Жамбыл жаңалықтары

Облыс әкімдігінде денсаулық сақтау саласының қорытындысы қаралды

Written by Aray2005

Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының өткен жылы атқарған жұмыс қорытындысы қаралды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша басқарма басшысы Марат Жұманқұлов баяндама жасады.
Облыс бойынша барлығы 396 медициналық мекеме бар. Оның 30-ы аурухана, 356-сы амбулаториялық –емхана. 2018 жылы саланың бюджеті 55,4 миллиард теңгені құраса, ағымдағы жылы 56494,2 миллион теңге бөлінген.
Былтырғы жылы өңір тұрғындарының орташа өмір сүру ұзақтығы 72,43 жасты құраса, жалпы өлім-жітім коэффиценті 5,6-ға тұрақтаған. Сондай-ақ, 2 ана өлімі, 154 бір жасқа дейінгі нәресте өлімі тіркелген. Басқарма басшысы басқармаға қатысты 3 нысаналы индикатор және 36 нәтижелі көрсеткіш бар екенін, оның 4-і орындалмағанын жеткізді.
2018 жылы барлығы 39 нысан пайдалануға берілген. Оның ішінде 29 мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында, 9 жергілікті бюджет есебінен, 1 сатып алынды. 6 денсаулық сақтау нысандарын күрделі жөндеуден өткізілген. Есепті жиында денсаулық саласындағы кадр тапшылығы, жас мамандарды қолдау мәселелері, медициналық қызметтің сапасын арттыру, мекемелердің жүктемелігін реттеу секілді бірқатар мәселелер көтеріліп, талқыланды.
Айта кету керек, өткен жылы өңір басшысының қатысуымен өткен кеңесте басқармаға берілген 23 хаттамалық тапсырманың 10-ы орындалмаған. Жеке тұлғалардан 175 арыз -шағым түссе, ол бойынша 28 қызметкер жауапкершілікке тартылып, 2 бас дәрігер жұмысынан босатылған.
Асқар Исабекұлы, көрсеткіштерде бәрі жақсы болғанымен, шын мәніндегі халықтың сұранысын қанағаттандырудың маңыздылығына назар аударды. Тұрғындардың денсаулық саласындағы көрсетілер қызметтің сапасына қатысты базынасына құлақ түріп, өтініштермен нақты жұмыс істеу керектігін баса айтты. Сондай-ақ, скринингтік орталықтардың санын арттыру, арыз-шағымдармен күнделікті жұмыс жүргізу бойынша нақты тапсырмалар берді. Кадр тапшылығын шешу, жас мамандарға тиісті жағдай жасай алмай отырған бірқатар аудан әкімдерінің орынбасарларынан жауап алды.

ПІКІР