Облыстық әкімдікте

Облыс бюджеті нақтыланды

Written by Aray2005

Қазына қаржысын игеруде ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру мен жастар жұмыссыздығын азайтуға басымдық берілмек

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезекті ХХХIV сессиясында өңір бюджеті нақтыланып, оны оңтайлы қолдану мәселесі қаралды.

Сессияда көтеріліп отырған негізгі мәселе бойынша облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова баяндама жасады.
– Бекітуге ұсынылған 2019 жылға нақтыланған облыстық бюджеттің жобасы еліміздің Бюджет кодексіне сәйкес «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының негізінде қалыптастырылды.
Нақтылау нәтижесінде Елбасы 2019 жылдың 30 қаңтарында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында және «Nur Otan» партиясының ХІХ съезінде берілген тапсырмаларды орындау аясында республикалық бюджеттен қосымша 31 миллиард 173 миллион 648 мың теңге трансферттер қарастырылды, – деді Гүлдана Әлімжанқызы.

Сондай-ақ басқарма басшысы мемлекеттік бағдарламалар мен жаңа жобаларды жүзеге асыруға да басымдық беріліп отырғанын тілге тиек етті.
– Мұндағы 1 миллиард 531 миллион 6 мың теңге қаржы нысаналы даму трансферттері бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйлерді салуға бөлінеді. Бұл үйлер әлеуеті осал топтағы азаматтарға және аз қамтылған отбасыларға беріледі. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде сумен қамту және су бұру жүйелерін дамытуға қосымша 1 миллиард 197 миллион 660 мың теңге қарастырылып отыр. «Ауыл ел бесігі» жобасы шеңберінде өңірдегі перспективалы елді мекендерді дамыту мақсатында Байзақ, Жамбыл және Шу аудандарының орталықтарында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды жетілдірудің алғашқы кезеңіне 420 миллион теңге жұмсалады, – деді Г. Жауынбекова.
Басқарма басшысы өз баяндамасында өңірдегі азаматтық қызметшілердің жалақысын көтеру, атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге қарастырылған қаржының көлемін де айтты. Мәселен, азаматтық қызметшінің жекелеген санаттары мен мемле­кеттік бюджет қаражаты есебінен ұстала­тын ұйымдарда, қазыналық кәсіп­орындарда еңбек ететін 73 605 қызмет­кердің жалақысын көтеруге 9 миллиард 350 миллион 699 мың теңге бағыт­талады. Сәйкесінше, 2 403 мемлекеттік әкім­шілік қызметшінің жалақысын 15 пайыз­дан 30 пайызға дейін көтеруге
541 миллион 773 мың теңге жұмсалатын болады. Сондай-ақ 150 мың 453 адамға атаулы әлеуметтік көмек төлеуге 13 миллиард 306 миллион 262 мың теңге бөлінбек.
Ағымдағы жылы қалыптасқан бюджетте жастар жұмыссыздығын азайту мен ауыл-аймақтың тұрмысын түзеуге айрықша басымдық беріліп отыр. Атап айтсақ, Жастар жылына орай жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін 600 адамға 500 мың теңгеден гранттар тағайындалмақ. Сол секілді ауыл-аймақтардың тұрмыс жағдайын жақсарту «Ауыл – ел бесігі» жобасына сай жүргізіледі. Жалпы, өңірде аталмыш жоба шеңберінде Байзақ, Жамбыл және Шу аудандарының орталығында 4 жаңа нысан бой көтеріп, 150-ге жуық тұрақты жұмыс орны қалыптасады. Сондай-ақ тозығы жеткен 25 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, 24 әлеуметтік және 51 көлік инфрақұрылымы нысандары жөндеуден өтеді. Жобаның 2020-2021 жылдарды қамтитын 2-3-кезеңіне 12 ауыл ұсынылған.
Мәслихат сессияның күн тәртібіндегі өзге де мәселелер депутаттардың дауысына салынды. Халық қалаулылары жақында ғана Шу ауданының әкімі қызметіне кіріскен облыстық тексеру комиссиясының бұрынғы төрағасы Жарылқасын Айтақовтың орнына Жанатбек Жапаровты тағайындауға қолдау білдірді.
Жиынды қорытындылаған Асқар Мырзахметов облыс бюджетін қалыптастырудағы негізгі басымдықтың жастар жұмыссыздығымен күреске және ауыл халқының әлеуметтік жағдайын көтеруге беріліп отырғанына баса назар аударды.

Ш.АТЫХАНҰЛЫ

ПІКІР