Оқу орындарына бар жағдай жасалуы керек

0 8

Тараз қаласындағы бірқатар нысандарды аралап, ондағы жұмыс барысымен танысты. Сондай-ақ Қант зауыты аумағындағы 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай пайдалануға берілген спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысты.

Спорт кешенінде гандбол, кіші футбол, баскетбол, каратэ, таеквондо, грек-рим, еркін күрес, бокс, кикбокс сынды спорт түрлерімен айналысуға барлық жағдай жасалған. Құрылысына 288 миллион теңге жұмсалған кешенде 500 бала тұрақты түрде спортпен шұғылдана алады. Мұнда 20-ға жуық білікті жаттықтырушы еңбек етпек. Айта кетерлігі заман талабына сай жабдықталған кешен №2 облыстық мамандандырылған олимпиада жеткіншектерін даярлайтын балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің базасына берілген.
Кешеннің ашылу салтанатында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев өңірде әлемді мойындатқан бірқатар спортшылардың шыққанын атап өтіп, бұл бағытта оларға жасалатын жағдай алдағы уақытта да жалғаса беретінін сөз етті.
– Кәсіби спортшылардың жағдайын жақсарту мақсатында өңірде жыл сайын қыруар қаржы бөлініп, спорт нысандары бой көтеруде. Биылдың өзінде өңірде 15 спорт кешенінің құрылысы қолға алынды. Бұған қосымша 92 спорт алаңы бой көтерді. Бұл үшін 8,5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады. Біздің ең негізгі мақсатымыз – бұқаралық спортпен шұғылданатындардың, оның ішінде балалар мен жасөспірімдердің санын көбейту. Осы арқылы халқымыздың денсаулығын жақсарту керек. Бүгінгі күні бұл меже аймақта 32 пайызды құрайды. Келер жылы бұл көрсеткішті 40 пайызға жеткізу қажет, – деген Бердібек Машбекұлы кешен аумағындағы №14 орта мектепке де келер жылы жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты.
Сонымен қатар кешен аумағынан демалатын саябақ жасалатынын жеткізді. Бұл өз кезегінде жастар мен жасөспірімдердің бос уақыттарын өткізуге ыңғайлы әрі сүйікті орынына айнала түспек.
Салтанатты шарада сөз тізгіндеген облыстың Құрметті азаматы, өңірге еңбегі сіңген белгілі бапкер Марат Жақитов спорт кешенінің ашылуымен көпшілікті құттықтап, аймақ басшылығына алғысын жеткізді.
Бұдан кейін облыс әкімі сол аумақтағы Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжінде болды. Оқу орны биыл техникалық базаларын жаңартыпты. Бердібек Сапарбаев әуелі дәнекерлеу ісі шеберханасында болып, ондағы соңғы үлгідегі жабдықтармен танысты. Мұнда студенттерге дәнекерлеудің 6 түрі үйретіледі екен.
Сонымен қатар өңір басшысы жол құрылыс машиналарын техникалық пайдалану шеберханасының жабдықталуына жоғары бағасын беріп, робототехника үйірмесінің де жұмысына қанықты. Оқу орнындағы жұмыстарға толықтай көңілі толатындығын білдірген облыс әкімі қолдағы бар техникалармен өз бетінше ақша табу керектігін жеткізді. Дегенмен бұған монополияға қарсы заңнама рұқсат бермейді екен. Осыны ескерген Бердібек Сапарбаев облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергеноваға арнайы тапсырма беріп, аталған мәселені шешуді тапсырды.
Келесі кезекте өңір басшысы №4 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі базасындағы теннис кортында болды. Жасыратыны жоқ, өңірде енді дамып келе жатқан бұл спорттың ауыз толтырып айтарлықтай жетістігі аз болса да жамбылдық жеткіншектер арасында осыған дейін жастар арасындағы Азия чемпионы шыққан екен. Сол үрдісті жалғастыруды көздеген сала мамандары аталған теннис кортына биыл жөндеу жұмыстарын жүргізіпті.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз сервис және технология колледжіне барып, «Жас маман» жобасы аясында ашылған құзіреттіліктер орталығының жұмысымен танысты. Аталған жоба аясында сатып алынған халықаралық стандарттарға сәйкес 190 тігін машинасы мен 138 аспаздық құрал-жабдыққа көңілі толатынын атап өтті. Мұнда да өңір басшысы қолда бар құрал-жабдықтарды пайдалана отырып, колледж өз-өздерін қаржыландыруы тиіс екенін қадап айтты.
– Байқағаным мұндағы құрал-жабдықтар өңірдегі кейбір цехтар мен өндіріс ошақтарында жоқ. Мамандар заманауи техникаларды тиімді пайдаланып, өнім өндіріп, өз-өздерін қаржыландыруы тиіс. Мұндай бастама студенттер үшін де керемет тәжірибе болатыны сөзсіз, – деді Бердібек Машбекұлы.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.