Облыстық әкімдікте

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Ораза айт мерекесімен құттықтауы

Written by Aray2005

Қымбатты жамбылдықтар!

Сіздерді барша мұсылман баласы асыға күткен ұлық мейрам – Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл күн – қасиетті Рамазан айының аяқталып, Ораза айт мерекесіне аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкіршілік етіп, көңіл терезесін тазартып, пендешіліктен жоғары тұруға үндейтін кастерлі де қасиетті күн.

Биыл мұсылман жамағатының ақ пейіл, таза ниет етіп ұстаған отыз күндік Ораза айы тұтас әлем үшін аса күрделі кезеңмен тұспа-тұс келді. Елімізде коронавирус пандемиясына орай жарияланған төтенше жағдай қауіпсіздікті күшейтіп, қатаң шараларды қабылдауға мәжбүр етті. Соған қарамастан, Сіздер осы рахымы мол Рамазан айында мұсылмандықтың қастерлі парызын орындауға тырыстыңыздар. Адамзат баласына орасан зор қауіп төндірген індеттің алдын алуға атсалысып, асқан жауапкершілік танытқандарыңыз үшін ризашылық білдіремін.

Ұрпақтан ұрпаққа аманат болған ата дәстүр мен нұрлы иман құндылығының алдағы уақыттарда да жарасымды жалғасын табарына еш күмән жоқ.
Ұстаған оразаларыңыз, жасаған құлшылықтарыңыз қабыл болғай!

Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Оразадан оразаға, Айттан айтқа аман-есен жеткізуді нәсіп етсін. Ораза айт мерекесі құтты болсын!

Құрметпен Б. Сапарбаев

ПІКІР