"Шамшырақ"

Оқушылар лагері басталды

Written by Aray2005

Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясында 1 маусым –Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «Нұршуақ» жазғы сауықтыру және еңбек лагері ашылды. Мектеп жанынан құрылған дәстүрлі демалыс лагерінде биыл жалпы саны 719 білім алушының қабілеттіліктерін танытуына мүмкіндік беріліп, жалпы және психологиялық саулықтарын нығайту үшін шығармашылық, әлеуметтік және спорттық іс-шаралардың кешенді түрде өткізілуі жоспарланып отыр.

Мерекелік жиынның ашылу салтанатында гимназия директоры Фарида Шортанбекова жүздері бал-бұл жанған балдырғандарды атаулы күнмен құттықтай отырып, жазғы демалыс лагерінің сәтті өтуіне тілек білдірді.
Жалпы, гимназия жанынан құрылған биылғы лагерьдің ерекшелігі – мұнда білім алушылар Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Үш тұғырлы тіл» жобасы аясында үштілділік құзіреттілікті дамытуға бағытталған қазақ, орыс, ағылшын тілі үйірмелеріне жұмылдырылып, әсіресе заман талабына айналып, ғылым мен техниканың тілі болып отырған ағылшын тілінде сөйлеу дағдыларын дамытатын болады. Сондай-ақ «Туған жер» жобасы аясында құрылған тарих үйірмесі, оқушының логикалық ойлауын дамытуға арналған логика, эстетикалық мәдениетін дамытуға бағытталған өнер, дене шынықтыру бағытындағы спорт үйірмелері өз жұмысын бастады. Лагерьде қазақ, орыс, ағылшын тілі, тарих, математика, дене шынықтыру, өнер пәні мұғалімдерімен қатар, 32 тәрбиеші, психолог, дәрігер, кітапханашы, аспазшы қызмет көрсетеді. Сонымен қатар әдеттегі тәрбиешілерден бөлек, ағылшын, орыс, қазақ тілдерін жетік меңгерген жоғары сынып оқушыларынан құралған волонтерлер қызмет етеді. Олар тәрбиешілер мен үйірме жетекшілеріне пәндік үйірмелерді өткізуге және топ жұмысын ұйымдастыруға көмектесетін болады.

Гүлнұр Бекбай,
ТарМУ-дың журналистика мамандығының
1-курс студенті

ПІКІР