Облыс әкімі әуе апатынан қаза тапқан сарбаздың отбасына көңіл айтты

0 4

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әуе апатынан көз жұмған аға лейтенант Мұхтар Сағынбаевтың жақындарына көңіл айтты. Жеделхатты аймақ басшысының орынбасары Ержан Жылқыбаев жеткізді.

«Орын алған ұшақ апаты барша қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырды. Онда ажал құшқан азаматтар өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқару жолында құрбан болды. Солардың бірі – Мұхтар Қажымұқанұлы. Кәсібилігімен көзге түсе білген жалынды жастың есімі жадымызда сақталады», делінген жеделхатта.
Кеше қапыда қаза болған Мұхтар Сағынбаевтың денесі туған жері Меркі ауданында жер қойнына тапсырылды. Небәрі 26 жасында бақилық болған Мұхтар Қажымұқанұлы экипаж штурманы қызметін атқарған.
Еске сала кетейік, 13 наурыз күні Алматы әуежайына жақын маңдағы Қызыл Ту ауылында әскери АН-26 ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Ұшақ бортында алты адам болған. Төрт әскери қызметші, аға лейтенант Досжан Баймұратов, сержант Евгений Васильков, аға лейтенант Мұхтар Сағынбаев және майор Ғабит Барлықбаев оқиға орнында қаза тапты. Ал аман қалған екі әскери ауруханаға жеткізіліп, ем қабылдауда.
Қазіргі таңда ведомствоаралық жұмыс комиссиясы құрылып, әуе апатының мән-жайын анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.