"Заң және біз"

Облыста жасөспірімдер қылмысы азайған

Written by Aray2005

Қай кезде болмасын жасөспірімдер қылмысы қоғамдағы өткір, көкейкесті әрі өзекті мәселелердің қатарында. Дүниежүзілік пандемияға байланысты бүгінде республика бойынша қылмыстық оқиғалар азайған. Оның ішінде жасөспірімдердің қылмысы да төмендеп отыр.

Жыл басынан бері облыста 3133 жасөспірімдер қылмысы тіркелген. 201 жасөспірім мен 162 әлеуметтік қиындығы бар отбасының кәмелеттік жасқа толмаған 294 баласы жүріс-тұрысы нашар жас ретінде арнайы есепке алынған. Қылмысты бірнеше мәрте қайталағаны үшін арнайы режимде ұсталатын балалар мен жасөспірімдерге арналған мектепке 13 жасөспірім жіберілген. Тәртіп сақшылары берген деректер кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық көріністері негізінен ұрлық, тонау, бұзақылық сипатында екенін көрсетеді.
Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің ювеналдық полиция бөлімінің бастығы Қуанышбек Қалжановтың айтуынша, биыл өңірде кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыстар 40,2 пайызға азайған. Есесіне бұл уақыт аралығында олардың тарапынан жасалатын ауыр қылмыстар санының көбейгені алаңдатады.
– Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ауыр қылмыстардың көрсеткіші 9-дан 15-ке дейін, яғни 66,6 пайызға өсіп отыр. Ерекше ауыр қылмыстар сол қалпында. Бұның себебін балалардың карантин кезінде ата-аналарымен қалуымен байланыстыруға болады. Зорлау фактісі мен қарақшылық 100 пайызға азайды. Тонау 33,3 пайызға, біреудің мүлкін ұрлау 56,3, пайызға төмендесе, алаяқтық оқиғасы мүлде орын алмаған. Көлік құралдарының ұрлығы 2-ден 1-ге дейін азайып, қару-жарақты заңсыз сақтау мен есірткі қылмыстары да орын алмаған. Сонымен бірге бұзақылық 16 пайызға көбейсе, денсаулыққа орташа зиян келтіру секілді басқа да қылмыстар саны 3-тен 9-ға өскен. Қылмыстың ауыры мен жеңілі жоқ. Сондықтан сала мамандары тарапынан өңірде қылмыстың алдын алу басты назарда. Десе де әлемдік пандемияға байланысты мектеп, жоғары, арнаулы оқу орындарының онлайн режимге көшуінен инспекторлар жасөспірімдердің жүріс-тұрысын бақылау мүмкіндігінен шектелді, – дейді Қуанышбек Жақсылықұлы.
Баланың өміріне ерекше мән беріп, оларды түзу жолға бағыттап, тәрбие беруде ата-ананың орны қашанда бөлек. Бірақ 33 ата-ана немесе балалардың заңды өкілдері кәмелетке толмаған жасөспі­рімдерді тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін өз деңгейінде орын­дамағаны үшін соттың үкімімен ата-ана құқықтарынан айырылған.
Қолдағы деректерге қарағанда, баланың өміріне жауапты ата-ананың осындай салғырттығы да жасөспірімдер қылмысына себеп болып отырғандығын аңғаруға болады. Егер әрбір ата-ана өз тарапынан балаларына тиісті дәрежеде көңіл бөлсе, жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын қылмыстық істердің алдын алуға болар еді. Балаға көбіне-көп отбасындағы келеңсіз жағдайлар өз әсерін тигізбей қоймайтыны белгілі.
Тәртіп сақшылары жастар шоғырланған жерлерге 1153 мәрте рейд ұйымдастырылып, 2985 жасөспірім әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде спирттік сусындарды қолданған 35 жасөспірім, бұзақылық жасаған 35, мектептен безіп, қаңғыбас атанып, қайыр тілеп жүрген 117, кешкі уақытта қараусыз жүрген 1539 бала тіркеліпті. Рейд кезінде спирттік ішімдіктің кесірінен болған 28 оқиғаның жолы кесіліп, бас-аяғы 117 бала кәмелетке толмағандардың бейімдеу орталығына жіберілген.
Отбасында баламен қатал қарым-қатынас жасау, яғни ұрып-соғу, балағаттау, ар-намысына тию жасөспірімдердің өмірден баз кешіп, өз-өзіне қол жұмсауға алып барады. Жыл басынан бері суицид оқиғасы 30 пайызға төмендеді дегенмен, мұндай оқиғаның тоқтамағанын жоққа шығара алмаймыз. Мәселен жыл басынан 2 оқиға тіркелді, 5 жасөспірімнің өзін-өзі өлтіруге оқталуы да көңілді күпті етеді. Ағымдағы жылдың бес айында 1 қыз баласы мен 6 ұл осындай әрекетке барған. Және олардың барлығы орта мектеп оқушылары.
«Жас бала – жас бір шыбық, бала күнінде қай күйде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, өсіп келе жатқан әр жеткіншекті сотқар, бұзақы, қылмыскер етіп емес, туған еліне, жеріне пайдасы тиетін ұлтжанды нағыз азамат болып өсуіне ықпал ету баршамыздың ізгі борышымыз болмақ.

Айжан Өзбекова

ПІКІР