Облыс әкімінің есебі: Сан сауалға нақты жауап

0 0

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов өткен жылдың қорытындысы бойынша есепті баяндамасын аяқтаған сәттен жарыссөзге қатысушылардың қатары көбейіп, «Баласағұн» орталық концерт залының 4 нүктесіне қойылған микрофондарда ұзын-сонар кезек пайда болды. Дегенмен, олардың ешқайсысына шек қойылмастан ретімен көкейде жүрген сауалдарына өңір басшысының өз аузынан жауап естуіне мүмкіндік берілді. Олардың дені әлеуметтік мәселелерді сөз етіп, ауыл-аймақтағы, тұрғын алқаптарындағы түйткілдің түйінін тарқату жайына алаңдаушылық білдірді. Тіпті, облыс әкімінің есебін бейнебақылау арқылы тамашалап отырған аудан тұрғындары да белсенділік танытты.
Өз кезегінде облыс әкімі Асқар Исабекұлы екі сағат бойы тапжылмастан 60-қа жуық сауалға жауап қатты. Сондай-ақ кей мәселелер көпшіліктің алдында уақыт оздырмай өз шешімін тауып та жатты. Мәселен, 11 жылдан бері пәтер кезегінде тұрып, аядай бөлмеге қол жеткізе алмай жүрген Маржан Райымқұлованың мәселесімен аймақ басшысының тапсырмасымен Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтың өзі айналысатын болды. Осылайша пәтер жалдап, аз-маз жәрдемақыға күнелткен ерлі-зайыптылардың жай-күйін Ғалымжан Райылұлы жеке бақылауына алды. Сол секілді, 12 балалы ананың емдеу-сауықтыру шараларымен қамту жолын қарастыру облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловқа жүктелді.
Біз өз кезегімізде облыс тұрғындарының өңір басшысына қойған сан сауалының салмақтыларын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

«Ақкөл-Қаратау» тас жолы жөнделеді

Тұрғынбай Тәжібекұлы, Ақкөл ауылының тұрғыны
(Талас ауданы):
– Облыс әкімінің есебіне жоғары баға беремін. Мұнда баяндалған көп жұмыспен облыстық басылымдар, телеарналар арқылы танысып жатырмыз. Алайда, таластықтарды «Ақкөл-Қаратау» автокөлік жолының жай-күйі алаңдатып отыр. Жағдайы сын көтермейтін осы жолмен аймақтағы 25 елді мекен тұрғындары аудан орталығы Қаратау қаласына қатынайды. Осы жолды жөндеу мәселесі қашан өз шешімін табады?
Асқар Мырзахметов:
–Бұл мәселеден хабардармын. Жолды жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы бөлінді. Бұл жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. Алдағы уақытта жөндеу жұмыстарына қаржы қарастырылады. Жалпы, әлгінде баяндамада айтылғандай есепті кезеңде облыстағы 526 шақырым автокөлік жолына күрделі және орта жөндеу жұмыстарына 12 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдың үлесі 80 пайызға жетті. Өңірде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы құны 3,5 миллиард теңгені құрайтын 10 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде соңғы жылдары күрмеуі қиын түйткілге айналған «Меркі–Шу–Бурылбайтал» автокөлік жолы да бар.

Механикалық жасақтың мүмкіндігі мол

Ақан Алтынбаев, «Ниет» шаруа қожалығының жетекшісі (Меркі ауданы):
–Өзіңізге мәлім, Меркі ауданында үлкен қант зауыты бар. Елбасы тапсырмасымен соңғы жылдары қант қызылшасы дақылын егуге басымдық берілуде. Дегенмен, қызылша алқаптарын арттыруда Меркі ауданында ағын судың тапшылығы кедергі келтіруде. Таяу арада ауданда жаңа су қоймасы салынады ма?
Асқар Мырзахметов:
–Облыста ағын су тапшылығы мәселесін шешу, суармалы егістік көлемін арттыру жұмыстарымен арнайы механикалық жасақ айналысып жатыр. Бұл жасақ қызметі жергілікті бюджет есебінен ұйымдастырылды. Елбасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне 610 мың гектар жерді суармалы егістік алқабына айналдыруды тапсырды. Бір ғана Жамбыл облысының өзінде кезінде 115 мың суармалы егістік жер болған. Оларды кезең-кезеңімен айналымға қайта енгізетін боламыз. Қазір Меркі ауданында 2 су тоғаны бар. Олардың жағдайын жақсартуға механикалық жасақ тартылады.

Қоғамдық көлік қызметі қатаң бақылауға алынады

Ергеш Нұрабек, Тараз қаласының тұрғыны:
–Мен Тараз қаласындағы «Родничок» алқабының тұрғынымын. Аталған алқаптан қаланың орталық бөлігіне бір ғана №13 автобус қатынайды. Тұрғындар қаланың екінші бір жеріне бару үшін екі қоғамдық көлікке мінуге мәжбүр. «Родничок» алқабына қосымша автобус бағытын жүргізу және жолдарды жөндеу жоспарда бар ма?
Асқар Мырзахметов:
– Облыста қоғамдық көлік бойынша арнайы басқарма құрылды. Бұған дейін бұл қызметті құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы атқарып келген. Қоғамдық көлік, жолаушылар тасымалы мәселесінің өзектілігін ескеріп біз жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасын құрдық. Қазір бұл басқарма Тараз қаласындағы барлық маршруттарға саралау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Белгілі бір бағыттар бойынша қызмет көрсететін тасымалдаушы компаниялардың жұмысы GPS арқылы бақылауға алынады. Олардың халыққа қаншалықты тұрақты сапалы қызмет көрсетіп отырғандығына да назар аударылады.

«Шалғай Қарасу» аймағы ауызсумен қамтылады

Шахан Бахрадинұлы, Тараз қаласының тұрғыны:
–Қазір Тараз қаласы аумағындағы «Шалғай Қарасу» алқабында 12 мың тұрғын бар. Мұндағы 2 мың тұрғын үйдің 150-іне ғана ауызсу тартылған. «Шалғай Қарасу» алқабы қашан толықтай ауызсумен қамтылады?
Асқар Мырзахметов:
–Тараз қаласы аумағында 28 саяжай бар. Қазір олардың мәселелері жан-жақты зерделенді. Оларға инфрақұрылым тарту жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттары қаржыландырылады. Көптеген саяжайларға ауызсумен қоса электр жарығын, газ тарту қажет. Ал «Шалғай Қарасуда» ауызсу мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табады. Сондай-ақ мұнда жаңа 600 орындық мектеп салынады.

Көпір маңына жол салынады

Асан Үсенбайұлы, №10 округтің ақсақалдар кеңесінің төрағасы (Тараз қаласы):
– Жамбыл облысы мен Қырғыз Республикасының арасын байланыстыратын жол мен көпір туралы сұрағым келеді. 2017 жылы көпір мәселесі шешілді. Бірақ жол аяқталмай қалды. Тараз қаласы мен темір жолдың арғы жағындағы елді мекендерді жалғауда бұл көпірдің маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Осы жолдың құрылысын жалғастыру жоспарланған ба? Егер жоспарға енсе, қашан құрылысы басталады?
Асқар Мырзахметов:
– Тараз қаласындағы Айша бибі көшесінің соңына көпір салынды. Одан ары қарай Қырғызстанның шекарасына дейінгі 16 шақырым жол салынбай қалған болатын. Қазір жол құрылысына қаржы бөлінді. Құрылыс жұмыстары биыл басталады.

Жаңа өлкетану мұражайы бой көтереді

Тәкен Молдақынов, зейнеткер, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі:
– Қазір қала аумағында ірі құрылыс нысандары бой көтеруде. Осы орайда, баршаның көкейінде «Көне Тараз» археологиялық-тарихи паркі не болмақ?» деген сауал жүр. Жалпы, аталған аумақтағы құрылыс нысандарында Тараз тарихын толық таныту мүмкіндігі қандай?
Асқар Мырзахметов:
– Тараздың тарихы тым тереңде. Елбасының өзі бұл қала жайында «Тараз – тарихымыздың темірқазығы» деп пікір білдірді. Сондықтан да ескі базар аумағындағы «Көне Тараз» археологиялық-тарихи паркі маңында жаңа облыстық өлкетану музейі салынады. Керек десеңіз сол маңнан «Тарихтану» орталығын ашуға болады. Мұнан бөлек мұнда Қазақ хандығының тарихынан сыр шертетін кешен құрылысын жүргізуге қаржы бөлінуде.

«Қаралма» жыл бойы қызмет көрсетеді

Зайырбек Сұлтанмұратов, Жуалы ауданының тұрғыны:
–Жуалы ауданында бой көтеріп жатқан «Қаралма» тау-шаңғы кешенінің құрылысы қашан бітеді? Бұл кешенде қандай жұмыс орындары ашылады?
Асқар Мырзахметов:
–«Қаралма» тау-шаңғы кешенінің құрылысы биыл аяқталады. Өткен жылдың желтоқсан айында аяқталуы жоспарланған құрылыстың мерзімінде тапсырылмауының өз себебі бар. Кешендегі аспалы жолдар адам тасымалдауға пайдаланылатын болғандықтан оның іргетасының өзін толық жарамды етуге белгілі бір температуралық режим қажет болды.
Қазір тау шаңғы кешенін жыл он екі ай пайдалану мәселесі шешіліп жатыр. Демек, кешен қысқы спорт түрлеріне ғана арналып қоймайды. Онда жазғы маусымда бой жазып, жан сергітуге барлық жағдай жасалады.

«Тараз» футбол клубына айрықша көңіл бөлінеді

Марат Бұралқиев, Жамбыл ауданының тұрғыны:
–Футбол жанкүйері ретінде мені «Тараз» футбол клубының аяқ алысы қызықтырады. Жергілікті футбол клубы қашан жоғары нәтиже көрсетеді?
Асқар Мырзахметов:
–Футбол жанкүйері болсаңыз, «Тараз» футбол клубының жоғары лигада ойнап жатқанынан хабардар боларсыз. Өткен жылы бірінші лигаға түсіп қалған команда аз уақыттың ішінде қайтадан жоғары лигада ойнау мүмкіндігіне ие болды. Жалпы, қазір облыста футболды дамыту мәселесі өзекті. Шын талантты ойыншыларды анықтау, іріктеу мақсатында облыстық чемпионат өткізу жоспарда бар. Мүмкін осы біріншілік кезінде мықты ойыншылармен бірге жаңа футбол клубтары да анықталар. Бір кездері Түркістан облысында осындай чемпионаттар кезінде тәуір ойын көрсеткен «Мақтарал» командасы суырылып алға шығып, «Ордабасыға» қарсылық көрсете алатын жағдайға жеткен еді.

3 жылда 84 елді мекен газдандырылады

Қанат Қамбарұлы, Жуалы ауданының тұрғыны:
–Жуалы ауданындағы Қоңыртөбе ауылына газ тартылады ма?
Асқар Мырзахметов:
–Биыл облыстағы 81 елді мекенге магистральді газ құбыры құрылысын бастауға 6,1 миллиард теңге бөлінді. Нақтылау кезінде тағы 3 елді мекенге енгізілетін болады. Жалпы, осы елді мекендерді газдандыру 3 жылға жоспарланып отыр. Бұл жұмыстың жалпы құны 43 миллиард теңгені құрайды. Ал, сіз айтқан Жуалы ауданындағы Қоңыртөбе ауылы 84 елді мекеннің тізімінде болса, сөзсіз газдандырылады.

«Күнбатыс-2» алқабында жаңа мектеп салынады

Раушан Тұрғымбаева, Қордай ауданының тұрғыны:
–Қордай ауылындағы «Күнбатыс-2» алқабының ата-аналары атынан сөз ала отырып, аталған аумақта мектеп құрылысының қашан басталатындығын білгім келеді.
Асқар Мырзахметов:
–Қордай ауылындағы «Күнбатыс 2» алқабына 150 орындық мектеп құрылысы жоспарланған. Алайда оның құны 900 миллион теңгеге жоғарылап кеткен. Құрылыс жұмыстарының құны қайта қаралып, оңтайландырылды. Алқапта мектеп құрылысы биыл басталады.

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов жыл қорытындысына арналған жиында жұртшылықтың сауалдарына нақты жауап бере отырып, жағымды жаңалықтармен де бөлісті. Демек, Әулиеата өңірінің әлеуеті артады. Жергілікті билік тарапынан жарқын жобалар мен жұмыр жоспарлардың қолға алынып, жүйелі жүзеге аса бастауы, сондай-ақ ілкімді істердің қысқа мерзімде оң нәтиже беруі осы сөзімізді тағы бір мәрте нықтай түскендей.

Leave A Reply

Your email address will not be published.