Жастар.kz

«Оқушы еден жуса, оның еш сөкеттігі жоқ»

Written by Aray2005

Керісінше жастайынан еңбекке баулимыз

Жаңа оқу жылы басталысымен желідегі жұртшылық мектеп оқушыларының кабинеттердің еденін жууына қатысты мәселені қызу талқылауға көшті. «Баланы жастан» еңбекке баулудың осы бір тәсіліне қатысты көпшіліктің пікірі қақ жарылды. Бірі «тарыдай» болып мектепке кірген баланың «таудай» болғанша бар қажыр-қайратын білім алуға жұмсап, тазалықты тиісті мамандардың мойнына артқанды дұрыс деп санайды. Енді бірі күнұзақ кітапқа қадалған шәкірттерге ара-тұра қолына «швабра» алып, шаң сүрткеннің зияны жоғын айтып жатыр. Тіпті бұл мәселеге қатысты БАҚ-та бірқатар министрлер де пікір білдіріп, ата-аналар келісімін берсе, мектеп оқушыларының еден жуғанының еш сөкеттігі жоғын алға тартуда.
«Жастар TIMЕS» алаңының бүгінгі спикері жас педагог, Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназияның өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Айдана Рахманбердиева оқушылардың тазалық жұмыстарына тартылуына қатысты өз ойын ортаға салды.

– Ұстаз ретінде мен мектеп оқушыларының ата-аналар мен өздерінің келісімі арқылы оқу кабинеттерінің тазалық жұмыстарына тартылуын қолдауға тұрарлық бастама деп санаймын. Мектепте оқып жүрген шақта біз де қолымызға шүберек алып, парта мен тақтаны сүртіп, еденді де сыпырып, жуатынбыз. Ара-тұра сенбіліктерге де шығатын едік. Мектеп ауласын қоқыстан тазартып, айналасына тал, жеміс ағаштарын отырғызатынбыз.
Меніңше, балалар кабинет еденін өздері жуып, қоқысты тазалау арқылы жинақылық пен тазалыққа дағдыланады. Сондай-ақ тазалық жұмыстарын өз қолдарымен жүргізген оқушылар мектептегі кіші техникалық қызметшілердің еңбегін құрметтейтін болады.
Дәл осы мәселеде біз көп сөз ететін Жапония мектептерінде еден жуушы мамандардың қызметін толығымен оқушылар атқаруы да еңбекке баулудың ерен үлгісі саналады.
Алайда қазіргі мектеп оқушы­ларының бос уақыттары бола бермейді. Демек, олардың тазалық жұмыстарына атсалысуы үшін оған арнайы уақыт белгілеуді ұсынамын. Яғни оқушылар еден жуумен сабақтан бос уақытта айналысса. Мәселен, өз басым әр аптаның сенбі күндері уақыт тауып кабинеттегі терезе әйнектерін, парталар мен орындықтарды, сөрелерді, еденді жуып тұруға тырысамын. Қазір көптеген мектептерде бес күндік оқу жүйесіне ауысқандықтан, осы күн тазалық жұмыстарына арнауға өте қолайлы. Әрі бұл жұмыстарда оқушылар ешқандай дезинфекциялық құралдарды қолданбай, тек суды ғана кәдеге жаратады. Ал дезин­фекциялық құралдармен терең тазалау жұмыстарын кіші техникалық қызметшілер жүргізеді.
Жақында ғана Қазақстан халқына жасаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылды «Еріктілер жылы» деп жариялады. Демек, бұл еріктілік бастамаларға қозғау салатын уақыт болуымен ерекшеленбек. Дәл осы жылда мектеп ұжымының ерікті түрде тазалық жұмыстарын өз қолдарымен жүзеге асыруға бастамашылдық танытқаны жөн деп білемін. Сәйкесінше оқушылар да ұстаздарының бұл әрекетін өз еріктерімен қолдаса, олардың тазалық жұмыстарына тартылуы, еден жууы сынды мәселелер бүгінгідей қызу талқыға түспес еді.

ПІКІР