Жамбыл жаңалықтары

Облыста карантиндік шаралар жеңілдетіледі

Written by Aray2005

ҚР Президентінің және төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның тапсырмасына сәйкес, облыс әкімдігінің жедел штабы 2020 жылдың 28 сәуірінде рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесін кеңейту және карантин режимін жеңілдету туралы шешім қабылдады.

Атап айтқанда, енді өңірде тұрмыстық химия және шаруашылық тауарларын сату бойынша ұсақ сауда нысандарының (ауданы 100 шаршы метрге дейін) қызметіне рұқсат етіледі.
Сондай-ақ автокөлік сататын дүкендердің, автокөлікке арналған қосалқы бөлшектер сататын дүкендердің (автомобильдік қосалқы бөлшектерді сату жөніндегі базарларды қоспағанда), көлік жуу, техникалық қызмет көрсету стансасы, ломбардтар, валюта айырбастау пункттері, нотариалдық және адвокаттық кеңселер, тігін және аяқ киім шеберханалары, химиялық тазалау және кір жуу орындары ашылады.
Бұл нысандар сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейтін болады.
Жұмысты қайта бастау үшін санитарлық тазартқыштардың, медициналық бетперделер мен қолғаптардың және т.б. болуы сынды санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау міндетті шарт болып табылады.
Осы орайда облыс тұрғындары тұрғылықты мекенжайы немесе жұмыс орнына жақын орналасқан аталған нысандарға бара алады.
Әлі де ірі сауда, ойын-сауық орталықтарының, базарлардың, кинотеатрлардың, монша кешендерінің, компьютерлік клубтардың, фитнес-орталықтардың, тұрмыстық техника, киім-кешек дүкендерінің және адамдар көп жиналатын басқа да орындардың қызметіне тыйым салынған. Аталған нысандар кезең-кезеңімен ашылатын болады.
Алдағы күндері жергілікті атқарушы органдардың мобильдік топтары санитарлық нормалардың сақталуын тексеріп, әрбір кәсіпкермен тиісті меморандумдар жасасады. Егер санитарлық нормалар сақталмаған жағдайда, мобильдік топтар кәсіпкерлік нысанының қызметіне тыйым салуға құқылы.
Бұдан басқа, тұрғындарға сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін және сағат 17:00-ден 20:00-ге дейін үш адамнан аспайтын топпен (бір отбасы мүшелерін қоспағанда) тұрғылықты жеріне жақын маңда қысқа мерзімді серуендеуге (30 минутқа дейін) рұқсат етіледі. Бұл ретте азаматтарға басқа адамдармен ара қашықтықты сақтау қажет.
Облыс тұрғындарына сағат 07:00-ден 10:00-ге дейін саяжайларға шығуға болады және 17:00-ден 20:00-ге дейінгі аралықта кері қайтуға рұқсат етіледі.
Такси қызметінің жұмысы сағат 06:00-ден басталады және 21.00 — ге дейін қызмет көрсетеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР