Жамбыл жаңалықтары

Облыста телехабар тарату толықтай цифрлық жүйеге көшті

Written by Aray2005

Апта басында аймақта аналогты теледидар желісі толығымен тоқтатылды. Енді өңірдегі телехабар тарату цифрлық жүйеге ауысты. Нәтижесінде 44 цифрлық таратқыш іске қосылып, 43 радиотелевизиялық станция салынып, жаңғыртылған. Бұл арқылы өңірдегі 377 елді мекенді қамтуға мүмкіндік туып отыр.

Осыған орай, облыстық Радиотелевизиялық станциясында облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали мен «Қазтелерадио» АҚ басқарма төрағасы Ескендір Тәжібеков аналогтық теледидар сигналы тетігін эфирден ажыратты. Мұнан соң Берік Уәлиұлы облыс тұрғындары мен сала мамандарын цифрлық жүйеге көшкендігімен құттықтап, өңірде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша іске асырылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Цифрлық эфирлік жүйеге ауысуымызға байланысты облыста атаулы әлеуметтік көмек алатын екі мыңнан аса отбасыға қаржы қарастырып, арнайы жүйелер тегін орнатылып берілді. Цифрлық жүйенің аналогты жүйеден айырмашылығы бейне мен дыбыстың тазалығында жатыр. Сондықтан мұны қазақ телевизиясының жаңа қадамға басқандығы деп айтсақ болады, – деді Берік Уәлиұлы.
Өз кезегінде, «Қазтеле­радио» АҚ басқарма төрағасы Ескендір Тәжібеков облысымызда цифрлық жүйеге көшу 2013 жылдан бастау алғандығын жеткізіп, 2015 жылға дейін 43 радиотелевизиялық станция салынғандығын атап өтті. Жалпы, аналогтық хабар таратуда үлкен аппарат тек 1 ғана арна таратуға қауқарлы болса, цифрлық жүйеде бір аппарат 15 канал тарата алады екен. Осылайша тегін көрсетілетін арналардың санымен қатар сапасы да артуда. Айта кетерлігі, цифрлық жүйені қабылдайтын антенналар қарапайым базарларда да саудаға шығарылған. Олардың бағасы 3 500 теңге көлемінде. Яғни, қарапайым халықтың қалтасы көтерерліктей баға. Тағы бір тілге тиек ете кететін жайт, аналогтық жүйеде «Хабар» телеарнасы 1 қаңтарға дейін хабар тарата береді. Себебі, ондағы жарнамалар арқылы әлі де болса халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілмек.
Осыған дейін облыс орталығында аналогтық хабар тарату желісі бойынша
10 телеарна, ал өңір орталығынан төмен елді мекендерде 5-ке дейінгі телеарна таратып келген болатын. Цифрлық эфирлік хабар таратуға көшкеннен кейін трансляцияланатын арналар саны қалада 26-ға дейін, ал ауыл-аймақтарда
15-ке дейін артты. Өңірде алты елді мекен цифрлық эфирлік хабар таратумен қамтылмаған, бірақ сапалы хабар тарату олар үшін қолжетімді екен. Сондай-ақ, осы елді мекендерде 466 үй тіркелген болса, олардың әрқайсысы «OTAU TV» ұлттық спутниктік телехабар тарату жүйесіне қосылған.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР