Облыста құрылыс материалдарын шығаратын зауыт салынбақ

0 1

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев «Кнауф Гипс» компаниясының ТМД елдері бойынша басқарушы меншік уәкілі Александр Блюмгардтпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар инвестициялық жобалардың алдағы жоспарын, құрылыс материалдарын шығаратын зауыт салу жөніндегі жобаны іске асыруға қатысты мәселелерді талқылады.
Сондай-ақ кездесуге «Кнауф Гипс» серіктестік қатынастарын қолдайтын компаниялардың өкілдері де қатысты.
Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев мемлекет шетелдік инвесторлар үшін үлкен мүмкіндіктер қарастырып отырғанын атап өтті.
Шетелдік компания облыс орталығында құрылыс материалдарын шығаратын зауыт салуға ниетті. Жобаны іске асыру мерзімі 2021-2023 жылдар аралығы деп көзделуде. Зауыт гипс құрылыс тақтайшаларын, құрғақ құрылыс қоспаларын шығармақ. Ол бойынша 180 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Александр Блюмгардт «Кнауф Гипс» компаниясының бұл саладағы мол тәжірибесіне назар аудартты.
Компания дәл осындай зауытты Алматы облысында да іске қосыпты. «Кнауф Гипс Қапшағай» ЖШС қазір әлемдегі ең ірі құрылыс материалдарын өндірушілердің бірі болып табылады.
Облыс әкімі экологиялық ахуалды жақсарту үшін озық технологияларды енгізудің маңыздылығына тоқталды. Александр Блюмгардт өндірістің экологиялық таза жүйеде жүзеге асатынына сендірді.
Кездесу барысында қатысушылар инвестициялық жобаны іске асыру бойынша Жол картасын әзірлеу туралы шешім қабылдады.
– Жаңа зауыттың өнімі үлкен сұранысқа ие болатынына сенімдімін. Қазақстанда «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы қабылданған. Осы бағдарлама аясында біз инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.