Облыс әкімі фармацевтикалық кәсіпорындарды аралады

0 9

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев медициналық бұйымдар мен дәрілік препараттарды өндіретін кәсіпорындарды аралап, кондитерлік фабриканың жұмысымен танысты.

«Super-pharm» кәсіпорны 2011 жылы үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында құрылған. Мұнда медициналық киімдер және бір реттік жеке бұйымдар, таңу құралдары өндіріледі, он негізгі және екі қосалқы цехтан тұрады. Өндіріс көлемі – жылына 61 миллион бірлікті құраса, оны 191 миллион бірлікке дейін арттыру жоспарлануда. Ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында кәсіпорын 371,3 миллион тенгенің өнімін өндірді десек, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстыранда 1,8 есеге көп. Зауыт толық қуатына шыққан кезде республиканы толық бір реттік медициналық киімдермен қамтуға қауқарлы. Германия, Түркия, Польша, Ресей және Қытайда шыққан заманауи құрылғылармен 200 атаудағы 18 түрлі өнім шығарылады.

«Әмір және Д» зауыты өткен жылы іске қосылып, дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдарды өндіруде. Компанияда дәріханалардың бірнеше желісі бар, онда 90-нан аса адам еңбек етеді. Орташа жалақы 238,5 мың теңгені құрайды.

«Сәуле» Кондитерлік фабрика» ЖШС-і вафли және печенье өндіреді. Фабрика жылына 6660 тонна тәтті өнім шығаруға қуатты. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында кәсіпорын банктік несиелерді субсидия түрінде алды, сондай-ақ, өндірістік инфрақұрылымды дамыту мақсатында қаражатқа ие болды.

Өткен жылы кондитерлік фабрика 1,1 миллиард теңгенің 1200 тонна өнімін тұтынушыларға жөнелтті. Еуропаның жетекші өндірушілері – Австрия, Дания, Швейцария жабдықтарын пайдаланатын кәсіпорын өңірдегі тамақ өнеркәсібінің ірі өндірістерінің бірі деуге толық негіз бар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.