Облыс әкімі жамбылдық журналистермен кездесті

0 11

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, ашық форматта әңгіме өрбітті. Кездесу барысында «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен облыстық «Jambyl» телеарнасы директорларының есебі тыңдалды.

Алдымен «Jambyl» телеарнасының директоры Мейіржан Жиенәлі мекеменің тыныс-тіршілігін, алдағы жоспарларын баяндады.
– «Jambyl» телеарнасында 89 қызметкер еңбек етуде. Тәулігіне 17 сағат хабар таратамыз. Өнімдеріміздің 80 пайызы қазақ тілінде болса, 20 пайызы орыс тілінде. Эфир бөлінісі бойынша 44 пайызы хабарлар болса, 23 пайызы ақпарат, 29 пайызы киноөнім, 4 пайызын жарнама құрайды. Телеарнаны облыс, сондай-ақ «Otau tv» арқылы еліміздің кез келген өңіріндегі көрермен көре алады.
Күзгі телевизиялық маусым кезінде жаңа бағдарламаларға жан бітірдік. Нақ­ты­рақ айтсақ, жаңа маусымға 7 жаңа­лық әкелдік. Мәселен «Әкім. Уәде мен үде» атты жобамыз көрерменнің көңілі­нен шықты. 12 түсірілім эфирге шығып, Тараз қаласы мен 10 ауданның жетістіктері мен кемшіліктері талқыланды. Сол 12 түсірілімде 30 ауылдың жағдайы көрсетілді. Хабар соңында тұрғындар ауыл әкімдерінің жұмысына баға берді. Нәтижесінде ауыл әкімдерінің 70 пайызына тұрғындар «3» деген баға берсе, 20 пайызы «4» және 10 пайызы «5» деген баға алды. Аудан әкімін танымайтын тұрғындар да табылды. Енді «Әкім. Уәде мен үде» хабарының 2-маусымын бастағалы отырмыз.

Бұдан бөлек «Сөзден іске», «Қырағы көз» сынды бағдарламалар мен әлемдік пандемия кезінде «Үйде отырыңыз» сынды жамбылдық танымал тұлғалардың бейнеүндеуі мен ұлы Абай, әл-Фарабидің мерейтойларына арналған түсірілімдер де эфирге шықты. Сондай-ақ Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік тәжі», «Азаттық айдынындағы Әулиеата» сынды хабарлар циклі де көрермендерге тұрақты түрде жол тартты. Бұл бағыттағы жұмыстарды биыл да жандандыра түсеміз, – деді Мейіржан Әлібекұлы.
Келесі кезекте «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры Нұрбек Бекен сөз алып, жарты жыл бұрын құрылған холдингтің жұмысына жан-жақты тоқталды.
– Өткен жылы облыстық «Aq jol», «Знамя труда» және «ARAI» газеттерінің басын қосып, «AULIEATA-MEDIA» серіктестігі құрылды. Бүгінде холдингте 94 адам жұмыс істеуде. Облыстық басылымдарды бір шаңырақтың астына біріктіргеннен кейін қызметкерлердің айлық жалақысы 20 пайызға өсті. Үш газеттің жазылымы 24 339-ды құраса, сондай-ақ холдингтің «Жамбыл инфо» атты жеке сайт іске қосылды.
Өткен жылы «ARAI» жастар газеті холдинг құрамында 15 жылдық белесін атап өтсе, «Aq jol» газеті «Үркер-2020» ұлттық сыйлығының «Жыл басылымы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Бұл біздің ұжым үшін ғана емес, тұтас облысқа үлкен абырой.
Қазіргі таңда барлық басылымдардың әлеуметтік парақшалары белсенді жұмыс істеуде. «Жамбыл инфо» сайты да оқырманды жедел ақпаратпен қамтамасыз етіп отыр. Бір айта кетерлігі, газет тілшілері оқиға орнына барғанда немесе белгілі бір азаматтармен сұхбаттасқанда диктафонға ғана жазып қоймай, видеоанонстарын да әлеуметтік желілердегі парақшаларына салып отыр. Осылайша журналистер оқырманның қызығушылығын оятып, сайт пен әлеуметтік парақшаларды қараушылардың контентін өсіруде. Енді осы тілшілердің еңбегін бағалау мақсатында өңірлік басылымдарда қаламақы мәселесі мүлде қаралмаған. Осы түйткілдің түйінін тарқату журналистердің тілегі болып тұр.
Алдағы жоспарға келсек, мамыр айынан бастап облыстық «Aq jol» газеті 100 жылдық белесіне қадам басады. Осыған орай холдинг қабырғасынан ақсақалдар алқасын құру жоспарлануда. Іс-шаралар жоспары да бекітілуде,– деді Нұрбек Мұхаметқалиұлы.
Баяндамашыларды тыңдаған облыс әкімі жыл ішінде атқарылған жұмыстарды жоғары бағалады. Сондай-ақ аймақ басшысы кездесуге қатысып отырған өзге де журналистердің ұсыныс-тілектерін айтуға мүмкіндік берді. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің дені жалақыны өсіру, мемлекеттік тапсырыс көлемін арттыру және жаңа техникамен қамтамасыз ету сынды мәселелерді көтерді. Бердібек Машбекұлы барлық сауалдар бойынша тиісті шаралар қабылданатынын айтып, журналистерді ең бірінші жұмыла жұмыс істеуге шақырды. Сонымен қатар биыл тойланатын айтулы мерекелерге, мемлекеттік бағдарламаларға, тіл саясаты мен отбасы тәрбиесіне басымдық беріп, жан-жақты ақпараттар таратуға шақырды.

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.