Облыстық әкімдікте

Облыс әкімдігінде құрылыс құжаттарының жай-күйі қаралды

Written by Aray2005

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен әкімдіктің аппараттық кеңесінде 2013-2018 жылдары аралығында облыстағы құрылыс нысандарына жасалған жобалық-сметалық құжаттардың қазіргі жай-күйі талқыланды. Жиында облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова хабарлама жасады.
Басқарма басшысы 2013 жылдан бері жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, жүзеге асуы түрлі деңгейде тұрған 368 жобаның ішінен әзір болғанына, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылуына және сатып алу жолымен нысан қажеттілігі мәселесі шешілгеніне байланысты 147 жобаның тізімнен алынғандығын айтып өтті. Енді әкімдік алдында осы 147 жобаға егжей-тегжейлі талдау жасап, бақылауға алу мәселесі тұр. Мұның ішіндегі 46 жоба бүгінде іске асқан. Ал жүзеге асып жатқаны – 14, ал оның 6-ы республикалық бюджетке енгізілсе, қалған сегізі облыстық бюджет қаражатына ұсынылған. Жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып, мелекеттік сараптамадан шығып қойғандықтан 16 жобаның ендігі аяқ алысы алаңдатарлық емес.
– Жалпы, құрылыс жобаларының тиімділігі мен олардың жүзеге асырылу барысын пысықтап, тиісті шешім қабалдаудағы бар мақсатымыз — бюджет қаражатын үнемдеу. Облыс әкімінің тапсырмасымен былтыр 2013 жылдан бері жүзеге асып жатқан жобаларды талдау жұмыстарын бастағанбыз. Былтыр жобалық-сметалық құжаттарға қатысты арнайы регламент бекітіліп, сол бойынша әр құрылыс нысанының шекті құнын белгіледік. Сол межеге сәйкес жұмыс жүріп жатыр. Нәтижесінде, былтыр 10 миллиард теңгеден астам қаржыны үнемдедік. Биылғы жұмысымыз барысында да үнемдеуге басымдық беріп, оның да нәтижесін алдағы уақытта көреміз деген ойдамыз, – деді облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев.
Облыс әкімі жиын соңында күн тәртібіндегі мәселеге қатысты түйткілдерді тез арада әрі сапалы шешу мақсатында аудандармен де жұмысты күшейтуді жүктеді. Сондай-ақ, жүзеге асқалы тұрған құрылыс нысандары жобасының ішінен маңызды әрі ауқымдыларын тез арада іріктеп, биыл бекітілетін республикалық үшжылдық бюджетке енгізу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

ПІКІР