Сұхбат

«Өкім аға жастарды қолдаудан еш жалықпайтын»

Written by Aray2005

Биылғы желтоқсан айында қазақтың белгілі қаламгері, Талас ауданының Құрметті азаматы Өкім Жайлауов тоқсан жасқа толғалы отыр. Ақынды еске алу мақсатында кезінде көзін көріп, батасын алған, «Еңбек туы» газетінде (қазіргі «Aq jol») қызметтес болған, ақын Айша Көпжасаровамен сұхбаттасқан едік.

– Айша ханым, көңіл-күйіңіз қалай, өлең жазылып жатыр ма?
– Көктемгершілік, құбылмалы ауа райы денсаулыққа әсер етпей қоймайды екен. Оның үстіне жасымыз да сексенге таяп қалды дегендей. Қанша жасқа келсең де өлең шіркін ойыңа орала береді екен. Бірақ жас кездегідей шабыт келді деп, көп отыра бермейсің. Әйел болған соң үйдің де тірлігі бар. Дегенмен жарық дүниені аңсаған өлең жарыққа шықпай қоймайтынына көзім жетті. Бұған да «Аллаға мың да бір шүкір» деймін.
– Биыл жамбылдық ақын Өкім Жайлауов ағамыздың тоқсан жылдық мерейтойы. Күләш екеуміз ол кісінің ағалық сөзін естіп, Алматыда ақын отбасымен аралас-құралас болғанбыз. Адамгершілігі жоғары, өте кішіпейіл де қарапайым кісі болатын. Ақын ағамыздың қамқорлығын көрген жастар аз емес. Соның бірі өзіңіз. Есіңізде қалған сәттер болса әңгімелей отырсаңыз…
– «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деп халқымыз айтады ғой. Өкім ағамыздың туғанына да тоқсан жыл толып отыр. Ағаны көргенім күні кешегідей көкірегімде сайрап тұр. Халық ешқашан ақын-жазушыларын, қоғам қайраткерлерін, зиялыларын ұмытпайды. «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» деген қанатты сөз осындайдан қалса керек. Ол кісілер ұрпақ тәрбиесіне, олардың болашағына барлық күш-жігерін аямай жұмсаған жандар. Өкім аға осындай тұлғалы кісілердің бірі еді.
Өкім ағаны алғаш рет өткен ғасырдың алпысыншы жылдары көрген едім. Бұл кез мектепті бітірген шағым болатын. Сол жылы ҚазГУ-дың (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) журналистика факультетіне тапсырғанмын. Бірақ емтихандарды жақсы бағаларға тапсырғанмен, екі жылдық еңбек өтілім болмаған соң оқуға түсе алмай қалдым.
Ол кезде бүгінгі «Aq jol» газеті «Еңбек туы» болатын. Газеттің бас редакторы Ғайса Сармурзин еді. Осы кісіге өтініш айтып, баспаханаға жұмысқа орналастым. Маман тапшылығына байланысты бір айлыққа машинистка және корректор болып екі жұмыс атқардым. Сол кездері Арғынбай Бекбосынов, Тұраркүл Райымқұлова, Ғазизбек Тәшімбаевтар жас журналистер ретінде редакцияда жұмыс істейтін. Кейін бұл кісілер үлкен тұлғаға айналды ғой.
Бала кезімнен әдебиетке құмар болып өстім. Журналистика мамандығын таңдауым да сол еді. Жастықтың әсері ме, қолым қалт еткен кезде өлең жазатынмын. Оны кешіктірмей редакцияға апарып беретінмін. Көп уақыт өтпей-ақ газет бетінен өз аты-жөнімді көргенде қуанышымда шек болмайтын. Сол кездері көбірек қамқорлық жасаған осы Өкім ағамыз еді. Сондай-ақ Өкім ағамыз жамбылдық Жарылқасын Амановқа, Абдрахман Асылбековке, Рафаэль Ниязбековке әдебиеттегі ақ жолдарын қалтқысыз айқындауға ақыл-кеңесін беріп отырғаны мәлім. Ол кісі барынша қарапайым еді. Ақырын жүріп, анық басатын ағамыз ылғи да жымиып қана жүретін. Ешкімге дауыс көтергенін көрген емеспін, қандай тапсырма берілсе де, қара нардай көтеріп жүре беретін, жарықтық! Кейін Алматыға ауысып, өзінің танымалдылығын арттыра түсті.
– Қазір қазақ поэзиясында өзіңіздің де айшықты қолтаңбаңыз бар. Жамбылдық жас таланттар Айшаның, Шырынның, Күләштің жырларын оқып өскен десек, артық айтқандық болмас. Сол жастарға айтар қандай ақыл-кеңесіңіз бар?
– Жастарға айтарым – «Кітап білім бұлағы, білім өмір шырағы». Сондықтан өмірдегі өз мақсатыңның орындалуы біліміңе байланысты дер едім. «Білімді мыңды, білекті бірді жығады» деген халқымыздың аталы сөзі бар ғой. Бұл киелі сөз тегін айтылмаса керек. Бүгінгі жастар ұялы телефонға, компьютерге, теледидарға көп шұқшия бермей, белгілі бір уақытты кітап оқуға да бөлу керек. Өйткені ата-бабамыздан қалған небір асыл сөздер, мақал-мәтелдер, тұрмыстық салт дәстүрлері сияқты құндылықтарымыз бізге тек кітап арқылы ғана жетті емес пе?
Өз басым мектепте оқып жүргенде үйге берілген тапсырмамды оқып болғаннан кейін өзіме ұнайтын кітаптарды тауып, түннің бір уағына дейін шамның жарығымен құныға оқып, көз майын тауысушы едім. Кей кездері, әсіресе жаздың күндері тоқал тамның төбесіне шығып, күнделікті сабағыма дайындалып, қалаған әдеби кітаптарымды оқитынмын. Сөйтіп жүріп барлығына да үлгеруші едік қой. Қайран, жастық-ай десеңші…
Ал Абай, Жамбыл, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановтың шығармаларын қызыға оқитынымыз соншалық, қайталап оқудан жалықпайтынбыз.
Қыз бала болсам да, әкем маған көп нәрсені үйретті. Менің кітапқұмарлығымды сезген ол үнемі базардан мен оқымаған кітаптарды сатып әкелетін. Өзі ән айтқанды жақсы көретін. Әкем де, анам да өнерге өте жақын жандар болды. Ол кездегі біздің тәрбиеміз бүгінгіге қарағанда мүлде бөлек еді.
– Кейінгі қалам ұстаған іні-сіңліле­ріңіздің артықшылығы мен кемшілігі қандай?
– Қазіргі жастар біздің тұсымыздағыдай ұяң да,ұялшақ та емес. Өткір, жаңалықты да, жамандықты да тез қабылдайды. Заман ағымына орай ой тереңдігі болғанымен, оны бірқалыпты ұстап тұру қабілеті кемшіндеу. Ұлттық құндылықтарымыздан бірте-бірте алыстап бара жатқандай. Бұл жағдай, негізінен, үйдегі ата-ананың берген тәрбиесінен деп ойлаймын. Өйткені қазіргі кезде ауылда да, қалада да қарбалас тірлік. Тұңғыш Президентіміз биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялады емес пе. Осының аясында жастарды адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеуде көптеген істер тындыруға болар еді. Әттең, ұйымдастыра білетін жауапты ұйымдар болса ғой.
– Ақын Өкім Жайлауовтың артына қалдырған мұраларын жас ұрпаққа насихаттау үшін қандай іс-шаралар атқаруға болар еді?
– Көзі тірісінде көп оқырмандары жақсы ақын ретінде мойындаған Өкім Жайлауов ағамыздың шығармашылығы бүгінгі жастарға кеңінен насихатталғаны дұрыс деп ойлаймын. Өйткені облыс топырағында туып-өсіп, халық құрметіне бөленген ақын-жазушылар мен батырлар, қайраткерлер аз емес. Солардың өмірін жастарға үлгі-өнеге етіп отырсақ, арадағы сабақтастық жалғаса түсері сөзсіз. Әсіресе бүгінгі ұрпаққа белгілі тұлғаларымызды жиі-жиі насихаттап отырсақ, ұтпасақ, ұтылмас едік. Ол үшін жоғары оқу орындарында, колледждер мен лицейлерде, мектептерде еске алу кештерін ұйымдастырсақ, жастардың да өнерге, өлеңге, өмірге деген құштарлығы артып, кітап оқуға деген белсенділіктері пайда болады.
Ал Өкім Жайлауов ағамыз әдебиетте өз орны бар, құрметтеуге лайықты ақынның бірі. Ол Тараздағы Жамбыл мектебінде оқыған. Қаладағы «Дөңгелексаз» дейтін жерде көп жылдар тұрған, талай жасқа қамқорлық көрсете білген ағаның атына көше берілсе де артық болмас еді. Торқалы тойына орай еске алу кеші өткізілуі керек деп есептеймін.
– Айша ханым, ақын ағамыз туралы айтқан ой-пікірлеріңіздің бәрі орынды. Кезінде Өкім Жайлауовтың поэзиясы туралы әдебиетіміздің алыптары Мұхамеджан Қаратаев, Әбділда Тәжібаев, академик-ғалым Өмірбек Жолдасбеков, Шона Смаханұлы, Сағат Әшімбаев, тағы басқалары жақсы лебіздерін білдірген.
Ал ағамыздың асыл жары Роза Жандарқызы Таластан шыққан белгілі ұстаз, Қазақстан Ресбупликасының білім беру ісінің үздігі, тамаша ұл-қыздар өсіріп отырған ардақты ана. Қазір Алматыда тұрады.
Өкім ағамыздың жас шығармашылық иелеріне жанашыр бола білгендігіне тағы бір мысал келтіре кетейін. Өзіңіздің сүйікті құрбыңыз, қазақтың көрнекті ақыны Күләш Ахметова жас кезінде Жамбыл медициналық колледжін осы кісілердің үйінде жүріп бітірген екен. Жақын туысы болып келетін Өкім ағасы Күләштің алғашқы өлеңдерін сол кездегі «Еңбек Туы» газетіне жариялап отырған. Жас ақын қыз Роза жеңгесінің де мейірімі мен тәрбиесін көп көрген. Бұл да бір тағылымды тағдыр ғой.
Қай кезде де жақсыны қастерлеу – халқымыздың бойына сіңген қасиет емес пе?
Осымен әңгімемізді аяқтай отырып, ортақ игілікке атсалысқаныңыз үшін шын көңілден рақмет айтқым келеді.

Әңгімелескен Қайырбек Асанов,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР