Оғлан ұрпақтың он жылдық белесі

0 11

«Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді халық даналығы. Ал халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «адамның бақыты – балада». Сондықтан да сонау текті түркі бабалар дәуірінен бастап, тәуелсіздікке дейін һәм кейін де ұрпақ тәрбиесі күн тәртібінен түскен емес. Қоршаған ортаны қадірлеп, Отан ананы қастерлеуді, салт-дәстүрді сақтап, ұлттық құндылықтарды құрметтеуді бұл күнде өскелең ұрпақтың бойына «Жас қыран» мен «Жас ұлан» ұйымы сіңіріп келеді. Мақсаты игі, міндеті ізгі, өңірдегі 160 мың баланың басын бір шаңырақтың астына тоғыстырып, толқынын бір арнада тұндырған «Жас ұлан» ұйымының құрылғанына он жыл толып отыр.

Биыл «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы үшін ерекше жыл. Елбасының қолдауымен құрылып, еліміздің әр өңіріндегі оқушылардың басын бір шаңыраққа біріктірген ұйым 10 жасқа толды. Осы ретте мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды ұйымдастыратын облыстық «Жамбыл дарыны» орталығында жасұландықтар он жылдық белесін салтанатты түрде атап өтті. Карантиндік талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылған шараға ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарға сәйкес рухани дүниесі кең тұлғаны қалыптастырып, балалар мен жасөспірімдерді қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеп жүрген Қордай, Жамбыл, Шу, Талас, Байзақ, Меркі, Т.Рысқұлов, Жуалы, Мойынқұм және Сарысу аудандарының үйлестірушілері және қаладан мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылық орталығы, білім басқармасына қарасты мектеп, мектеп-интернаттарының үйлестірушілері, аудан, қаладағы ұланбасылары және белсенді жасұландықтар қатысты.
Орталықтың алаңында мерекелік жиынның ашылу салтанаты белсенді жасұландықтардың көңілді флешмобымен басталып, жиналғандардың назарына «Балалар бірлестігінің 10 жылдық көрінісі» атты көрме ұсынылды.
– «Жас ұлан» тек облысымызда ғана емес, республика аумағында ең танымал ұйымдардың қатарында. Бүгінде тәрбиеге, отансүйгіштікке, елге, жерге деген махаббатты оятатын үлкен ұйымға айналды. Мектеп оқып жүрген кезімізде өзін-өзі басқару жүйесі, одан кейін «Мирас» ұйымы болды. «Мирастан» кейін «Жас қыран», «Жас ұлан» ұйымдары дүниеге келді. Он жылдың ішінде бұл ұйымдар өзінің өміршеңдігін көрсете білді. Сіздер еліміздің, жеріміздің, Отанымыздың болашағысыздар. Алған білімдеріңізбен қатар, тәлім-тәрбиелеріңіз де маңызды. Біліммен берілген тәрбие ешқашан өлмейтіндігін, жерде қалмайтындығын ғасырлар бұрын әл-Фараби бабамыз айтып кеткен болатын. Қатарларыңызға бүгін тағы да жасұландықтар қосылып отыр. Қатарларыңыз көп болсын. Болашақтарыңыз жарқын болуына әрдайым тілектеспін. Ұйымдарыңыздың жұмысы тек алға баса берсін. Жеңісті күндерде жолыға берейік, – деді облыс әкімі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа.
«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін» ұрпақты он жыл бойы ұлағатты ұстанымға ұйыстырып отырған ұйым құрамы мереке қарсаңында тағы 300-ге жуық талапты өрендермен толықты.
Ұйымның жаңа мүшелері салтанатты түрде Отанды қорғап, ұлттық құндылықтарды қастерлеп, сапалы білім, саналы тәрбие алуға ант берді.
– Елбасының бастамасымен құрылған ұйымымыз он жыл бойы экологиялық, патриоттық, ұлттық құндылық, білім беру бағыттарында іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Ұйым мүшелерінің мектеп жасынан қоғамдық іс-шараларға араласуы маңызды деп ойлаймын. Біздегі жасқырандықтар – бастауыш сынып оқушылары, ал 5-10-сынып оқушылары «Жас ұлан» ұйымына мүше болып қосылғандар. Қазіргі таңда және алдағы уақытта республикалық «Жас ұлан» ұйымымен біріккен түрде үлкен жобаларды жүзеге асырудамыз. Оның ішінде интернетке тәуелділіктің алдын алуды, экологиялық мәдениетті балалардың бойында қалыптастыруды көздейтін ірі жобаларды өңіріміздің барлық аймақтарында жүзеге асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда Жамбыл облысы «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы республикада жұмысы жүйеге қойылған үздік бестіктің қатарында, – дейді он жылдық белесті белсенді бастамаларымен бағындырып келе жатқан аталмыш ұйымның облыстағы жетекшісі Айжан Алебаева.
«Жалында, «Жас ұлан», жарқыра!» ұранымен өткен шара соңы шығармашыл ұйым мүшелерінің өнер концертіне ұласып, облыс әкімдігі білім басқармасы тарапынан ұйымның озат, белсенді мүшелері марапатталды.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.