Оқушыларға бар жағдай жасалуда

0 7

Облыстық білім басқармасында облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен алқа мәжілісі өтті. Онда өңірдегі білім саласында өткен жылы атқарылған жұмыстар жайы сараланып, келер жылға қойылған міндеттер екшелді.

Жиынды ашып, жүргізген Ержан Жұматұлы бүгінде ғылым мен білімді дамытуға мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп отырғанын, осы талап үдесінен шығу басты мақсат екенін атап өтті.
– Білім саласына мемлекет тарапынан жылда қомақты қаржы бөлінеді. Ұстаздардың еңбекақысы жыл сайын 25 пайызға арттырылуда. Мұғалімдер мәртебесін көтеретін арнайы заң қабылданды. Еңбек өтіліне қарай 500-700 мың теңге аралығында жалақы алатын мұғалімдер бар. Ауыл мен қала мектептерінің алшақтығын жақындату, мектептерді күрделі жөндеуден өткізу немесе жаңасын салу, жаңа үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Осының барлығы, түптеп келгенде, жас ұрпақтың тәрбиесі мен лайықты білім алуына жағдай жасаудың қамы, – деді Ержан Жылқыбаев.
Басқосуда баяндама жасаған облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенованың айтуынша, облыс мектептерінде 26 632 педагог қызмет етсе, оның ішінде 24 111-і пән мұғалімдері, 24 656-сы жоғары білімді педагог. Бүгінде 40 мыңнан астам педагогтің еңбекақысын 25 пайыз ұлғайту үшін республикалық бюджеттен 20,6 миллиард теңге қаражат бөлінген. Педагогикалық-шеберлік санаты үшін 14 мың 286 мұғалімге 30-50 пайыз қосымша ақы төленуде. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 23 989 педагогтың лауазымдық жалақысына 30 пайыз қосымша үстемақы қосылған. Облыстың 4 ұстазы «Үздік педагог – 2020» атағына лайық деп танылған. Жеңімпаздарға «2020 жылдың үздік педагогі» төсбелгісі, куәлік, сонымен қатар 2 778 000 теңгеден қаржылай сыйақының сертификаттары табыс етіліпті. Оқу жылының басынан бері 20 педагог республикалық әртүрлі байқаулардың жеңімпазы атанған.
– Пандемияға байланысты биылғы оқу жылында оқу үрдісі 3 түрлі форматта жүргізілуде. Облыс бойынша 456 мектепте 240 813 оқушы білім алып жатыр. Соның ішінде оқушылардың 51 пайызы дәстүрлі форматта, 49 пайызы қашықтан оқуда. Әлемде таралған індет салдарынан халықаралық, республикалық олимпиадалар мен әртүрлі ғылыми жарыстар онлайн форматта ұйымдастырылуда. Халықаралық қашықтық олимпиадаларда өңірдегі 1000 оқушы, республикалық қашықтық олимпиадалар мен байқауларда 952 оқушы жеңімпаз атанды, – деді Гүлнар Махақызы.
Сондай-ақ облыстың бас ұстазы саладағы атқарылған шаруалар мен жетістіктерден бөлек, олқылықтардың да орын алып жатқанын жасырмады.
– Бұрнағы жылмен салыстырғанда өткен жылы кәмелет жасына толмаған балалар арасындағы қылмыс 28,7 пайызға азайғанымен, өңірлерді жекелей алып қарағанда Жуалы және Шу аудандарында қылмысқа қатысы бар оқушылар саны біршама өскен. Тараз қаласы мен Жуалы, Т.Рысқұлов аудандарында жасөспірімдер арасындағы ауыр қылмыстар саны азаймай отыр. 16 жасқа толмаған қыздар арасында ерте жүктілік бойынша Қордай ауданында – 2, Жуалы ауданында 1 дерек тіркелді. Балабақшалардың жұмысын зерделеу барысында оның кейбірінің меңгерушілері немесе есепшілерінің қаржы жымқыру секілді құйтырқы әрекеттерге барғаны анықталып отыр, – деді Гүлнар Ходжабергенова.
Өз кезегінде Е.Жылқыбаев аудандардағы ата-аналар комитетінің көпшілігінің белсенділігі төмен екенін, олардың жұмысы ширатуды қажет ететінін атап өтті.
– Өткен жыл білім саласына да оңай соққан жоқ. Пандемия оқу үрдісіне үлкен өзгеріс енгізді. Соның салдарынан көптеген ірілі-ұсақты кемшілікке жол берілді. Дегенмен білім сапасын арттыру, ата-ана мен қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну, қойылған талап үдесінен шығу біздің міндетіміз. Мәселен, өткен жылы білім сапасын төмендетіп алдық. Әсіресе мектеп бітіруші түлектердің ҰБТ-дан жинаған балы көңіл көншітпеді. Облыстық көрсеткіш 70,2 пайызбен өткен жылғы нәтижеден 20 пайызға дейін төмендеп кетсе, Т.Рысқұлов, Жуалы, Шу, Қордай, Меркі аудандары 50-60 пайыздан әрі аса алмады. Осы олқылықтардың орнын толтыру және ауыл мен қала мектептерінің арасын жақындатуда Назарбаев Зияткерлік мектебімен байланысты нығайту керек, – деген Ержан Жұматұлы әрбір мектептің көрсеткіш нәтижесін зерделеу қажеттігін сөз етті.
Шалғай аудандарды айтпағанда, Тараз қаласының өзінде ұзақ жылдан бері бір директор басқарып отырған, бірақ көрсеткіші төмен, ғылыми жетістігі жоқ бірқатар мектептерді атады. Облыста осындай 24 білім ошағы бар екенін, оның кейбір директорларының бір орында отырғанына 30 жылдан асқанын, егер олар алдағы уақытта нәтиже шығармаса, шара қолдану қажеттігін тапсырды.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылар 49 мектеп пен 35 колледжде білім алып жүргенін, облыс бойынша 244 жасөспірім жүкті болып қалғанын, бұл балаға беріліп жатқан тәлім-тәрбиенің осалдығын көрсететінін, сондықтан ата-ана, қоғам тарапынан балаға берілетін тәрбиені күшейту қажеттігін жеткізді.
Бұдан бөлек мемлекет қыруар қаржы төлеп ұстап отырған көптеген колледждер сұранысқа ие емес мамандық бойынша студенттерді оқытып шығаратынын, соның салдарынан өңірде қажетсіз мамандық игерген жастар қатары көбейгенін айтып, алдағы уақытта оларды жабу немесе оңтайландыру жұмысы қолға алынатынын айтты.
Жиын соңында Ержан Жылқыбаев мектепке дейінгі білім мен тәрбие беретін мекемелердің кейбірінің жұмысын сынға алып, білім саласындағы құрылыс және күрделі жөндеу нысандарының сапалы атқарылуын назарға алды. Орта мектептердің өз түлектерімен дұрыс жұмыс істеуін сөз етіп, «Жомарт түлек» жобасы аясындағы tylek.kz сайтының базасын жетілдіруді, жазғы лагерьлерді дайындауды осы бастан қолға алуды тапсырды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.