Облыс әкімі әйелдер қауымына құрмет көрсетті

0 9

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әйелдер қауымын салтанатты түрде қабылдап, ізгі тілегін білдірді.
Жиында аймақ басшысы құттықтау сөз сөйлеп, нәзік жандылардың қоғамдағы ролін айрықта атап өтті. Сондай-ақ көпбалалы аналар, түрлі салада жетістікке жеткен әйелдер қауымының еңбектеріне тоқталды.
– Президент, ғалым, ақын да сіздер арқылы дүниеге келген. Аналармен дүние жалғасады. Әрі егеменді еліміздің дамуы жолында да нәзік жандылар көп еңбек сіңірді. Арғысы репрессия, соғыс бертіндегі індет жағдайында да ерлермен тең еңбек етіп, үлес қосып келесіздер. Иә, халқымызда аты шыққан әйел азаматтары жетерлік. Оның ішінде, киелі Әулиеата өңірінен де атақты әйел азаматтары шыққан. Ол Айша бибіден басталып, бүгінгінің батыры Зульфия Габидуллинаға дейін жалғасады. Рас, бейбіт тірлігімізбен бірлігіміздің ұйытқысы әйелдер. Олар қоғамдағы тұрақтылықтың кепілі. Себебі ана деген – отбасының негізі. Себебі отбасында береке болмай, қоғамда береке болмайды, – деген Бердібек Машбекұлы әйелдер қауымын мейрамдарымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Мұнан соң Еңбек ардагері, облыстың құрметті азаматы Нильзия Рахишева өңірдің нәзік жандыларын айтулы мерекемен құттықтаса, ақын Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Айша Көпжасарова «Ана» атты өлеңін оқыды. Сондай-ақ Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының пульмонолог дәрігері Нұрсұлу Мұхамбетқалиева облыс басшылығының денсаулық саласына көрсетіп жатқан қамқорлығына алғысын білдірсе, жеке кәсіпкер Анар Бексұлтанова нәзік жандыларды өмірдің сынына мойымауға шақырды. Бұдан өзге К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония әртісі Айгүл Мақашова мереке иелеріне әнін арнап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Сонымен қатар облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Лештаева, полиция майоры, көпбалалы ана Диляфруз Кинжеханова, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайни Әлімбекқызы, «Золотой караван» туристік орталығының директоры Альбина Веймер, «АРСМИ» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жанна Мамашева, «Жібек жолы» волонтерлік қозғалысының белсенді мүшесі Динара Берекеева, «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали және «Нағыз патриоттар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ғалия Әбітаевалар сөз тізгіндеп облыс әкіміне алғыстарын жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.