Мәдениет

Оқырмандар онлайн қызметке оң бағасын беруде

Written by Aray2005

Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы көз нұрынан айырылған адамдарға тек өмір әйнегі, білім бұлағы ғана емес, қарым-қатынас орталығы. Дәл қазіргі уақытта арнаулы кітапхана қашықтық режиміне көшірілуіне байланысты оқырмандарға онлайн қызмет көрсетіп, күнделікті жұмыс істеуде.

«Саусақ ұшындағы әлем» тифлоқұралдар және «Бір ел – бір кітап», «Біздің өлкенің мақтаныштары» атты кітап көрмесі онлайн түрінде видео роликпен көрсетілді. Сонымен қатар зағип оқырмандарға абонементтік қызмет көрсету бөлімі әлеуметтік желілердегі Facebook, Instagram, YouTube арнасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президенттік сыйлықтың лауреаты, журналист-сатирик Көпен Әмірбектің 70 жасқа толуына орай «Күлкі – жанның шипасы» атты әзіл әңгіме өткізді.
Абайдың 175 жылдығына байланысты іс-шаралар жылдың басынан ұйымдастырылып келеді. Енді сол іс-шаралар қашықтық режимінде жалғасын табуда. Оқырмандарға онлайн түрінде Абайдың 175 жылдығына арналған кітап көрмесі насихатталды. Кітап көрмесіндегі дыбыстандырылған қара сөзі мен шығармалары видеомен және бедерлі-нүктелі қарпіндегі шығармалары зағип оқырмандарға ұсынылды. Кітапхананың I топ көз мүгедектері Әнуарбек Утелов, Сағымкүл Шадырқұлова, Нұрсұлтан Ақпаев, Қолғанат Оңғарбаева Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай ақынның «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» әндерін онлайн орындады.
Сондай-ақ Дүниежүзілік балалар кітабы күніне орай, «Онлайн марафон» жобасы аясында онлайн викториналық сұрақтар дайындалып, әлеуметтік желілер арқылы ұсынылды. Викториналық сұрақтар кітап әлемін, киелі Тараз өңірінің тарихын қамтыды. Сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Сиднейде өткен XXVII Олимпиада ойындарының чемпионы Бекзат Саттархановтың өмірі мен жеткен жетістіктері туралы деректер дауыстап оқылып, бейнебаян көрсетілді. Ал Дүниежүзілік кітап күніне орай, «Кітап – сарқылмас рухани қазына» тақырыбында онлайн дауыстап оқу өтті.

Н.КЕРІМБАЕВА,
облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін
азаматтар кітапханасының зағип оқырмандарға
абонементтік қызмет көрсету бөлімінің сектор жетекшісі

ПІКІР