Облыста эпизоотиялық ахуал қай деңгейде?

0 6

Адамдар қалай ауыратын болса, малға да солай кесел жабысады. Малды емдеу, вакцинациялау уақытылы жүргізілуі тиістігін облыс əкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі эпизоотиялық жағдайдың барысы туралы өткен кеңесте баса айтты. Аймақ басшысының төрағалығымен өткен жиынға облыс әкімінің орынбасарлары мен ветеринария саласына жауапты мамандар қатысты.

Жиында есеп берген облыс əкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов бүгінгі таңда облыс аумағында эпизоотиялық жағдай тұрақты екенін айта келе, соңғы үш жылдық мониторинг бойынша жануарлар арасында сарып ауруы азайғанын атап өтті. Бұл фактор адамдар арасында да сарып ауруымен ауырған жағдайлардың жылдан-жылға төмендеуіне септігін тигізген. Ал аудандардағы барлық ветеринар мамандар арнайы жұмыс киімдерімен, қызметтік автокөліктермен және жаңа үлгідегі логотиптермен қамтамасыз етілгенімен, 2013 жылдан бері ветеринарлардың материалдық-техникалық жабдықтары жаңартылмаған.
Бүгінгі таңда қала мен аудандар аумағында барлығы 11 ветеринарлық станса мен 160 пункт жұмыс істеуде. Биыл 29 ветеринарлық пунктті ғимаратпен қамту жоспарлануда.
Кеңес барысында қаңғыбас иттер мен мысықтардың жағдайы да сөз болды. Бұл мәселеге қатысты Бердібек Машбекұлының «Қаңғыбас ит пен мысықтардан қалай құтыламыз?» деген сұрағына басқарма басшысы Ербол Жұмабекұлы оларды аулап, жою үшін облыста 13 бригада құрылып, жұмыс істеп жатқанын айтты. Бірақ себептің салдарымен күресу үшін алдымен қала және ауыл халқының жауапкершілігін арттыру керектігін сөз етіп, түсіндіру жұмыстарын бастап кеткенін жеткізді. Сонымен бірге оларды уақытша күтіп ұстайтын орын салуға көмек беруін сұрады.
– Әлеуметтік желіде қаңғыбас ит пен мысық мәселесі үнемі қызу пікірталас тудырып жататыны белгілі. Сондықтан басқарма басшысы айтқандай, жануарларға деген қамқорлықты өзімізден бастасақ, көшеде қаңғыған ит-мысық болмаған болар еді. Бұл мәселені жан-жақты зерделеп, шешу жолдарын бірлесе қарастыруымыз керек, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар кеңесте Конго-Қырым, аусыл, сібір жарасы, оба, сондай-ақ басқа да қауіпті мал ауруларына қатысты анықталған орындардың әлі күнге қоршалмай, қоршалса да қараусыз қалып, азып-тозған қазіргі жағдайы сөз болды. Мұндай келеңсіздіктер орын алған Талас, Жуалы, Шу, Меркі мен Мойынқұм аудандарының әкімдерінен бейнебайланыста оның себебін сұрап, ол ауру ошақтарын қалпына келтіруді тапсырды. Сонымен қатар ауру ошақтары анықталған елді мекендерде залалсыздандыру жұмыстарын жандандыру қажеттігі назардан тыс қалмады. Сондай-ақ биотермиялық шұңқырдың да жағдайы кеңесте талқыланып, мал өлексесін тастайтын орынның керектігі айтылды.
Ең бастысы, қауіпті мал ауруларының ел аумағына шекара бекеттерінен өтіп кетпеуіне тосқауыл қою, ауру малды тез анықтап, кері қайтару жағын бақылауда ұстау да назардан тыс қалмады. Сонымен қатар экспортқа шығарылатын мал мен мал өнімдерінің де сапасын бақылау тапсырылды.
Бұдан соң Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Жандар Коекеев пен Жамбыл облысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділда Шыналиев баяндама жасады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.