Облыс әкімі Достық үйі ғимаратын қалыпқа келтіруге тапсырма берді

0 0

Ағымдағы жылдың мамыр айында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыс орталығын аралау барысында бірқатар құрылыс нысандарына барып, соның ішінде «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде болды.
«Көне Тараз» мәдени орталығында Бердібек Сапарбаев «Қоғамдық келісім» КММ Достық үйінің жұмысымен, күй-жайымен танысты. Достық үйі облыс орталығының ерекше көрікті орындарының бірі болып табылады. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ерекше салынған ғимаратта бүгінде кейбір этномәдени бірлестіктердің орталықтары жұмыс істейді. Ғимараттың холлында әртүрлі көрмелер жиі өткізіліп отырады. Жүздеген адамның қатысуымен іс-шаралар ұйымдастырылады.
Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Қожаева Маржан Төреғұлқызы Достық үйін жөндеуге қатысты бірқатар мәселелерді түсіндіре кетті: жаңбыр жауса төбеден су ағатынын, жылу жүйесінің де нашар жұмыс істейтіндігін, осыған қоса ғимараттың кіреберіс қасбетін жөндеу қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев Достық үйінің жанында орналасқан мұнараның да «жыларман» жағдайда екенін байқады. Ол тиісті орындарға ассамблея ғимаратына байланысты барлық мәселелерді зерделеуді және оларды егжей-тегжейлі шешу жұмыстары бойынша жоспар ұсынуды тапсырды.
«Тараз өзінің жер қойнауында екі мыңжылдық тарихын сақтап қалды. Біздің міндетіміз – ата-бабалардан қалған бұл бірегей мұраны ұрпақтарға тапсыру. Біз киелі Әулиеата жерінің бай тарихын сақтай білуіміз қажет», — деп атап өтті Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Жамбыл облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы

Leave A Reply

Your email address will not be published.