Облыс әкімі онлайн қабылдау өткізді

0 12

Бүгін облыс әкімдігінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев «Zoom» платформасы арқылы аймақ тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Онлайн режимде өткен қабылдауда Алматы қаласының тұрғыны Алмат Мамутов жаңадан құрылыс фирмасын ашқанын, біздің облыстан тендер арқылы мемлекеттік тапсырыс ұтып алғысы келетінін айтты. Бұл жөнінде аймақ басшысы тендерге қатысудың талаптары мен ережелерін түсіндірді.

Тараздық кәсіпкер, «Асыл-ай» тігін фирмасының директоры Алима Садықова болса өз кәсібін дамыту үшін жер телімін алуға ықпал етуді өтінді. Ал Аягөз Қарабаева І топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматқа көмекші болғаны үшін мардымсыз жәрдемақы алып отырғанын, аталған әлеуметтік төлемді 8 сағаттық жұмыс кестесі бойынша алғысы келетінін айтты.

Өз кезегінде Б.Сапарбаев Алима Сарсенқызының тігін цехында болғанын, кәсіпке ұмтылған жалғызбасты, көпбалалы анаға қолдау әр уақытта көрсетілетінін айта келе өзінің орынбасары А.Мәдиевке мәселені «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы шешу жөнінде тапсырма берді.

Ал Аягөз Әбілтайқызының сұрағына жауап берген облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабаек Баубеков бұл өтінішті орындау заңға сай келмейтінін меңзеп, оның заңдылығын сұрақ иесімен жеке кездесіп түсіндіретінін жеткізді.

Қазір Алматы қаласында тұрып жатқан неміс ұлтының өкілі, әнші Анна Вундер тараз қаласынан екі бөлмелі пәтер беруді сұрады. Б.Сапарбаев Анна Александровнанға қазақтың келіні ретінде мемлекеттік тілді жетік білумен қатар, қазақтың әнін, салт-дәстүрін насихаттап жүргені үшін алғыс айта отырып, бұл мәселені шешу үшін демеушілермен сөйлесетінін айтты.

Қабылдауда бұдан да басқа тұрғындар кезек бойынша пәтер алу, жалдамаларлы пәтерін жекешелендіру секілді жеке бас мүддесінен бөлек, «Бәйтерек» ықшамауданына бағдаршам орнату, ондағы №26 тұрғын үй жолға жақын болғандықтан ауланы қоршау секілі көпке ортақ әлеуметтік мәселерді де көтерді. Қабылдауға жазылған азаматтардың барлығына заң аясында жауап берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.