Облыста 144 миллион түп ағаш көшеті отырғызылады

Бұл жобаға барлық аудан үн қосса игі

0 2

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында экология тақырыбына баса көңіл бөлгені белгілі. Ал күні кеше өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент аталған салаға тағы бір оралып, 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы әзірленетінін құлағдар етті. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы алдағы уақытта экологиялық ахуалды жақсарту үшін 2 миллиард түп ағаш көшеті отырғызылатынын айтты. Осы орайда бұл бастамаға облыс қандай үлес қосқалы жатқанын зерделеп көрген едік.

Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, бүгінде өңірдегі мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4,4 миллион гектарды құраса, оның орман ағаштары көмкерген жері 2,4 миллион гектарға тең екен. Ал осынау аумақты қору мен күзету жұмыстарын орман шаруашылығы мекемелеріндегі 931 қызметкер атқаруда. Әсіресе сала мамандары орман қорын молайту бағытына баса көңіл бөліп келеді.
Былтыр орман ағашы көшеттері
3 054 гектар жерге отырғызылса, 2 750
гектарға сексеуіл тұқымын себу жұмыстары жүргізілген. Басқарманың орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау бөлімінің басшысы Данияр Башановтың айтуынша, өткен жылдың күз айында тұқымбақтар көлемі айтарлықтай артыпты.
– 2020 жылы мекемелерде жоспар бойынша 49 гектар тұқымбақ жасақталып, онда қарағаш пен сексеуіл көшеттері өсірілді. Сондай-ақ 4,4 гектар тұқымбаққа 25 000 дана түрлі қылқан жапырақты ағаш көшеті отырғызылды. Күз айында сексеуіл тұқымбақтары 44 гектарға арттырылып, барлық тұқымбақтар көлемі 93 гектарды құрады, – дейді бөлім басшысы.
Бұл ретте Жолдау жүктеген міндетті орындау, яғни орман мен орман екпелерін молайту бағытында басқарма тарапынан арнайы жоспар да жасалған.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, республика бойынша отырғызылатын 2 миллиард ағаштың 140 миллион түп ағаш көшеті облыстың орман қорына егіледі деп көзделіп отыр. Осы 140 миллион түп көшетті алдағы 5 жылда отырғызу үшін кешенді жоспар әзірленіп, Орман және аң шаруашылығы комитетімен келісілді. Аталған жоспарға сай 79,4 мың гектар орман қоры жерлері дайындалатын болады, – дейді Д.Башанов.
Сондай-ақ республика бойынша елді мекен ішінде және айналасына егілетін 15 миллион түп ағаштың 970 мыңы облысқа тиесілі. Бұл бағытта да 5 жылдық жоспар бекітіліп, алдағы уақытта аудан және қала әкімдіктерімен бірлескен жұмыс жүргізіледі деп күтілуде.
Мамандардың айтуынша, өткен жыл өңірдің орман қорына оңай соқпапты.
Жыл ішінде 19 орман өрті оқиғасы тіркеліп, 41 777 гектар жерді жалын шарпыған. Өрттен келген шығын 15 миллион 804,1 мың теңгені құраған. Жекелей айтсақ, Байзақ ауданында – 2,
Мойынқұмда – 3, Т.Рысқұловта – 4,
Меркіде – 2, Жуалыда – 2 және Ұланбел ауылында – 2, Ақкөлде – 3, Қосқұдықта 1 өрт оқиғасы тіркелген. Міне, осы жағдай биыл да қайталанбас үшін және көшет отырғызу жұмыстарын еш кетірмеу мақсатында 32 өрт бақылау мұнарасы орнатылып, өрт қаупі басым аумақтарда 62 бекетте кезекшілік қойылған. Сонымен қатар 258 өрт жасағы мен 557 орман қорғау қызметкері сақадай сай дайын тұр. Мойынқұм ауданында орналасқан «Қазавиа орман күзеті» мекемесінің 1 ұшағы мен 1 тікұшағы мониторинг жұмыстарын жүргізуде.
Әрине, мұндай қадамдар қос қолдап қолдауға тұрарлық. Облыс үшін отырғызылатын 140 миллион түп ағаш көшеті аз емес. Ал оларды күтіп ұстау – одан да маңызды шаруа. Сондай-ақ ауыл маңына егілетін 970 мың түп ағаштың да тағдырына жауапкершілікпен қарау қажет. Ең бастысы ағын суды дер кезінде жеткізіп, күтіміне де бір маманды белгілеген жөн. Одан бөлек аудандарда ерікті түрде ағаш көшетін отырғызып, демеушілік танытамын дейтін азаматтардың да көп болғаны абзал. Мәселен, Жуалы ауданы Күреңбел ауылдық округінде әр жылдары туған азаматтар белсенділік танытып, елді мекенге кіреберіс қырдан бастап шырша көшетін отырғызуды дәстүрге айналдырған.
– Жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы жайқалып, жазда сая, қыста қалқан болады. Әрі экологиялық ахуалды жақсартып, қоңыржай климатты қалыптастыруға оң әсерін тигізеді.
Аталған игі бастама 2020 жылдың Тәуелсіздік күні мерекесінен бастау алып, содан бері ауыл аумағына 80-ге жуық шырша көшеті отырғызылды. Бұл игі бастама алдағы уақытта да жалғасын табады. Айта кетсек, қазір ауылдағы әрбір отбасы өз аттарынан естелік болсын деген ниетпен шырша көшеттерін егуде. Осынау игі шараға бастамашы болған ауыл ағалары мен тұрғындарға шексіз алғысымызды білдіреміз, – дейді Жуалы ауданы Күреңбел ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Еркеғали Нағашыбекұлы.
Қалай алып қарасаңыздар да күреңбелдіктердің бастамасы көпке үлгі. Енді осынау игі іске өзге аудандар да үн қосса, нұр үстіне нұр болатыны анық.
Ең бастысы Табиғат-ананың төл туындыларын қорғап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу сіз бен біздің парызымыз екенін ұмытпағанымыз абзал.

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.