Жамбыл жаңалықтары

Облыс әкі Жуалы ауданына жұмыс сапарымен барды

Written by Aray2005

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Жуалы ауданына жұмыс сапарымен барды. Өңір басшысы аудандағы бірқатар нысандарға, шағын және орта кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарына бас сұқты. Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында аудан тұрғындары және бизнес өкілдерімен кездесті.

Облыс басшысы Жуалы ауданындағы жұмыс сапарын Нұрлыкент ауылдық округіндегі «Гамбург» ЖШС-нің көктемгі дала жұмыстарымен танысудан бастады. Қазіргі таңда серіктестік егістік алқабында күздік қара бидайды минералды тыңайтқыштармен үстемелеп қоректендіру, тырмалау жұмыстарын жүргізуде. 1997 жылы құрылған серіктестік жетекшісі – Кох Георг. Егін және мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтың 4816 гектар жері бар. Оның 2700 гектары егістік алқабы болса, 2116 гектары жайылым. Бүгінде 1253 гектар егістікке жаңбырлатып суғару қондырғынсын орнатып, өз өнімін еселеп отыр. Иелегінде 61 жылқы, 1939 мүйізді ірі қара, 772 шошқа бар. Шаруа қожалықтың өзіне қажетті техникалары да жеткілікті болып шықты. Атап айтар болсақ, 14 трактор, 3 комбайн, 8 автокөлігі бар. Барлығы 125 адамды жұмыспен қамтып отырған серіктестік басшысы, оларға орташа есеппен 60-70 мың теңгедей айлық төлеп отыр.

Келесі кезекте Асқар Мырзахметов Нұрлыкент ауылындағы цифрландырылған ақпараттық орталықтың жұмысымен танысты. Өткен жылы іске қосылған орталыққа жергілікті бюджеттен 15 миллион теңге бөлінген. Жалпы ауданы 131,4 шаршы метр болатын ыңғайластырылған арнайы ғимаратта орналасқан. Орталықта бір қызметкер тұрғындарға қызмет етеді. Ондағы интернет желісіне қосылған 5 дана комьпютер арқылы нұрлыкенттіктер түрлі қызметтер алуда. Атап айтсақ, мекен-жайы, сотталмағандығы, жылжымайтын мүлкі, зейнетақы қоры туралы секілді бірқатар анықтамаларды алып, балабақшаға кезекке тұру, некеге тұруға өтініш беру секілді қызметтерді де пайдалануда.
Жуалы ауданындағы жұмыс сапары барысында Асқар Исабекұлы №16 «Жуалы»колледжіне арнайы барды. Қарасаз ауылдық округі Ақбастау ауылында орналасқан білім ордасының жалпы алаңы 2170,79 шаршы метрді құрайды. 1985 жылы іргесі қаланған нысанның қазіргі жағдайы күрделі жөндеуді қажет етеді. Су, жылу, кәріз, электр желілерімен қамтылмаған. Алдын-ала болжам бойынша күрделі жөндеуге қажетті қаражат көлемі 72 миллион теңгені құрап отыр. Алдағы уақытта облыс әкімдігі білім басқармасының есебіндегі колледждің жатақхана ғимаратын аудан меншігіне өткізіп, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, тұрғын үй ретінде пайдалануға беру көзделуде. Онда барлығы 42 пәтер болады деп күтілуде.
Өңір басшысы сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ облыс бойынша филиалы – «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің Жуалы аудандық бөлімінде болып, жұмысымен жан-жақты танысты. Бөлім басшысы Мақсат Зиябеков бүгінде 20 маман аудан тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді ұсынып отырғанын жеткізді.
2016 жылы пайдалануға берілген мекеме ғимараты жалпы алаңы 1003,10 шаршы метрді құрайды. Жоба құны – 120 миллион теңгеге айналған. Екі қабаттан тұратын нысанда аудандық халыққа қызмет көрсету орталығымен бірге халықты жұмыспен қамту орталығы, зейнетақы төлеу мекемелері де орналасқан.
Асқар Исабекұлы өз кезегінде аудандық жұмыспен қамту орталығының жұмысын да барлады. Мекеме директоры Сабитхан Қожанов орталықтың жай-күйі туралы жан-жақты баяндады. Ол бүгінде онда барлығы 33 адам жұмыс жасайтынын, оның 9-ы техникалық қызметкерлер екенін жеткізді. Орталықтың материалдық жағдайы көңілге қонымды. Барлығы 17 компьютер бар. Бейнебақылау жүйесі, бейнеконференция залы, өзіне-өзі қызмет көрсету аумағы тиісті техникалармен қамтылған. Залда ресепшн және электрондық кезек жүйесі іске қосылыпты.
Сонымен қатар, Асқар Мырзахметов Жуалы аудандық орталық аурухананың жай-күйімен танысты. Б.Момышұлы ауылында орналасқан аурухана – 115 орынға ыңғайластырылған. Типтік ғимаратының жалпы аумағы 3346 шаршы метрді құрайды. Онда барлығы 84 дәрігер, 364 орта буындағы медицина қызметкерлері, 109 жұмысшы қызмет етеді.
Айта кету керек, орталық аурухананың маңындағы жер учаскесін ауданның меншігіне алып, онда тұрғын үй құрылысын жүргізу мәселесі көтеріліп отыр. Бұл бағытта тиісті зерттеп-зерделеу шаралары атқарылатын болады.
Жуалы ауданындағы облыс әкімі барған келесі нысан – Диқан ауылындағы №18 Ы.Байділда атындағы орта мектебі болды. Ақсай ауылдық округінде орналасқан 80 орындық білім ордасы 1992 жылы пайдалануға берілген. Бір қабатты мектеп ғимаратының жалпы аумағы 604 шаршы метрді құрайды. Онда 35 педагог, 16 кіші қызметкерлер қызмет етеді. Бүгінде білім ошағында барлығы 224 оқушы білім алуда.
Айта кетейік, бұл мектеп ғимаратының құрылысы саманнан салынған. Кез-келген уақытта апатты болу қаупі бар. Қазірдің өзінде нысанның қабырғалары жарылып, тозығы жеткені байқалады. Оған қоса оқушы саны да артып келеді екен. Осыған байланысты жаңа мектеп құрылысын жүргізу мәселесі сөз болды.
Сонан соң Асқар Мырзахметов жуалылық тұрғындармен кездесті. Аудандағы №1 мектеп гимназиясында өткен кездесуге 100-ден аса адам қатысты. Онда көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың әлеуметтік мәселесі сөз болып, талқыланды.
Жалпы, қазіргі таңда ауданда 1819 көпбалалы отбасы бар. Оның ішінде «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлерінің саны – 92. Бұған дейін аудан бойынша 1796 отбасы немесе 9272 адам атаулы әлеуметтік көмек алып келсе, енді олардың қатары айтарлықтай өсіп отыр. Атап айтсақ, ағымдағы жылы атаулы әлеуметтік көмек заңына өзгерістер енуіне сәйкес және күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан 70 пайызға көтерілуіне байланысты аталмыш көмекпен 2500 отбасы немесе 12828 адамды қамту жоспарлануда. Тұрғындардың тілек-өтініштерін тыңдаған өңір басшысы қажетті көмектердің барлығы мүмкіндігінше жасалатынын жеткізді.

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Жуалы ауданының орталығындағы «Нұр-Ай Плаза» бизнес орталығының жұмыстарымен танысып, жай-күйіне қанықты. Өңір басшысы аталмыш орталықтың мәжіліс залында ауданның бір топ бизнес өкілдерімен кездесті. Жуалылық кәсіпкерлер өз кезегінде жұмыстарын жандандыру барысында туындап отырған түйінді мәселелерді алдыға тартты. Асқар Исабекұлы өңір экономикасын көтеру үшін шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту керектігін, ол үшін тиісті барлық жағдайлар мен мүмкіндіктер жасалатынын жеткізді. Кездесіп отырған кедергілерді шешу үшін жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, бүгінде Жуалы ауданы бойынша 4392 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Қазіргі таңда оның 91,4 пайызы яғни 4016-сы жұмыс істеп тұр. Барлық тіркелген кәсіпкерлік субъектісінің 0,6 пайызы орта, 3,4 пайызы шағын кәсіпорындар. Ал, 46 пайызы жеке кәсіпкерліктің үлесінде десек, қалған 50 пайызын шаруа қожалықтары құрайды. Жалпы ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында аудан бюджетіне жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарынан 40 миллион 9 мың теңге салықтық түсім түскен. Сондай-ақ, ауданда жыл басынан бері жалпы құны 9 миллиард 120 миллион теңге болатын 7 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, 132 жаңа жұмыс орны ашылыпты.

Келесі кезекте Аcқар Исабекұлы Жуалы ауданында бой көтеріп жатқан жоба құны 3,4 миллиард теңге болатын «Қаралма» таулы сауықтыру базасына барып, құрылыс жұмыстарын барлады. Шақпақ ата ауылдық округіне қарасты Т.Дүйсебайұлы атындағы ауыл аумағындағы тау-шаңғы базасының құрылысының басым бөлігі аяқталған. Бүгінде тиісті жұмыстар қызу жүргізілуде. Онда сауықтыру, тынықтыру мақсатында қыс мезгілінде қысқы спорт түрлері, тау шаңғысы, сноуборд, жаз мезгілінде велотуризм, жылқымен серуендеу және тағы басқа қызметтер көрсетілмек.

Демалыс базасы бір мезгілде 2500-3000 адамды қабылдауға қауқарлы. Орнатылатын арқан жолдарының саны – 4, тау шаңғы жолдарының ұзындығы – 9150 метрді құрайды.
Сапары барысында Асқар Мырзахметовтың Жуалы ауданындағы жұмыс сапары Шақпақ ауылдық округіндегі «ШақпақДорСервис» ЖШС-нің «Битум» зауытымен түйінделді. Жоба құны 161,0 миллион теңге болатын зауыт жылына 17,5 мың тонна битум шығарады деп жоспарлануда. Онда барлығы 27 адам жұмыс жасауда.
Бүгінде зауыттың құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталған. Ағымдағы жылдың маусым айында толығымен іске қосылады деп күтілуде. Серіктестік директоры Мұхтар Мамбеталиев өңір басшысына бірқатар өтініштерін жеткізді. Ол зауытқа газ тарту, маңындағы жол тұйығын қалпына келтіріп беруді және қосымша қаржылай қолдау керектігін айтты. Асқар Исабекұлы аталған өтініштер қараусыз қалмайтынын, мүмкіндігінше қажетті жұмыстар жасалатынын жеткізді.
Осылайша аймақ басшысының Жуалы ауданындағы жұмыс сапары қорытындыланды. Бір күндік жұмыс сапары барысында ауданның басты бағыттары – экономикалық және әлеуметтік салалардағы жұмыстар сараланып, бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктелді.

ПІКІР