Облыс әкімінің орынбасары аймақ ардагерлерімен кездесті

0 9

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек аймақ ардагерлерімен кездесті. Жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев ашып, жүргізіп отырды.

Басқосу барысында кеңес төрағасы сөз алып, аймақтағы ардагерлердің атқарып жатқан жұмысымен таныстырып өтті.

– Ардагерлер кеңесінің құрылғанына биыл 34 жыл толып отыр. Бүгінгі таңда облыс бойынша 1 облыстық, 4 қалалық, 10 аудандық ардагерлер кеңестері және 941 бастауыш ардагерлер ұйымы жұмыстар атқарады. Жалпы, облыста 127 мыңға жуық зейнеткер болса, олардың 85 пайызы ардагерлер ұйымдарына тартылған.
Облыстық ардагерлер кеңесі жанынан «Билер кеңесі» құрылған. Билер кеңесі 2018 жылдан бері жұмыс атқарады. Облыс бойынша билердің жалпы саны – 518, – деді Еркінбек Бейсембекұлы.

Сондай-ақ, баяндамасы барысында кеңес төрағасы ұйым жанынан «Әкелер кеңесі» қоғамдық негізде құрылып, ауданда, ауылдарда да әкелердің бала тәрбиесіндегі, отбасы мен қоғамдағы рөлін ашып беретін қоғамдық негіздегі әкелер кеңесін құру және осы бағыттағы атқарылатын жұмыстарды жандандыру тапсырылғандығын айтып өтті.

– Бүгінгі күні облыс бойынша ҰОС ардагерлерінің саны – 37. Барлығына жағдай жасалған. Ардагерлер ұйымы өңірде өткізіл жатқан шараларға белсенді қатысып, зор үлес қосуда. Міне, осындай игілікті істердің бастауында ардагерлердің тұрғаны біздер үшін қуаныш, әрі мақтаныш, – деген Е. Солтыбаев жиын қатысушыларын ашық әңгімелесіп, ойларын ортаға салып, маңызды мәселелер мен ұсыныстарын талқылауға шақырды.

Келесі сөз кезегін алған облыс әкімінің орынбасары Д.Кәрібек өзінің осы елдің тумасы екендігіне, ардагерлердің жұмыстары өзіне таныстығына, ардагерлердің денін танитынына, келешекте ақылдасып жұмыстар атқаратынына сенімді екендігін білдірді.

Сонан соң өз ойын ортаға салған облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Әмзебек Тәуелсіздігіміздің өздігінен келмегеніне, отыз жыл бұрынғы және кейінгі қоғамдық құрылысқа баға бере отырып, салыстырмалы түрде жастардың санасына жеткізу керектігіне, архивтік материалдармен жұмыс істеуге жастарды үйретуге, әлеуметтік желіге бақылау жасауды ұсынды.

Келесі сөзді жазушы-драматург Елен Әлімжан алып, облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасына алыстағы Шу бойындағы елді мекендерге шығып, халықпен кездесу ұйымдастыруға, әлемдік деңгейдегі 56 ғалымның еңбектерін аударып, жастармен қауыштыруға, Мырзахметов Мекемтастың еңбектерін насихаттауды ұсынды. Ал, тұрақты комиссия төрайымы, ардагер ұстаз Нүркен Қасымова тіл мәселесін көтерді.

Бұдан бөлек, басқосу барысында өзге ардагерлер де өз пікірлерін білдіріп, маңызды мәселелер көтерді.

Ардагерлердің ұсыныс-пікірлерін мұқият тыңдап шыққан Дәулет Жамаубайұлы қариялардың қоғамдағы түйткілді мәселелерді шешу мен қуанышты сәттерді бөлісуде белсенділік танытуы қуантатынын айтты.

– Сіздер қолға алған Ұлттық бірегейлікті, салт-дәстүр үрдістерін сақтау бағытындағы «Бабалар аманаты», отбасы құндылықтарын жаңғыртуға, ата-ананың жанұядағы рөлін көтерудегі «Отбасы», жастардың бойында патриоттық, отансүйгіштік және адамгершілік қасиеттерді орнықтыратын «Ағаның ақылы» мектебі – құптарлық бастамалар.
Аға буынның ысырапшылдық пен астамшылдыққа, даңғойлық пен кердеңдікке, қанағатсыздық пен үнемсіздікке, жалпы мәдениетсіздікке қарсы иммунитетті қалыптастыруда алатын орны ерекше.
Сондай-ақ, ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған облыстық билер кеңесінің түрлі мәселелерді шешудегі рөлі айрықша.

Біздің басты мақсатымыз – қоғам мен билік арасында тығыз байланыс орнату. Бұл туралы ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев 2019 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында да атап өтті. Енді кезекте, Сіздермен алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың бағытын айқындап алуды қажет деп есептеймін.
Ең бірінші, қазіргі облыстағы қоғамдық-саяси ахуалды ескере отырып, Сіздер – ел тұтастығы мен тұрақтылығының, татулығы мен бірлігінің негізіне айнала білулеріңіз қажет. Ел тұтастығы мен тұрақтылық, татулық тек айтумен ғана орнамайтыны белгілі. Бұл жерде сөз бен істің бірлігі мен нәтижелі тірлік қажет-ақ. Сондықтан, бұл ретте, біз ең алдымен Сіздерге арқа сүйейміз.


Екіншіден, Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалаларының жүзеге асырылуына үлес қосу, тың серпін беру. Қойнауы тарихқа толы Әулиеата жері көптеген рухани жәдігерлер мен құнды қазыналардың, ақындар мен жазушылардың жырлары мен шығармаларына арқау болар ашылмаған сырлардың мекені екені даусыз. Осы орайда, Өздеріңізді тың туындыларыңызбен аталған бағдарламаларға жаңаша серпін беруге шақырамыз.
Үшіншіден, ел болашағы – өскелең ұрпақ тәрбиесіне атсалысу. Бүгінде облыста 237 мыңнан жас бар, ол аймақ халқының 21,1 пайызын құрап отыр. Алайда, жастар мен жасөспірімдер арасында орын алған қылмыс көрсеткіштері көңіл қуантпайды.
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев 2020 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру, ұлт сапасын арттыруға атсалысу міндетін нақты көрсеткен. Жас ұрпақты ерінбей еңбек етуге бейімдеу, білімге құштарлығын арттыру қажет.
Қоғамның дамуы мен мемлекеттің өркендеуі – өскелең ұрпаққа байланысты болса, жас буынды ізгілік нәрімен сусындатып, өнегелі жол көрсету – Өздеріңізбен жүзеге асатыны анық, – деді облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.

Жиын соңында ардагерлер атынан облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов жуырда тағайындалған облыс әкімі орынбасарының жұмысына жеміс, деніне саулық тілеп, ақ батасын берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.