Жамбыл жаңалықтары

Облыс әкімі Шалғай Қарасу ауданының тұрғындарымен кездесті

Written by Aray2005

Аймақ басшысы Асқар Мырзахметов халық алдындағы есебінде берген уәдесін орындап, облыс орталығындағы Шалғай Қарасу ауданының тұрғындарымен кездесті. Мұндағы жұртшылықтың проблемалық мәселелеріне құлақ салып, оларды шешу жолдарын көрсетті. Өңір басшысы, сондай-ақ, қордаланған проблемаларды шешу бағытында  шенеуніктер тарапынан берілген уәденің сөз жүзінде қалып кетпеуі үшін жергілікті тұрғындармен келісім жасалатынын айтты.

Темір жолдың арғы бетіндегі 70 мыңға жуық тұрғынның атқарушы билікке айтар базынасы аз емес. Өздерін он сегізінші ғасырда өмір сүріп жатырмыз деп, шулаған халықтың сөзіне құлақ түрсек, мұнда шешімін күткен проблема шаш етектен. Мектеп керек, балабақшаға сұраныс бар, емхана болса, тағы қажет. Үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен жойылды деп есеп берген білім саласы мамандарының сөзін мұндағылар жоққа шығарып отыр. Көшенің жарығын айтпағанда, жеке үйлерге электр энергиясы мұң.

Қарасулықтар қалада тұрамыз деген аты болмаса, күніміз шалғай аудандағылардан жаман деп шағынады. Әлеуметтік нысандар салу мәселесінің көтерілгеніне де он-он бес жылдан асқан. Бұған дейінгі басшылардың берген уәделеріне тойып болдық дейді олар.

Тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселеге сала басшылары  жеке-жеке жауап берді. Бұл аймаққа алдағы уақытта 600 орындық мектеп салынады. Құжаттары қаралуда, екінші жартыжылдықта қаржы бөлінсе, келесі жылы құрылысы жүргізіледі. Облыс әкімі бұл істі олай ұзаққа созбай, керісінше осы жазда мектеп құрылысын бастауға пәрмен берді. Айта кету керек, бұл білім мекемесінің құны қайта есептеліп, 1 млрд 700 млн. теңгеден, 1 млрд. 80 млн-ға төмендеген. Осылайша, бюджет қаражатының 620 млн теңгесі үнемделіп отыр.

Денсаулық саласына да айтылар сын көп. Тегін дәрі дәрмек дер кезінде жетпейді, жедел жәрдем қызметіне жеделдік керек-ақ.

Мұндағы ми батпақ жол жергілікті халықтың біраздан бері шешілмей келе жатқан проблемасы. Жауын-шашын бола қалса, белшемізден балшыққа батамыз деп шырылдайды. Қоғамдық көлік қатынасы қиын, жол белгілерін орнату қажет. Бұл салаға жауапты Жәнібеков, ертең-ақ, бұл іске бел шеше кірісем, деп уәде етті.

Халықтың әкімге айтар базынасы аз емес. Талайдан бергі қордаланған мәселелерді шешуге ықпал етсе деп артар үміт те көп. Асқар Мырзахметов жұртшылықтың  талап-тілегі бұрынғыдай жерде қалмас үшін, атқарушы билік пен халық арасында келісім жасалатындығын жеткізді.

Жиын соңында Асқар Мырзахметов осындағы мектеп ішінен ашылған Мағжан Жұмабаев мұражайына кіріп, құрметті қонақ ретінде қолтаңбасын қалдырды.

ПІКІР