Жамбыл жаңалықтары

Облыс әкімдігінде жол мәселесі талқыланды

Written by Aray2005

Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өңірдегі жол құрылысының мәселелері бойынша жиын өтті.

Жиында күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков баяндама жасады. Ол алдымен басқарма әкімші болып табылатын 67 нысан бойынша келісім-шарттар жасасу жағдайына тоқталып өтті. Оның айтуынша, бүгінде 38 нысан бойынша келісім-шарттар жасалған. Ал, 17 нысан бойынша шағымданулар орын алып жатса, 10 нысан бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Сондай-ақ, 1 нысан бойынша шағымдану қорытындысы шықса, тағы 1 нысан бойынша конкурс жарияланбаған.

Айта кету керек, 67 нысанның 48-і орташа жөндеу, 13-і ағымдағы жөндеу, 2-і қайта жаңғырту, 4-і жаңа жол құрылысын жүргізу бойынша белгіленген.

Облыс басшысы келісім-шарт жасалған нысандар бойынша нақты талдаулар, олар бойынша жүйелі жоспардың керектігін баса айтты. Талдау мен жоспарда олардың орындалу мерзімі, мердігер компаниялардың әлеуеті, техникалық мүмкіншілігі секілді жағдайлар толығымен қамтылу жайы сөз болды. Бұл бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.

Сондай-ақ, жиын барысында салаға қатысты түсіп жатқан арыз-шағымдар мен сыни матариалдардың маңыздылығы сараланды. Ағымдағы жылдың  басынан бері барлығы 91 арыз-шағым келіп түссе, оның  37-і басқармаға тіркелген. Қалғаны әлеуметтік желідегі жарияланымдар. Айта кетерлігі, 91 арыз-шағымның 66-ы облыс орталығы – Тараз қаласының көшелеріне қатысты болып отыр.

Асқар Исабекұлы бүгінде Тараз қаласының негізгі көшелері жапа-тармағай қазындыларға айналғанын тілге тиек етіп, ол өз кезегінде әлеуметтік желі қолданушылардың да наразылығын тудырып отырғанына назар аударды. Өңір басшысы жер асты құбырларын жөндеу, ауыстыру жұмыстары тиянақты әрі рет-ретімен жүргізілу керектігін ескертіп, шаһар көшелеріндегі бей-берекетсіздікті қалпына келтіру бойынша қала әкіміне нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, қаладағы өзге де мәселелерді реттеу бойынша тиісті жұмыстарды жолға қою керектігі жүктелді. Бұл бойынша облыс әкімінің  тиісті орынбасары, қала әкімі және сала басшыларынан арнайы жұмысшы топ құрылып, нақты іс-шаралар жоспары бекітілетін болды.

ПІКІР