтайдың бірінші азаматтығы – ешқашан ешкімнен ешнәрсе қызғанбайды. Қызғаныш деген әдебиетте, жалпы өмірде өзіңнен озғанға қол соқпай тұру, оған күншілдік көрсету азғындықтың ең үлкен белгісі. Маралтай Алматыға барғаннан кейін республикадағы, соның ішінде жамбылдық жас ақындарды сол жаққа жинады. Соның ішінен Ерлан Жүніс деген өз қатарындағы ең үлкен ақын шықты. Міне, Маралтайдың азаматтығы. Ешкім оның Құдай берген талантын тартып ала алмайды. Ақын да, жазушы да, атағы шыққан кім болса да ол – туған елінің құлы. Халқының жоғын іздеушісі. Ал әдебиет – ұлттың бірлігін нығайта түсетін құндылық. Рухани түлеген елдің еңсесі әрқашан биік келеді. Оны Әулиеата өңіріндегі өркенді істерден де анық көруге болады, – деп кешті қорытындылады.
Екінші күні ақынның мерейтойы өзі туып-өсіп, кіндік қаны тамған Сарысу ауданында жалғасты. Аудан әкімі Қанатбек Мәдібек бастаған атқамінерлер меймандарды ыстық ықыласпен қарсы алды. Қазақ әдебиетінің қанжығасына олжа байлаған қарымды қаламгерлер Шоқай датқа, Ықылас бабалардың басына құран бағыштап, Игілік ауылындағы Шоқай датқа орта мектебіндегі Маралтай Райымбекұлының сынып бөлмесіне бас сұғып, жастармен кездесті. Игілік ауылдық клуб үйінің алдында ақын өз қаражатымен жасатқан дәулескер күйші әрі композитор Мәді Шәутіұлы бюстінің алдында ауыл тұрғындарымен жүздесті. Ауданның Құрметті азаматы Бөлтірік Ілиясов бастаған қариялар сөз сөйлеп, ауыл халқының атынан ақынға ат мінгізді. Алайда Маралтай ақын ауылдастарының бұл құрметіне алғыс айтып, тұяғымен жер тарпыған тұлпарды әдебиетте рухани қолдау көрсеткен ағасы, жазушы Несіпбек Дәутайұлына сыйлады. Сонымен қатар мектеп оқушылары арасында Маралтай ақынның жырларын оқудан өткен аудандық жарыстың жеңімпаз, жүлдегерлеріне ақын өз қолымен қаржылай сыйлық табыс етті.
Келесі кезекте қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесіне ат басын бұрып, тәу етті. Қасиетті орында аймақтың өткені мен бүгіні, Ұлы даланы мекен еткен бабалар ұлағаты, Қазақ елінің рухани құндылықтары төңірегінде әсерлі әңгімелер өрбіді.
Туған жердегі кеш Жаңатас қаласындағы аудандық мәдениет үйінде де дүркіреп өтті. Айту керек, кең залда ине шаншар орын болған жоқ. Қалың көпшілік «Сіз біздің Сарысуға келіп пе еңіз, Сарғайған сағана там көріп пе еңіз» деп туған жерін тебірене жырға қосып келе жатқан талантты ұлдарын және мерейтойлық шараға арнайы келген көрнекті қаламгерлерді зор қошеметпен қарсы алды. Дүркін-дүркін соғылған шапалақтан құлақ тұнғандай. Бұл қазақ әдебиетіне, оның ауыр жүгін абыроймен арқалап жүрген сөз зергерлеріне деген құрметтің белгісі еді. Жалпы, сарысулықтардың поэзия мерекесіне жан-жақты дайындалғаны анық аңғарылып тұрды. Еңселі ғимаратқа кіреберісте аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұжымы Маралтай Райымбекұлының шығармашылығына арналған кітап көрмесін көпшілік назарына ұсынды.
Салтанатты сәтте аудан әкімі Қанатбек Мәдібек құттықтау сөз сөйлеп, жүрекжарды лебізімен бөлісті. Асау жырдың тұлпарын ауыздықтаған, теңіздің толқынындай, найзағайдың жарқылындай талант иесіне сый-құрмет көрсетіп, шараға алыстан арнайы келген марғасқа қаламгерлерге шапан жапты. Алаштың ардақты ақын-жазушылары Мереке Құлкенов, Серік Ақсұңқарұлы, Есенғали Раушанов, Светқали Нұржанов, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Бауыржан Қарабек, Несіпбек Дәутайұлы ізгі тілектерін арнап, мерейтой иесінің мәртебесін асқақтатты. Ұлттық құндылықтар, рухани жаңғыру, тағылымды тарих пен жастар тәрбиесі турасындағы тағылымды ойлар жиылған жұртшылықтың ой-өрісін кеңейте түскені даусыз. Жергілікті жас ақындардың жалынды жырлары да көпшілікті бір серпілтіп тастады. Кеш иесі мен қонақтарының өлеңдеріне жазылған әуезді әндер құлақ құрышын қандырғанын айтпай кету де жарамас. Бір сөзбен айтқанда, мазмұнды кештің бергені мол болды.
Шара соңында киелі сахнаға көтеріліп, тарпаң жырдың тиегін ағытқан Маралтай ақын қылыштан өткір, қылдан нәзік сөз құдіретінің қанатын қомдап, «Туған жерден биік ешнәрсе жоқ» деп ел алдында басын иіп, алғысын айтты.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР