Оқушының үйірмеден үйренері көп

0 39

Қазандағы қайғылы жағдай барлық мектеп үшін үлкен сабақ болғаны жасырын емес. Әрбір ел өз білім ошақтарына әртүрлі қауіпсіздік амалдарын қарастырып жатыр. Жасөспірімді осындай жантүршігерлік әрекетке нендей жағдай итермелегені белгісіз. Жаһандық психологтар бұл жағдайда, ең алдымен, мектептегі қауіпсіздіктен бұрын жастардың тәрбиесіне басымдық беруді алға тартып отыр. Себебі таңнан кешке дейін отбасын асырау қамымен қарбаласқан ата-ананың барлығы бірдей сабақтан тыс уақытта баласының немен айналысып жүргенін бес саусағындай біліп отырған жоқ…

Қазіргі заманның баласын смартфон, гаджеттерсіз елестету мүмкін емес. Оның үстіне әлемді жайлаған пандемия кезінде жасөспірімдер жаппай жата-жастана ғаламторға басыбүтін байланып қалғаны тағы бар. Шынтуайтында, еліміздегі жасөспірімдердің тең жартысынан астамы «PlayStation» ойын-сауық орталықтарында алтын уақыттарын ауаға шашады екен. Ал ондағы ойындардың басым көпшілігі атыс-шабыс екені айтпасақ та түсінікті. Кибер әлемнің киллерлері тәрбиелеп өсірген ұрпақ үшін былайғы өмірдегі қатыгездік қалайша таңсық болсын. Әлеужелідегі жастардың қылмыстары, бір-біріне әлімжеттік көрсетуі сынды жағдайлардың адам өлімімен аяқталып жатқаны да мәлім. Бұл қатарда біздің өңірдегі жастар да бар. Оған таяуда трагедиямен түйінделген Шөлдаладағы жасөспірімдердің жаппай төбелесін мысал етсек те жетіп жатыр.
– Әлемдегі немесе еліміздегі жантүршігерлік жағдайлар былай тұрсын, өңірімізде мұндай жайттар орын алғанда баламыз үшін қатты алаңдайтынымыз жасырын емес. Тіпті бесіктен белі шықпай жатып тал түсте төбелесіп, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын жастарға қарап, ол қайдан шыққан қатыгездік деп ойлайсың. Өкінішке қарай, мұндай жайттар мектеп жасындағы қыз балалардың арасында да кездеседі. Жасыратыны жоқ қазір тынбай жұмыс жасайтын заман. Күні бойы күйбең тіршілікпен арпалысып жүрген ата-аналар да балаға көп уақытын арнай алмайды. Салдарынан баланың бос уақыты түзде жаман әдеттерге, үйде ғаламтордағы қатыгездікке құрбан болады. Сол үшін қазір не көп, үйірме көп. Баланың уақытын өзіне, айналасына пайдалы дүниеге жұмсаған жөн. Осы мақсатта №54 мектептегі қызымды домбыра үйірмесіне бердім. Әр қазақ отбасында домбыра күмбірлегені ғажап қой. Қазір қызым Роза Әбдікәрім 7-сыныпта оқып жүр. Домбыра үйірмесіне қатысып жүргеніне биыл төртінші жыл. Оқу үлгерімі де жақсы. Мектептегі мерекелік іс-шараларда да белсенді өнерін көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, білімнен де, өнерден де құралақан емес. Өзім секілді әрбір ата-ананы балаларын үйірмеге беруге шақырамын, – дейді қала тұрғыны Ақбота Әбдікәрім.
Сол секілді көпбалалы ана Фариза Қапалова да сүт кенжесінен басқа перзенттерінің барлығын үйірмеге беріп, олардың жетістігіне марқаюда.
– Басында үлкен қызымды аяйтынмын. Мүлдем бос уақыты болмады. Таңертең күнделікті сабағы, түстен кейін тереңдетіп оқытылатын қосымшасы, одан кейін шет тілі үйірмесіне бердім. Ал сенбі, жексенбі күндері музыкаға барып жүрді. Қатты шаршап, кешкісін талып ұйықтайтын. Ойнап-күліп жүрген қатарластарына қарап қызығатын. Осылайша қызым мектепті бітірді. Қазір қызымның өзі маған рақмет айтып жүр. Себебі ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинады. Математиканы да, шет тілін де жетік біледі. Музыкадан да хабары бар. Өз күшімен грантқа Алматыға оқуға түсті. Өзінен кейінгі бауырларына да сабақтан көмектесіп жүр. Одан кейінгі ұлдарымның барлығын спортқа бердік. Алды республикалық жарыстарда жүлдегер атанып жүр, – дейді көпбалалы ана.
Облыс әкімдігінің білім басқармасының мәліметінше, 2020-2021 оқу жылында өңірдегі 73 мектептен тыс мекемеде 67 715, яғни 37,1 пайыз оқушы қосымша білім берумен қамтылған. Ал жалпы білім беретін мектептерде оқушылардың 133 250-і, яғни 56 пайызы өз қызығушылықтары бойынша түрлі үйірмелерге қатысады екен. Сондай-ақ жалпы білім беретін мектептердегі
2 414 спорт секциясына қамтылған оқушылар
87 684, яғни 36,8 пайызды құрап отыр.
– Орталығымыздың тарихы сонау 1938 жылдан бастау алады. Ол кезде Пионер үйі болып ашылған. Содан күні бүгінге дейін оқушылардың қабілеттерін шыңдап, шығармашылығын дамыту бағытында белсенді жұмыс жасап келеміз. Атап айтсақ, «Жамбыл дарыны» орталығында 1 783 оқушы түрлі үйірмелерге қатысып, 80-нен аса тәрбиеленуші халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпаздары атанып, облысымыздың мақтанышына айналды. Бүгінгі таңда орталық қызметкерлері 6 бағыт бойынша үздіксіз еңбек етуде. Онда оқушыларға кәсіби бағдар беру, дарынды балалармен жұмыс жасау, интеллектуалдық қабілеттерін арттыру секілді жан-жақты міндеттемелер қамтылған. Бүгінде 80 жылдан аса тарихы бар Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық «Жамбыл дарыны» орталығы аймақтағы балаларға қосымша білім беру ұйымдарының ресурстық орталығы ретінде Қазақстан Республикасындағы білім беру кеңістігінде өзінің орнын ойып тұрып алды десек артық болмас. 8 және 16 жас аралығындағы оқушыларға арналған ІТ-сынып, Интернет сауаттылық, «Білімпаз» орталығы, «Тілдер әлемі», «Қызықты математика мектебі», ән, би, тіл, шешендік өнер секілді сан түрлі үйірмелерде оқушылар өз мүмкіндіктерін барынша шыңдауда. «Мерей» мектебі көркемсурет өнері арқылы баланың көркем мәдениетінің негіздерін қалыптастыру мен дамыту мақсатында жұмыс жасаса, орталығымыздың «Жас сарбаз» клубы патриоттық тәрбие беру және әскери қызметке даярлау мақсатында құрылған. Қазіргі таңда елімізге танымал, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп жүрген «Бозторғай» үлгілі ән-би ансамблінің құрамында 6 жастан бастап 18 жасқа дейін 400-ге жуық өнерпаз бала бар. Оқушыларымыз өз өнерімен елдің рухын көтеріп, адамзат баласына шексіз қуаныш сыйлап, халқымыздың мәдени талғамы мен танымын қалыптастырып, қазақ деген ұлы халықтың әлеуметтік-рухани құндылықтарын жұртшылыққа паш етіп жүр. Мұнда ансамбль, хор, хореография, музыка да бар. Білікті маман Айжан Алебаева жетекшілік ететін «Жас Ұлан» ұйымы облысымыздағы барлық мектептермен, тәлімгерлермен және үйлестірушілермен үнемі тығыз байланыста жұмыс атқарады. Өңірдегі 160 мың баланың басын біріктіріп, әрбір мектепте өз қызметін үйлестіріп отырған, 2011 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы негізін қалаған «Жас Ұлан» ұйымы игілікті істердің бастауында тұр. Сондай-ақ бүгінгі күнге дейін облысымыздың тарихи-мәдени мұраларын насихаттауға, сақтауға қызығушылық танытқан 200-ге жуық ерікті орталықтың мүшесі атанды. Аталған бағыт бойынша бүгінгі күнге дейін үйлестірушілер мен жаттықтырушыларға арналған оқытулар өткізіліп, волонтерлерге арналған семинар-тренингтер, оқу курстары өз жұмысын жалғастыруда, – дейді облыстық «Жамбыл дарыны» орталығы директорының уақытша міндетін атқарушы Айгүл Тоқбергенқызы.
Сол секілді балалар шығармашылығын дамыту және қолдау, ұлттық және азаматтық құндылықтар негізінде жеке адамды қалыптастыру, кәсіби бағдар беруге қажетті жағдай жасау, салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру, жасөспірімдердің құқықбұзушылығының алдын алу және бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында 2008 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан «Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Тараз қаласының білім бөлімінің техникалық шығармашылық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде де 6-17 жас аралығындағы үш жарым мыңға жуық бала тәрбиеленуде. Техникалық, сәндік- қолданбалы, биологиялық, әлеуметтік-экономикалық бағыттардағы 30 үйірмеде 292 топ, 101 педагог жұмыс жасайды екен.
– Орталық жас жеткіншектердің болашақ мамандықтарын таңдауға ықпалын тигізеді. Әр оқушы өзіне қызықты үйірмесін таңдап, бағдарламаны 2-3 жылда меңгереді. Жас ерекшеліктеріне сай жоба жасап, түрлі байқауларға қатысады. Оқушыларымыз техникалық бағыттағы жарыстардан республика бойынша 2 жыл қатарынан командалық есеппен 1-орында. 2020-2021 оқу жылында орталықтың тәрбиеленушілері халықаралық, республикалық, облыстық жарыстардың жеңімпазы атанды. Биыл «Робототехника» үйірмесінің 2 тәрбиелену­шісі – Ағаділ Серіков пен Дмитрий Торопов Қытайда өткен халықаралық жобалар байқауында ІІІ орынды иеленді. Бұл жоба жасөспірімдердің жұмыстарын қолдау мақсатында ұйымдастырылған болатын, – дейді салада отыз жылдан астам еңбек өтілі бар білікті маман, Техникалық шығармашылық орталығы директорының орынбасары Гүлнара Исмаилова.
Мұндағы «Судоүлгілеу» үйір­ме­сінің оқушылары «ГЕЛИКЕРРИЕР (Helicarrier)» құрылғысын құрас­ты­рып шық­қан. «ГЕЛИКЕРРИЕР –
бұл кез-келген жағдайда көпсалалы суда жүзетін және судың бетінен әуеге тік ұшатын кеме. Тек әскери нұсқада ғана емес, сонымен қатар теңіз-әуе тасымалдау, жедел жәрдем, құтқару, өрт сөндіру салаларында қолданылатын болады. Қолданысқа енсе, қоғам үшін, адамзат үшін игілігі мол болар еді», – дейді үйірме тәрбиеленушісі Інжу Ғалымжанқызы.
Оқушылардың қызығушылықтарын арттырып, талпыныстарын демеп, шығармашылығын шыңдайтын мұндай үйірмелерден ауыл балалары да тысқары емес.
Бүгінгі таңда Оқушылар «Үміт» сарайы
6 бағыт бойынша жұмыс жасауда. Биылғы оқу жылында кәсіптік бағдар бойынша «Имидж» студиясы ашылды. Бұл үйірме оқушыларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, белгілі маман иесі болуға тәрбиелейді. Оқушылар сарайында үйірмеге, студияға 1 101 оқушы біріктірілген, оның ішінде 917 оқушы ана тілінде, 184-і басқа тілде білім алуда.
– Жинақталған тәжірибе негізінде тұлғаның кәсіби қалыптасуы мен дамуына бағытталған сапалы қосымша білім алуы үшін жағдай жасалынып, көркемдік шығармашылық – 369 оқушы, техникалық – 90, спорттық – 48, оқыту бағыттары бойынша – 523 оқушы, кәсіптік –
31, өлкетану бойынша – 40 жасөспірім шығармашылығын жан-жақты шыңдап, қабілеттерін арттыра отырып, сапалы білім алуда. Осы үйірмелерге қатысқан оқушылар 1-жартыжылдықта 25 байқауға қатысты. Соның ішінде халықаралық – 9, республикалық – 10, облыстық 6 байқауға қатысып, алты бас жүлде, жеті I орынды иеленді, – дейді жарты ғасырға жуық тарихы бар Меркі ауданы Оқушылар «Үміт» сарайының директоры Зәуре Бейсенбаева.
Қорыта айтқанда, баланың үйірмеден үйренері көп. Бүгінгідей алмағайып заманда ата-ана мен ұстаздардың тәрбиесінен бөлек өнерге, спортқа, ғылымға баулитын бұл үйірмелердің де мақсаты ерек, маңызы бөлек. Сондықтан балаңыздың бос уақытын тиімді бағытқа бұрып, түзде телефонға, үйде компьютер маңына үймелетпей, үйірмеге беріп тағылымға үйір етіп өсіріңіз, құрметті ата-ана!

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.