Өкпесі 100 пайыз зақымданған 60 жастағы азамат коронавирусты жеңіп шықты 

0 5

Тараз қаласының тұрғыны 60 жастағы азамат ауыр халде  қалалық көпбейінді ауруханасының жұқпалы аурулар құрылымына  келіп түсті. Туыстарының айтуы бойынша, науқас тұмау белгілеріне ұқсас ауруды өз бетінше емдеуге тырысқан. Бірақ дерті одан сайын асқынып, тынысы тарылып, ентіге берген соң, шұғыл түрде қалалық көп бейінді ауруханасына келеді. Қабылдау бөлімінде пациенттің қан талдаулары тексеріліп, компьютерлік томографияға түсірілді. Нәтижесінде өкпенің 100 пайыз  зақымдалғаны анықталып, жансақтау бөліміне жатқызылды.
Екі апта  бойы өкпені жасанды желдету  аппаратына қосылған пациентке дәрігерлер кешенді ем-дом жасап, қиын жағдайдан шығарады. Өздігінен дем ала бастаған соң, ол жалпы бөлімшеге ауыстырылады. Зақымданған өкпені қалыпқа келтіретін ем-шаралар 60 күнге созылды.
«Мен өз-өзіме келе алмай, тыныс алу аппаратында жатып, о дүниені көрдім десем болады. Ақ халатты абзал жандарға мың алғыс. Мұндағы барлық  дәрігерлерге, медбикелерге, мейіргерлерге, тазалықшы қыздарға екінші өмірді сыйлағаны үшін көп рақмет. Ковидке әлі де сенбейтін адамдарға, вакцина салдыртып, күтім жасауды ұсынамын, денсаулыққа артық қауіп төндірудің қажеті жоқ», – дейді ол.
Күнделікті емдеу барысын басшы ғана емес, тәжірибелі де білікті дәрігер Ербол Сағындықов бастаған аурухана меңгерушілері де бақылап отырған.
60 жастағы азамат өзіне екінші өмір сыйлаған   барлық медицина  қызметкерлеріне шын жүректен алғыс білдіруде. Бүгінде дәрігерлердің жасаған дұрыс   емі мен тиімді тәсілі арқасында  толық сауығып, үйіне шығарылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.