"Шамшырақ"

Облысқа қосымша 460 грант бөлінді

Written by Aray2005

Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры есебінен көп балалы және мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардың балалары үшін республикалық трансферттен Жамбыл облысына 460 мемлекеттік білім беру гранты бөлінді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткізген баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Оның ішінде, 72–педагогикалық, 388-і – ақпараттық коммуникациялық технологиялар, инженерлік, өңдеу және құрылыс, ауыл шаруашылығы және биоресурстар саласына бөлініп отыр. Жалпы алар болсақ, еліміз бойынша республикалық трансферттен елімізге бөлінген граттан саны 5 мыңды құрайды.

Облыс әкімдігі жанынан құрылған конкурстық комиссия берілетін білім беру гранттарын мамандықтар бойынша орналастыратын жоғары оқу орындарын анықтаған.

Жоғарыда көрсетілген санатқа жататын мектеп түлектері жергілікті атқарушы органдар өткізетін конкурсқа қатыса алады. Құжат 5-10 тамыз аралығында қабылданады. Қай жоғары оқу орны қандай мамандықтар бойынша құжат қабылдайтыны 2 тамызда облыстық қоғамдық кеңестің қорытындысына сәйкес белгілі болады. Кеңес қорытындысы облыс әкімдігінің және білім басқармасының ресми сайттарында жарияланады. Құжаттарды белгіленген оқу орындары қабылдайтын болады.

Биылғы жылы жергілікті бюджеттен еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, жалпы медицина саласына – 15, агрономия мамандығына – 10, аграрлық техника және технология мамандығына – 5 грант, денсаулық сақтау саласы бойынша резидентураға – 9 орын бөлініп отыр.

Грант ҰБТ сертификатының балына қарай ҚР Үкіметінің 23.01.2008 жылғы №58 қаулысына сәйкес конкурстық негізде тағайындалатын болады. Онда педагогикалық ғылымдар, ауыл шаруашылығы және биоресурстар, ветеринария салалары бойынша – 60 балл, денсаулық сақтау саласы бойынша – 65 балл, басқа мамандықтар бойынша – 50 балл деп көрсетілген.

Естеріңізге сала кетейік,  биыл Бірыңғай ұлттық тест нәтижесі орташа 90,7 балл құрады, бұл 2018 жылға қарағанда 1,3 балға жоғары. Бұл көрсеткіш 2018 жылы –89,4 бал болған еді.

Сондай-ақ, Жамбыл облысында колледждерде грантқа 13 мыңнан астам студент тегін білім алуда. Оның 50 пайызы көп балалы және аз қамсыздандырылған отбасынан.

ПІКІР