Облыс әкімінің есебі: Пікірлер тоғысы

0 2

Бұқара мен билік арасында берік байланыс орнады

Аманкелді КӘРЕНТАЕВ,
Д.Қонаев атындағы халықаралық қоры облыстық бөлімшесінің төрағасы, облыстың Құрметті азаматы

Шынында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің өңір тұрғындары алдындағы есеп беру жиыны жоғары деңгейде өтті. Аймақ басшысы облыстың өткен жылдағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы баяндамасын жасап болған соң, 60-қа жуық жамбылдықтың сан түрлі сауалдарына нақты жауаптарын берді. Бұл билік пен бұқара арасындағы берік байланыстың орнағандығын көрсетеді.
Облыс басшысына қойылған сауалдардың барысында көпшілік негізінен әлеуметтік маңызы бар мәселелерді көтерді. Әр сұраққа жауап бере отырып Асқар Исабекұлы халықтың әлеуетін көтеруге бағытталған жұмыстарға тоқталды. Менің түсінігімде мұндай жұмыстар өзінің оң нәтижесін беретіні сөзсіз.
Жалпы алғанда, облыс әкімінің есепті кездесуі аса қажетті жиын. Өйткені, мұндай басқосулар ел арасындағы қордаланған мәселелердің анықталып, назарға алынатын орны. Былайша айтқанда, бұқара мен билік арасындағы ашық диалог алаңы.
Бағамдап қарасақ, бір жыл ішінде аймақта ауқымды жұмыстар атқарылған. Өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығы саласында және өзге бағыттарда тиянақты түрде жүзеге асырылған жұмыстар жеткілікті. Өсу, өркендеу бар екені тайға таңба басқандай анық. Биыл да алға қойылып отырған міндеттер мен мақсаттар көп-ақ. Жұмыс осылай қалыпты ырғақпен жалғасын таба берсе, барлық түйткілдер рет-ретімен шешіледі деген ойдамын.
Жұртшылық игілігіне бағытталған жұмыстар жүректерге сенім ұялатады. Баянды бастамалар, жаңа жобалар лайықты түрде жалғасын табуы үшін облыс әкімінің жұмысына тек жеміс тілеймін. Өркениет биігіне ұмтылған өңіріміз өркендей берсін!

Егістік көлемін ұлғайту – ұтымды шешім

Ерболат Досымбаев,
Шу аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы

Өңірде өткен жылы ауыл шаруа­шы­лығы саласын дамыту бағы­тын­да қыруар шаруа қолға алынды. Бұл қоз­ға­лыс­ты аграрлық әлеуеті жоғары аудан­дар, ауылдар айқын сезініп жатыр. Облыс әкімінің есепті кезеңде атқарған жұмы­сын­да егістік алқабын ұлғайтуға, суар­ма­лы жерлердің көлемін арттыруға басым­дық берілгені көңілімнен шықты. Сәй­ке­сін­ше бұл мәселелерге облыс әкімінің тапсырмасымен түзілген ар­найы картада да айрықша назар ау­дарыл­ды. Соның нәтижесінде облыстағы егістік алқабы өткен жылы 38 мың гектарға ұлғайған. Біле білгенге бұл жұмыс­тарды ұйымдастыру оңай шаруа емес. Дәл осы салада ұзақ жыл еңбек еткен маман ретінде суармалы егіс­тік көлемін арттыру мәселесінің өзек­ті­лі­гін атап өткім келеді. Кеңес одағы тұсын­да облыста 210 мың гектар жер сулан­ды­рыл­ды. Демек облыстың бұл бағыттағы потенциалы мол. Ендігі кезекте жұмысты жүйелі ұйымдастыра білу қажет. Қазір облыста 96 мың гектар жер суармалы егістік алқабына жатады. Облыс әкімінің есебінде 115 мың гектар суармалы егістік алқабын қолданысқа енгізу туралы айтылды. Өткен жылдың екінші жартысынан бастап Байзақ, Жамбыл, Мойынқұм аудандарында 1400 гектар жердің суармалы егістік санатына ауыс­тырылғаны бұл бағыттағы жұмыстың жүйелене бастағанын аңғартады.
Менің айтып отырғаным тек ауыл шаруашылығы саласындағы қыруар жұмыстың бір бөлігі ғана. Мұнан өзге, өндіріс, әлеуметтік бағдарламалар, кәсіпкерлік, денсаулық сақтау, тағы да басқа көптеген салаларда да облыс әкімінің оң бастамаларға қозғау салып жүргеніне халық куә.

Жүйелі жұмыстың жанынан табыламыз

Нұрсұлтан Манатбеков,
Талас аудандық жастар ресурстық орталығының директоры

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің өткен жылы атқарған жұмысы бойынша кезекті есебінде барлық саланың кеңінен қамтылғаны қуантады. Әсіресе, көпбалалы аналарды қолдау, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жағдай жасау тұрғысынан қолға алынған шаралар көптің көкейіндегісін дөп басты.
Есепті жиында аймақ басшысы жасаған баяндамадағы цифрлар өңір­дің бір жыл ішіндегі әлеуметтік-экономика­лық дамуының серпін алғанын тайға таңба басқандай етіп нақтылап берді. Алда әлі де үлкен міндеттер күтіп тұр. Әсіресе Елбасы бастамасымен бекітілген Жастар жылынан барша жамбылдық өрендер үлкен үміт күтеді.
Бұл тұрғыда облыс әкімі ағымдағы жылы жастар жұмыссыздығы мәселесін шешуге көптеп көңіл бөлінетіндігін тілге тиек етті. Сондай-ақ облыстағы еріктілер қозғалысына тың серпін беріліп, олар әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысатын болады. Бұл қозғалысты жүйелеу мақсатында өңірде өткен жылдың аяғында «Қамқор» жобасы қолға алынды. Қазір құрамында 1000-ға жуық мүшесі бар еріктілер қозғалысы бүгінге дейін 574 тұрмысы төмен отбасыға 3,2 миллион теңге көлемінде көмек көрсеткен.
Расында да өңір басшысы басымдық берген еріктілер жасағын құра отырып, жастарды ұйымшылдыққа тәрбиелеу – заман талабы. Облыс әкімі бас болып жастарды бірлікпен жүйелі тірлікке жұмылдырған сәтте барша замандастарым қолынан келгенін аянып қалмайды деп ойлаймын.

Барлық салада оң динамика байқалады

Сайрамбай Дөненбаев,
Қазақстанның Еңбек Ері, Т.Рысқұлов ауданындағы «Шәушен» шаруа қожалығының жетекшісі

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің осы қызметке тағайындалғанына бір жылдан енді ғана асты. Осы қысқа мерзім ішінде облыс әкімінің пәрменімен көптеген оң өзгерістер орын алғаны көзі қарақты жұртқа мәлім.
Қазіргі кезде даланы айтпағанда, облыс орталығының өзі шырайлана түсті. Іскер азамат ретінде облыс әкімі Тараз шаһарын ауқымды құрылыс алаңына айналдырды. Бүгінде Тараз қаласына келген қонақтар көне шаһардағы оң өзгерістерді көзбен көріп, риза болысып жатыр. Тарихтан тамыр тартатын Тараз әп-сәтте түрленіп, құлпырып шыға келді. Бұл ауқымды тірліктердің бастамасы ғана деп білемін.
Қала келбетінен бөлек өткен жылы облысымызда қоғам өмірінің барлық саласын қамтыған игілікті істер атқарылды. Осынау істі өз деңгейінде ұйымдастырып, Елбасы артқан жауапкершілік жүгін жете сезінген облыс әкімі «Парасат» орденімен марапатталды.
Ал бүгінгі облыс әкімінің есеп беру жиынында жұртшылықпен бірге қыруар жұмыстың көрсеткіштеріне анық көз жеткізе түстік. Өңір экономикасының қай саласында болмасын дамудың оң динамикасы қалыптасқан. Ең бастысы, елдің көкейінде жүрген түйткілдер тиянақты түрде шешімін табуда.
Облыс әкімінің халықтың көкейінде жүрген мәселелерді аса зор ықыласпен тыңдап, олардың шешілу жолын қарастыру туралы айтқан пікірлері де көңілге қонымды. Қаржыны мақсатты пайдалану арқылы оны түйткілдердің түйінін тарқатуға жұмсауы да халықтың тұрмыс сапасын түзудің алғышартына айналды.
Қысқасы, тотыдай таранған Тараз қаласына өзіндік қолтаңбасын қалдыруда, облыстың экономикасының өсімін арт­тыруда өңір басшысының іскерлігі анық аңғарылады.

Тапсырма талабы – нәтиже

Ержан Әмірбекұлы,
ТарМПУ-дың ректоры

Аймақ басшысының бір жылда атқарған жұмыстары туралы есепті баяндамасының тезистерімен облыстық басылымдар арқылы таныстым.
Сонда байқағаным, республика бойынша экономикалық өсім 4,1 пайызды құраса, облысымызда бұл көрсеткіш ортадан жоғары екені байқалады. Сонымен қатар көші-қон мәселесінде де өңірімізде оң динамика қалыптасып отыр.
Ең бастысы, өңір басшысының есебінің нақты дерекке құрылғандығы сүйсінтті. Әрі бар мәселені шешудің жолы да жан-жақты ұсынылған.
Осы орайда облыс орталығында орналасқан жоғары оқу орындарының бірі ретінде біз, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ұжымы облыс әкімінің кез келген баянды бастамаларына қолдау көрсететуге әзір екенімізді білдіргім келеді.
Өңір басшысының ұсынысы негізінде біздің оқу ордамызда «Ізгілік» орталығы ашылды. Орталықтың негізгі мақсаты – жастарға, әсіресе соңғы кездерде қоғамда орын алып жатқан келеңсіз оқиғаларға өзіміздің волонтерлық қолдау көрсетіп, әлеуметтік мәселелерімен айналысу. Яғни, орталықта салиқалы әңгімелер айтылып, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріледі. Өз орнын таба алмай жүрген азаматтармен ақыл-кеңесімізді бөлісіп, ойларымызды ортаға саламыз.
Өңір басшысы Асқар Исабекұлының есепті баяндамасынан соң облысымызда атқарылып жатқан жұмыстардың дұрыс жолға қойылғанын айқын сезіндік. Әсіресе білім саласында тындырылып жатқан тірліктер серпіліске бастайды. Қай саланы алып қарасақта өркендеу бар. Алда қолға алынатын жүйелі жұмыстарды ұйымдастыра білуде облыс әкімінің халық артқан сенімнің үдесінен шығатындығы ешқандай күмән келдірмейді.

Баспанамен қамтуға басымдық беріледі

Серікбол Берікқожа,
Тараз қалалық мәслихатының депутаты

Облыс әкімінің халық алдындағы есеп беру кездесуінде Әулиеата өңірінде жыл ішінде атқарылған жұмыстар толық айтылды. Аймақ басшысы жиында жасаған баяндамасынан бірқатар салаларда нақты өсім барын анық аңғаруға болады. Сол секілді халықтың тұрмыс сапасын арттыруға да үлкен көңіл бөлініп отырғанын көріп келеміз.
Мәселен, есепті кездесуде тұрғындар тарапынан қойылған сауалдардың дені әлеуметтік мәселелерге қатысты болды. Әсересе, әлеуметтік осал топтардың өкілдерін баспанамен қамту жайы жиі айтылды. Өз кезегінде Асқар Исабекұлы бұл бағытта нақты шаралар қолға алынғанын жеткізді. Атап айтқанда, есеп беру кездесуінен бір күн бұрын Асқар Мырзахметов өңірдегі көпбалалы аналармен кездесіп, аз қамтылған және көпбалалы аналарға қажетті көмектер көрсетілетінін, ол үшін биылғы бюджет есебінен 30 миллиард теңге бөлінгенін жеткізді. Сондай-ақ облыста биыл 10 жатақхана салынып, тұрғын үй кезегінде тұрған аз қамтылған және көпбалалалы отбасыларға берілетінін айтты. Бұдан бөлек бұл кездесуде аталған санаттағы азаматтарға өзге де көмектер көрсетілетінін жекелей түсіндірген болатын. Ал, есепті жиындағы баяндамасында аймақ басшысы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1673 отбасыға 28 тұрғын үй пайдалаунға беріліп, 38 инженерлік инфрақұрылым жобалары іске асырылғанын атап өтті. Сондай-ақ өткен жылы өңірдегі 39 тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді.
Байқап отырғанымыздай, облысымызда азаматтардың ең негізгі мәселелерінің бірі – баспанамен қамтуға басымдық беріліп отыр. Яғни, жыл сайын жүздеген отбасы қоныс тойын тойламақ. Бұл нақты жұмыстың нәтижесі екені анық.
Жалпы, бір жылдан аса уақыт ішінде Жамбылда, қай саланы алмайық, ілгерілеу байқалып отыр. Оны аймақ басшысының есебінен тағы бір мәрте аңғардық. Ендігі кезекте жамбылдықтарды жеткен жетістіктерді еселей түсуге көп болып атсалысуға шақырамын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.