Жамбыл жаңалықтары

Облыс әкімдігінде 2020 жылдың бюджеті қаралды

Written by Aray2005

Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өңірдің 2020 жылдық бюджетін қалыптастыруға байланысты ұсынылуға тиіс жобалық-сметалық құжаттардың барысы қаралды. Басқосудың күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімідігінің құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдарбеков баяндама жасады. Ол алдымен облыс бойынша талдау жүргізуге қажет 114 жоба бойынша баяндап, оның 9-ы ғана жоспарға сәйкес атқарылып жатқандығын жеткізді. Бүгінде 49 жобалық сметалық құжат сараптама қорытындысын алса, 56-ы мерзімін өткізіп, аяқталмай жатқанын ашық айтты.
Басқарма басшысы 2019 жылы жаңадан әзірленіп жатқан 145 жобалау сметалық құжаттамалары туралы да тоқталып өтті. Оның айтунша, ол жобалардың 20-сы бойынша ғана мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталып, келісімшарт орнатылса, 58-і бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы енді өту үстінде. Ал 67 ЖСҚ бойынша конкурс әлі күнге жарияланбаған. Жалпы, 89 жобалық-сметалық құжат сәулеттік-жоспарлық тапсырмасы әзірленбеген.
Асқар Исабекұлы аталған кемшіліктер бұл жобалық-сметалық құжаттарды келер жылдың бюджетіне енгізу үшін кедергі болатанын жеткізіп, осыған жол берген сала басшыларын сынға алды. Жауапты басшылар өз кезегінде жобалардың дені аудандарға тиесілі екенін, ал ауданда бұл бағытта жұмысты үйлестіріп алып кететін мамандардың тапшылығын алдыға тартты. Бар мамандардың өзі іс барысын жете түсінбейді, өңір басшысының «Бюджет заңнамасының орындалуының тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» №50 қаулысы бойынша жұмыс жүргізуге құлықсыз дейді. Олар енді бұған аудан әкімдерінің жауапкершілігін арттыра түсу керектігіне көңіл бөліп отыр.
Сондай-ақ, жиында 2013-2018 жылдары аяқталмаған 65 жобаның құнына талдау қорытындысы сараланды. Бұл орайда бекітілген регламентке сәйкес қаралғанда 11 миллиардтан астам қаражаттың үнемделуі жоспарлануда екен. Бұған дейін осы бағыттағы жұмыстардан 10 миллиард теңгеден астам қаражат үнемделген. Осылайша өңірде барлығы 20 миллиардтан астам қаражат үнемделмек.
Асқар Исабекұлы тұрғын-үй салу үшін кезекте тұрғандардың сұранысын қанағаттандыру үшін жүйелі жұмыс керектігін баса айтты. Биыл барлығы инфрақұрылыммен қамтылған 1547 жер телімі үлестірілмек. Өңір басшысы бұл санды кем дегенде екі-үш есеге жеткізу жолында шаралар қабылдауды тапсырды. Сол секілді, игерілменген жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару бойынша да нақты жұмыстар қолға алынбақ.
Басқосу барысында өңірдегі өзге де салалардағы жемісті жұмыстар атап көрсетілді. Нақтырақ айтсақ, өңірдегі кестемен берілетін елді мекендерді тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылданған. 2019 жылы 50000 тұрғынды жүйеге қосудың нақты жоспары әзірленіп, бүгінгі күнге, 32697 тұрғын немесе 65,4 пайызы қосылған. Жоспарға сәйкес жұмыстар жалғасуда. Ал, ауыз су кестемен берілетін елді мекендер саны 65-тен 55-ке азайтылып, тәулігіне ауыз су 2-4 сағаттан берілетін 8 елді мекеннің ауыз су берілу уақыты 12 сағатқа жеткізілген. Сонымен қатар, былтыр 70 елді мекенде ақпараттық орталықтар ашылса, ағымдағы жылы 71 елді мекенде осындай орталықтар ашу көзделуде. Облыс басшысы бұл орталықтардың жұмыс істеу тәртібін бірыңғайландыру үшін арнайы ереже бекітудің маңыздылығын баса айтты. Жиында осы және күн тәртібінде қаралған өзге де мәселер бойынша тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.

ПІКІР